"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Жалағашта жағымды жаңалық көп

ByQAA.kz

Қаң 13, 2022

Биылдыққа басшысы ауыспаған аудан – Жалағаш. Облысқа тиесілі ауданның қыры мен сырын біліп, ондағы әр мәселеге зер салып жүрген әкім Асылбек Шәменов өз жұмысын әдеттегідей жалғастыруда. Жалағаштан жағымды жаңалықтың көп болуына әуелден әрекеттеніп жүрген Асылбек Шәменовтың әрбір бастамасына аудан халқы да риза болысуда. Ауданда өткен жылы көпшілік қуанарлықтай, әрі әкім тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай жақсы жаңалықтар көп болды.

Мәселен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында облыс әкімінің қатысуымен аудан төрінде 30 шаңырақ шаттыққа кеңелген болатын.Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға пәтер кілттерін табыстап, олардың қоныс тойларына куә болды. Сондай-ақ, аудан әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана емес, білімді ұрпақтарының жарқын жетістіктерімен де көш басында. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін атап өткен болатын.Осыған орай, Жалағаш ауданы Темірбек Жүргенов атындағы № 123 мектеплицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Намурадин Айсана Қанатқызы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Медиа» – жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру бағыты бойынша 3 млн теңге грантының жеңімпазы атанды.Білімді жасты Президенттің өзі марапаттап, Ақорда төрінде құрметін көрсетті. Аталған ауданда жастардың біліктіліктерін арттыруға қолайлы жағдай жасалып жатқанын айғақтайды. Дәлел болсын, Мақпалкөл, Аққыр сияқты бірқатар ауылдардағы білім ошақтарының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, М.Шәменов ауылындағы апатты жағдайда деп танылған білім нысанының орнына жаңа мектеп бой көтерді.

Өткен жылдың жағымды жаңалықтарының тағы бірі – егіннің қуантарлықтай мөлшерде жиналуы. Сыр маржанының орнына суды аз қажет ететін 93 га жаздық бидай, 147 гектар жүгері, 30 гектар арпа, 443 га мақсары, 445 га жаңа жоңышқа мал азықтық дақылдар орналастырылған болатын. Ауданда шаруашылық құрылымдары егілген егінді сумен қамтамасыз ету үшін 53 әртүрлі қуаттағы су тартқыш насос қондырғыларын іске қосып, күрішті суға бастыру бағытындағы жұмыстары жүзеге асырған. Аудан әкімі Асылбек Шаменов Мәдениет ауылдық округіндегі «Сыр толқыны» шаруа қожалығы егін алқабына барып күрішке алғашқы орақты салған болатын. Бұл шаруашылықта заманға сай озық техникалармен қамтылған. Егістік алқаптың 391 гектар жеріне аталған күріш дәнін сеуіп, несібелерін жиып та алды. Көпке мәселе болған көгілдір отын Жалағашта шешім тапты. О рт а л ы қ т а н д ы р ы л ғ а н газ желісінен тұрғын үйге дейін газ желісін тартуға арнайы рұқсаты бар кәсіпкерлермен 1500 тұрғын үй қамтамасыз етілді. Аудан әкімінің сөзінше, аудан орталығына газ кіргізу жұмыстары 2019 жылдың қазан айында басталған болатын. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы негізінде жалпы құны 3 млрд 127,34 млн теңгені құрайтын жоба жалағаштықтар үшін берекелі бастаманың бірі болды деуге негіз бар.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған