Бүгін Қызылорда облысы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық соттың ұйымдастыруымен «Жаңадан құрылған әкімшілік алқа мен мамандандырылған әкімшілік соттың 1 айда атқарған жұмыстары» тақырыбында брифинг өтті.
Брифингке спикерлер ретінде Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Оспанова, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Гүлжан Мырзатаева мен осы соттың судьясы Медетбек Сәрсенов қатысты.
Шараны ашқан спикер Жанат Оспанова 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік-рәсімдік процестік Кодексі күшіне еніп, республикада жаңадан әкімшілік алқа мен мамандандырылған әкімшілік соттар құрылғанын, әкімшілік іс жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулар қаралатынын айтып өтті. Ол өз сөзінде: «Әкімшілік істер бойынша талап қоюларды азаматтар аудандық соттарға да беруге құқылы, ол үшін арызданушының өтініші соттылыққа байланысты, тұратын жері бойынша мамандандырылған соттың және талап кәсіпкерлікпен байланысты болмауы керек. Ағымдағы жылдың шілде айында облыс көлемінде 54 талап қою түскен болса, оның 7 талап қою әкімшілік сотта қарауға жатпады», – деді Ж.Оспанова.
Гүлжан Мырзатаева өз сөзінде Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік соты ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік істерді қарау жұмысын бастағанын айтып, бүгінгі күнге дейін соттың өндірісіне 49 әкімшілік іс, оның ішінде дау айту туралы талап қою – 45 іс, әрекет жасау туралы талап қою – 4 іс түскенін жеткізді.
Істер санаттар бойынша мемлекеттік сатып алу – 11 іс, жер дауы – 3 іс, еңбек дауы бойынша – 3 іс, сот орындаушыларының әрекетіне дау айту – 11 іс, салық дауы – 7 іс, монополияға қарсы дау – 2 іс, мүлік дауы – 4 іс, өзге де талап қою бойынша – 8 іс. Аталған істер бойынша қазіргі уақытта алдын-ала тыңдау жүргізіліп, қарауға дайындау әрекеттер жүргізілуде.
Брифинг барысында Медетбек Сәрсенов процестік мәжбүрлеу шараларын оның ішінде ақашай өндірулер туралы нақты түсіндірме беріп өтті. М.Сәрсенов: «Бақылау функциясы: Әкімшілік істер бойынша соттың заңды күшіне енген сот актілері, соттар мен судьялардың тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары, басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдар, барлық тұлғалар үшін міндетті. Сот шешімдерінің орындалуы соттың ұдайы бақылауында болады. Сот актілерін орындамау процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіз болып табылады. Жауапкер соттың шешімін, татуласу рәсімдерін жүргізу нәтижесінде жасалған келсімдерді бекіту туралы ұйғарымды орындамаса, оған 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Әрі қарай тағы орындамауды жалғастырса қайтадан қосымша оған осы шаралар қолданылады», – деді.
Іс-шара соңында спикерлер журналистердің сауалдарына жауап берді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі