QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Жаңа Жолдау – жарқын бастама!

ByQAA.kz

Қаз 28, 2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, ұтымды ұсыныстар, кесімді пікірлер айтылып, үкіметке түрлі тапсырмалар берілді. Президент жолдауының басым бөлігі дағдарыстан кейінгі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналған. Covid-19 пандемиясы Қазақстан экономикасына едәуір әсерін тигізді. Оның салдарынан елімізде мыңдаған кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін тоқтатты. Пандемия Қазақстандағы экономикалық үдерістердің қарқынын бәсеңдетті. Сондықтан, Тоқаевтың тапсырмасымен, елде жаңа ведомстволар құрылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысына тікелей бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құруды тапсырды. Сонымен қатар, президент тапсырмасымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылады.

Жолдауының басында Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті. Сонымен қатар, шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Мемлекет басшысы үнемделген қаражат арқылы қалған қызметкерлердің жалақысы арттырылатынын айтты.

Сондай-ақ, тұрғындар үшін жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі – зейнетақыға қатысты. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Бұл реформа тұрғындарға зейнетақы жинағына ақша салуға стимул болады.

Жолдау барысында білім беру саласын да айналып өтпеді. Ол қашықтан білім беру үшін әлі нақты онлайн-платформа жасалмағанын сынады. Сондықтан, ол «Толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бір онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» екенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер мәселесіне тоқталып, олардың жалақысы өсетінін айтты.

Мұғалімдерден бөлек Тоқаев дәрігерлерді де ұмыт қалдырмады. Ол пандемия бұл саланың қандай маңызды екенін көрсеткенін айтты. «Пандемия әкелген дағдарыс көп нәрсені үйретті. Мысалы, дәрігерлер еңбегін бағалау. Себебі бұрын медицина қызметкерлері мемлекеттің назарынан тыс қалған еді. Мамандықтың маңызы материалдық көмекпен де анықталу керек», – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан Тоқаев медицина қызметкерлеріне екінші жарты жылдыққа төлемақы ретінде 150 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді тапсырды.

Президент Жолдауы шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп, ол бойынша іс-шаралар жоспары жасалатыны да заңды.

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Ең бастысы, халық Мемлекет басшысының қолдауын сезініп отыр және Жолдауда айтылған барлық бастамаларын бірауыздан қолдайды.

Қызылорда облысының Әділет департаментінің

Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің

бас маманы С.Калтаева

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған