QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Жаңалар қаланы жаңартады?…

ByQAA.kz

Мау 8, 2020

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткізілетін аппараттық отырыс біршама үзілістен кейін қайта жалғасты. Сақтық шаралар ескерілді, жиынға қатысушылар арасында қашықтық сақталды. Айтпағымыз ол емес, әкімнің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралған мәселелерді тарқатайық.

ҚАЛАНЫҢ ЖАҢА ИДЕОЛОГЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Қала әкімінің әлеуметтік-саяси жөніндегі орынбасары қызметіне осыдан бір жыл бұрын тағайындалған Мира Қазбекова жаңа қызметке орналасты. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының креслосына жайғасқан Мира Жомартқызын отырыс басында қала әкімі арнайы құттықтап, құрмет грамотасын табыстады. Орынбасарына қала тыныс-тіршілігінің жандануына қосқан үлесі үшін алғысын жеткізіп, жаңа қызметте де абырой биігінен көрінуін тіледі.

Іле-шала, әкім бұл лауазымның жаңа иесін таныстырды. Бүгінге дейін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарған Асқарбек Есжановты қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындады. Еңбек жолын оқытушылықтан бастаған ол колледж директорының орынбасары болған. Одан кейінгі қызметтік сатысын білім, мәдениет салаларымен ұштастырып келеді. Сондай-ақ, сот орындарында да жауапты қызметтерді атқарған. Одан бөлек, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы, қала әкімінің аппарат басшысы, қалалық білім бөлімінің басшысы, қалалық мәслихаттың аппарат басшысы қызметтерінде біліктілігін таныта білген.

– Қала мәдениетінің өрістеуіне қосқан үлесіңіз көпшілікке аян. Еңбек жолыңыздың барлық сатысын абыроймен атқарып келесіз. Бұл жаңа қызметте де жауапкершілікті ескересіз деген үміттемін,– деп қала әкімі сенім білдірді.

АППАРАТТЫ ЖАҢА БАСШЫ БАСҚАРАДЫ

Бұған дейін қала әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келген Ғалымжан Рахметов «Қызылорда қалалық мәслихатының аппараты» ММ-нің аппарат басшысы лауазымына тағайындалды. Ал Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметіне Жанмұрат Сейілов орналасты. Жаңа басшы еңбек жолын Қызылорда облысы әкімі аппаратының кадр жұмысы бөлімінде штаттан тыс инспекторы болып бастаған. Облыстық және қалалық әкімдікте біршама лауазымды қызметтерді атқарған. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы, облыстық ішкі саясат басқармасы ақпараттық-саясат және бұқаралық ақпарат құралдары мониторингі бөлімінің бас маманы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы-әкімнің көмекшісі, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, қалалық мәслихатының аппарат басшысы қызметтерін атқарған.

– Абырой биігінен көрініп жұмыс жасайтыныңызға сенім білдіреміз. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілейміз, – деген қала басшысы Жанмұрат Сейіловке кәсіби біліктілігін танытуына мүмкіндік берді.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған