QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР КЕРЕК

ByQAA.kz

Ақп 5, 2021

Ауыл – ол кең дүние есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» – дегендей, ауыл көркейсе,
халық өмірі жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Ауыл – қазақтың алтын бесігі, салт – дәстүрі, өлең-жыры, өнері, мәдениет пен адамгершілік ортасы. Сөз өрнегін оймақтап, жырдан кесте тіккен ақын жазушыларымызда, ән өрнегін айшықтаған сазгер, күйшілеріміз де, аты аңызға айналған даналарымызда сол қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан. Ауыл – тәрбие бесігі. Ауыл дегенде маңыраған мал, түтіні будақтаған самаурын, қой баққан бала, қыр басында алысқа көз тіккен ата, қазан басында құрт жайған әже ойымызға оралады. Қазақтың дүниетамында ауыл ұғымының берік орын алатыны бәрімізге белгілі. Елімізде соңғы жылдары ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл – құптарлық жайт. Себебі, ауыл өркендемей ел өркендемейді. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі де ауыл шаруашылығына тікелей қатысты екенін жақсы білеміз.

Сонымен қатар, руханият пен мәдениеттің де алтын бесігі. Ұлттық болмысымыз, ұлттық құндылықтар ең алдымен ауыл топырағында қалыптасатынын ұмытпайық. Ауыл – ежелден қазақтың алтын бесігі,
алтын ұясы. Осы ұядан қаншама саңлақтар ұшып шықты десеңізші! Жалпы, барша өркениет пен мәдениеттің шыңына жеткен жандардың көпшілігі ауылдан шыққаны баршамызға белгілі.
Қазіргі ауыл қаламен теңескен, өйткені, қалаға қарасты ауылдарда әлеуметтік мәселелер толықтай шешілген. Халықтың жайлы тұрмыс
кешуі үшін қажетті нәрселердің бәрі – табиғи газ, ауыз су, жоғары кернеулі электр қуаты, телефон, интернет байланысы желілері тартылып, білім беру, денсаулық сақтау, сауда, мәдениет ошақтары тұрғызылған. Бүгінде ауылдардың дамуына тәуелсіз мемлекеттің саясаты жағымды ықпал етуде. Себебі біздің XXI ғасырға тән жаңа индустриалды қалалық өркениетінің келуі ауылдардың қарқынды дамуына кері әсер етпеуі керек. Тек мемлекеттің қатысуымен ғана емес, сонымен қатар бизнестің көмегімен жекеменшік шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар жылдан жылға көбейіп келе жатыр. «Қазақстан 2030-2050 стратегиясында» Елбасы жастарға: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа білімді, жаңа дағдыларды меңгеруге,
күнделікті өмірде білім мен технологияларды шебер және тиімді пайдалануға тиіс» деп үндейді. Шынында да, біз бақытты ұрпақпыз, өйткені бәрі өзімізге байланысты. Біз болашақты жасаған аға
буынның үміті мен армандарын ақтағымыз келеді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Елбасымыз жастарға тікелей үміт артатынын жеткізген. Иә, расында ауылдың, мемлекеттің көркеюі
жастардың қолында. Тәрбие тал бесіктен бастау алады десек,
сәмбі талдың иіліп тал бесікке айналар орны ауыл екені бесенеден белгілі. Халықтың игі мәдени дәстүрлері: ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлылық, имандылық, барлық үлгіөнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек, адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек қателеспейміз. Бүгінгі ғұлама да, ақын
да, дана да кешегі ауылда асыр салып ойнап, ауылда өсіп, тәрбиеленгені тағы да бар. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай ауыл өмірінде біте қайнасып сақталып келеді. Аранын
ашқан, жолындағының бәрін жойқын күшпен еріксіз ілестіріп келе жатқан жаhандану дәуірінде иманды ұл мен ибалы қыз тәрбиесінде ауылдық тәрбиенің орны ерекше. Ұлттық сана-сезім, рухани
байлықтың қайнар көзі де ауылда. Кішіпейілділік, бауырмалдылық сынды асыл қасиеттерді ауыл ақсақалдары мен абыздарының, дуалы ауыз қариялары мен ақ жаулықты аналарының тәрбиесінен аларымыз сөзсіз. Барлығымыздың алтын тамырымыз ауыл
екенін біліп қана қоймай, соны жастарға насихаттауға, ауылды дамытуға, буынаралық байланысты қалпына келтіруге бар ынтажігерімізбен жұмыс жасауымыз керек. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр жұртшылығы үшін ауылды көтеру өзекті мәселе. Қазіргі таңда бұл бағытта жасалып жатқан игі істер ұшан-теңіз, тек солар тоқтап қалмай, жалғасын тауып, ауыл инфрақұрылымының дамуына өзіндік үлесін қосса деген тілек бар. Жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті
қабылдау үшін ең алдымен ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт. Біздің қоғамда терең білім мен зерделі ғылымды дамыту жолға қойылғанымен ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтау мәселесі ақсап жататыны ақиқат. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді Әуезов. Кез келген
мемлекет өзінің алға қарай қарқынды дамуын, болашақ жетістіктерін өсіп келе жатқан өскелең ұрпақпен байланыстырады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы жастардың қолында» деп атап айтқан болатын.

Сондай-ақ, сол жастардың ел саясатына араласуына, ұлттық құндылықтарымызға ізгілікпен қарауына
барлық жағдай жасап отыр. Қазіргі таңда жұртшылықтың назарын өзіне аударып, дамудың даңғыл жолына түскен ауылдардың қатары көбейіп келеді. Сондай ауылдың бірі – Қарауылтөбе ауылдық округі. Бұл ауылда былтырғы жылы атқарылған жұмыстардың қарасы қалың. Бұл туралы ауыл әкімі Тайманов Сейілбек Абзалұлы өткізілген есеп беру жиынында баяндады. Ең алдымен коммуналдық сала
бойынша 2020 жылы қалалық бюджеттен 81,8 млн. теңге қаржы
бөлініп, Ж.Әбдіхалықов көшесінің (ұзындығы 400 метр) бас жағына және А.Құнанбаев көшесінің (ұзындығы 300 метр) аяғына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілсе, А.Құнанбаев көшесі (ұзындығы 1,3 шақырым) мен Ж.Әбдіхалықов көшесіне (ұзындығы 1,6 шақырым) орташа жол жөндеу (асфальт) жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен бірге, үнемделген қаражат есебінен 1,5 млн теңгеге А.Құнанбаев көшесінің (ұзындығы 300 метр) бас жағына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында 1,9 млн. мың теңге қаржыға Абай тұйығына қиыршық тас төселді. Сондай-ақ, округке кіре-беріс жолда орналасқан округ атауы жазылған аркаға үнемделген қаражат есебінен 681 мың теңгеге безендіру жұмыстары жүргізіліп, түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Округте 150 орындық клуб құрылысын салу үшін 5000,0 ш.м жер учаскесі табысталып, жобалық сметалық құжаттар және мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін жергілікті бюджеттен 9,5 млн теңге қаралып, құрылыстың жобалық сметалық құжаттары дайындалып, тиісті қорытынды алу
үшін мемлекеттік сараптамаға жолданды. Одан кейін кәсіпкерлік саласы бойынша округте жыл басынан бастап 5 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 9 ай қорытындысымен 88 бірлікті құраса, аталған кәсіпкерлік нысандардан жаңадан 15 жұмыс орны
ашылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында, «Қызылорда
өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 4 жоба қолдау тауып, 11 млн. теңгеге несие алынды.
Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорына жыл көлемінде 10 жоба ұсынылып, барлық жобалар қолдау тауып 49,1 млн. теңге несиге қол жеткізді.


«Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы арқылы 13 млн. теңгеге 2 жоба қолдау тауып, сүт бағытында және мүйізді ірі
қара малының санын көбейту бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл жоба бойынша 4 адам жұмыспен қамтылды.
Ауылдық округте Ы.Жахаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС күріш ауыл шаруашылық дақылдарын егумен айналысады.
2020 жылы жалпы егіс көлемі: 970 гектар болса, оның ішінде күріш – 630 га, арпа, сұлы, бидай – 125 га, мақсары – 40 га және қант құмайы (сорга) – 70 га, ғылыми-зертеулер бойынша егістер – 105 гектарды құрады. 2020 жылы өндірілген күріш өнімі орта есеппен
гектарына 35 центнерді құрады. Ал, мал азығы бойынша шөп–690 тонна, жоңышқа–1060 тонна дайындалды. Білім саласы негізінде 2019-2020 оқу жылында 1 оқушы «Алтын белгі», 2 оқушы «Үздік
аттестат» иеленді. 11 түлек грант иегері атанып, ұлттық бірыңғай
тестілеуде орташа – 58,8 баллды құрады. (2019 жылы орташа балл -93,3) Есепті мерзімде ауылдағы тұрмысы төмен, аз қамтылған 102 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жалпы соммасы 25,1 млн. теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Жыл басынан бері қайырымдылық, қамқорлық акциялары аясында, рамазан айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы 30 отбасына
азық–түлік таратылса, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен және ауыл жастарынан құралған еріктілер тобының ұйымдастыруымен округтегі тұрмысы төмен 46 отбасы азық-түлікпен
қамтамасыз етілді. «Ринад и К» ЖК-нің қолдауымен 40 тұрмысы
төмен отбасына ақ күріш өнімі таратылса, «ЕлАрай» қоғамдық қоры, «Ы.Жахаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және «НұрОтан» партиясы «БІРГЕМІЗ» қорының демеушілігімен 121 тұрмысы төмен отбасына азық–түлік пен қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, қыс мезгілінде жылу маусымына байланысты «Ел-Арай» қоғамдық қорынан 8 тонна, жергілікті кәсіпкер А.Бекішов 8 тонна, округтегі мешіт имамының ұйымдастыруымен 14 тонна көмір тұрмысы төмен отбасыларына таратылды. Ауылдық округте қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылық басты назарға алынған. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті учаскелік полиция қызметкерімен бірлесіп
тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылуда және еліміздегі орын алған пандемияға қатысты карантиндік режимдегі шектеулерді қоғамдық орындарда сақтау бойынша тиісті түсіндірме
жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды өнерге баулу мақсатында ауылдық
клуб жанынан 5 үйірме жұмыс жасауда. Жыл көлемінде ауылдық округте 59 мәдени шара өткізіліп, еліміздегі жарияланған пандемияға
байланысты карантин ережелерін сақтау мақсатында 48 мәдени шара онлайн түрде өткізіліп, 2020 жылдың қаңтар, ақпан айларында 11 шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылды. Қарауылтөбе фельдшерлік-акушерлік пункті ауыл халқына өз қызметін көрсетіп келеді. 2020 жылы 45 бала дүние келген (2019 жылы 67 бала).
2020 жылы ауылдық округтің бюджеті 134, 6 млн. теңгені құрады. Оның ішінде салықтық түсімдер 4,2 млн. теңге, субвенция 39,3 млн.
теңге және облыстық трансферттен 83,5 млн. теңгені құрап, 28,9 пайызға өскен. (2019 жылғы бюджет – 104 млн 406 мың теңге).
Басқа да қаржы қажет ететін жұмыстарға алдағы бюджеттен қаржы тарту шаралары қолға алынып, тиісті жұмыстар жалғасын табады деген үміттеміз. Ендігі мақсат – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету


Учаскелік полиция инспекторы Мақұлбеков Қуандық мырзаның мәліметі бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындары тарапынан 174
шағым түскен. Аталған арыз-шағым бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар, ауылдық округ бойынша барлығы 1
қылмыстық іс тіркеліп, ашылмаған қылмыс бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда (мал ұрлығы дерегі бойынша).
Сондай-ақ жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауылдық округтегі №179 орта мектеп
оқушыларымен карантин талаптарын сақтай отырып, онлайн форматта кездесу өткізілді. Тағы да айта кетерлік жайт мектепке жақын орналасқан дүкендерде темекі жәнге алкогольді
ішімдіктер сатылмауы үшін қатаң бақылау жүргізіліп, дүкен иелеріне түсіндірме жұмыстары және де ескертулер айтылды.
Ата-аналарға балаларды түнгі уақытта өздігінше бей-берекет жүрмеуін қатаң қадағалап, бала тәрбиесіне назар аударылып, қадағалау нәтижесінде түсіндірме жұмыстары атқарылып,
мектеп жанынан құрылған педагогикалық-патрульдік ұйымның мүшелері түнгі рейд жұмыстарын атқарды.


Сөз соңында «Қарауылтөбе ауылдық округінде қоғамдық сақтық шараларының бұзылмауы үшін тұрғындарының қауіпсіздігін қатаң бақылау үшін және де қылмыстық істердің дер кезінде шешілуін
қамтамасыз ету үшін жұмыстар атқарылатын болады», – деді.
Есептік жиында ауылдық округ тұрғындары атқарылған жұмыстар жөнінде өздерінің ұсыныс, пікірлерін білдіріп, округ әкіміне көкейлерінде жүрген сауалдарды жолдады. Әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға халықтың берер бағасы жоғары. Ауыл тұрғындары барлық істің басы қасында жүрген ауылдық округ әкіміне дән риза. Жиын соңында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Темірбекұлы алдағы атқарылатын жұмыстарға
сәттілік тілеп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерінің өз шешімін табатынына сенім білдірді. Қорыта келе, ауыл – тағылымды тәлімтәрбиенің ордасы. Қазақы қасиеттер ауылдан бастау алады. Міне, сондықтан да ауыл қамқорлықтан, көмектен кенде қалмауы керек. Қолдан келсе ауылды көркейтіп, гүлдендіру қажет. Ауылдың шын мәнінде ел бесігіне айналып, ірі мегаполистерді отандық ауыл шаруашылығы өнімімен артығымен қамтамасыз ете алатын деңгейге көтеріле алатынына да сеніммен қарау керек. Сонда ғана ауылдық округтердің атқарып жатқан жұмыстары оң нәтижеге қол жеткізеді.


Аружан ЕРАЛЫ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған