QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Жаңа жолдау жаңа бастамалар

ByQAA.kz

Қаң 27, 2021

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Бұл Тоқаевтың екінші жолдауы. Ол алғашқы жолдауын 2019 жылы 2 қыркүйек күні жасаған болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында бірқатар мәселе көтеріп, үкіметке түрлі тапсырма берді. Оның ішінде шенеуніктерді қысқарту, мұғалімдердің жалақысын көбейту бар. Сондай-ақ, елімізде жаңа агенттіктер мен министрлік құрылатындығы айтылды.

Жолдауының басында Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті.

«Мемлекеттік қызметтің жүйесін қайта қарау керек. Пандемия мен мемлекеттік органдағы көптеген қызметкерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру мемаппаратты қысқарту керек екенін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз», – деді.

Тұрғындар үшін жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі – зейнетақыға қатысты. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады.

«Менің тапсырмамның аясында тұрғындар зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл – қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деді Президент жолдауында.

Тоқаевтың айтуынша, бұл реформа тұрғындарға зейнетақы жинағына ақша салуға стимул болады.

Жолдаудағы қозғалған ерекше мәселелердің бірі – Жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілін енгізу.

Президент елдегі жемқорлықпен күрес мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері енгізілуі керек.

Тоқаев жемқорлық мәселесіне қоғамды тарту маңызды екенін атап өтті.

«Біз мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек.

Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін

арттыра түсіру керек. Оларды сатып алуларды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту керек, – деді Тоқаев.

Алдағы бір жылдық кезеңге арналған толымды істер мен нақты әрекеттердің бағдары іспетті құжаттың құндылығы оның сараптамалық-талдамалық мазмұнының аса қанық сипатымен айшықталады. Шынында да, Мемлекет басшысының әр сөзінің астарында зерделі көзқарас пен биік парасаттың көрінісі мен мұндалап тұр. Барлық бағыттарды қамтитын әр тапсырманың тамырында іргелі негіздеме мен қапысыз қисын жатыр.

Қысқасы, жаңа Жолдауды жағымды бастамалар жиынтығы ретінде қабылдауға толық негіз бар. Оның жүйелі жүзеге асырылуы – елдің ертенгі күні кемелдене түсуінің кепілі.

Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі

Ермаханов Ғазиз Аманбайұлы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған