Қала көркі сәулетті ғимараттар, ұзына бойына мұнтаздай таза, тақтайдай тегіс, қос қапталы әдемі суреттей безенген көшелер ғана емес қалаға көрік беретін және тұрғындар үшін бірінші қажеттіліктегі дүние тұрғын аудандардың әр тұсында болуы тиіс сквер, аллеялар.
Жол бойы жасыл желекпен көмкерілген аллеялар, шағын саябақ — скверлердің молынан қажеттігі Қызылорданың аптапты жазын да әсіресе байқалатыны да рас. Қаланың орталық тұсында бұл дүниелер ептеп қолданыста дегенмен, «шөл даладағы оазистей» жасыл алаңқайлар тұтас қалада әлі де жетіспейтін дүние. Жалпы жазғы ауа-райы жантөзгісіз аптапты Қызылорданы «баулары жайқалған» саялы қалаға айналдыру орындалмас арман болмаса керек. Бұған тұрғын жайларының айналасын бау-бақшаға орап тұрғындардың өздері де атсалысуы парыз дегенмен көп тұста аяқ су мәселесі деген бар. Жә делік…
Сонымен тұрғындар игілігіне қала аумағында және бір көкорайлы демалыс аймағы жасалмақ. Сонау жылдары «Елорданың «Бәйтерегі» сынды Қызылорданың символы болады» деп жарнамаланып бой көтерген «Сыр Ана» монументі айналасы абаттандырылып көпшілікке игілікті қызметке жарамақ. «Сыр Ана» деп аты әуелеп тұрған символикалық белгінің біраз уақыт «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» дегендей қараусыз дүниедей қаңырап тұрғаны рас-тын. Жыл басында басшылық монумент аумағын қайта жаңғыртып, халық демалатын орынға айналдыратын жоспары барын айтқан. Жоспарлы жұмыс бүгінде басталып жатыр екен. Қайта жаңғырту жұмысын Қызылорда аумағына белгілі құрылыс компанияларының бірі (облыс орталығындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерді, әуежайдан кіреберістегі қақпаны тұрғызған, т.б) «ТехоснасткаРемсервис» ЖШС жүргізген.
Күні кеше аумағы қайта жөнделмек нысан басына барған болатынбыз. Әзірге монумент айналасындағы плита жабындылары алынып тасталып, ой жер биіктетіліп құм төселіп тегістеліп жатыр екен. Жұмыс барысында бірді екілі техника, жұмысшылар жүргенін көрдік. Нысан басындағы шағын вогонға қарай бара бергенімізде серіктестіктің аға инженері Юрий Намға жолықтық. Жөнімізді айтып, атқарылмақ жұмыс жайын сұрадық. Бас инженер нысанда қайта жаңғырту жұмысын жүргізу үшін өткізілген байқауда
«Техоснастка-Ремсервис» ЖШС мердігер ретінде анықталғанын атап өтіп, ауқымды жұмыс атқарылмақтығын жеткізді. Атап айтқанда аймақ жері тегістеліп, плиткалар төселеді. Газон, гүлмен көмкеріліп дегендей көгалдандырылады. Атшаптырым аумақта автотұрақ та қарастырылмақ. Демалыс орнының ажарын ашып, аптапты жазда салқын саф ауа бүркіп тұратын әдемі су бұрқақ орнатылмақ. Бір сөзбен айтқанда таяу аралықта «Сыр Ана» қызылордалықтар мен қала қонақтары үшін көзайым да жайлы демалыс орнына айналады. «Жұмысты енді ғана бастап жатырмыз. Күзге қарай пайдалануға береміз- дейді Ю.Нам атқарылған жұмыстарды тізбектей келіп.
Қалай болғанда да қызылордалықтар игілігне қызмет ететін, қала көркіне айналатын тағы бір игі іс бастау алды. Игілік орнатар құрылысшы жұмысына сәттілік дейміз біз де.
Ж.ҒАППАРҚЫЗЫ