QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Жаңа кодекс хақында

Автор:QAA.kz

Мар 26, 2021

Қызылорда облысы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық соттың ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті түсіндіру мақсатында брифинг өтті.

Брифингті Қызылорда облыстық сотының судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Маликова, облыстық соттың судьясы Светлана Жуынтаева және қалалық соттың судьясы Гүлжан Мырзатаева жүргізді.

Брифинг барысында С.Жуынтаева өткен жылдың 29 маусымында республика тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданғанын, Кодекс ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетінін айтып өтті. Ол өз сөзінде әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі бойынша сотқа төрт түрлі талап қоюмен, яғни дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қоюлармен жүгінуге болатынын, әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалатынын жеткізді.

Спикер Г.Мырзатаева кодекстегі баптарға жеке-жеке тоқталды. «Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады», — деді Г.Мырзатаева.

Ш.Маликова өз сөзінде «Сот бақылауы» тарауын тарқатып айтып берді. Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

Уәкілетті органның әкімшілік іс жүргізу бойынша әрекетіне келіспеген жағдайда, азамат 44-тарауда белгіленген тәртіппен әкімшілік сотқа шағымдануға құқылы. Алайда, қарапайым азаматтың күші мемлекеттік аппараттың күшімен пропорционалды емес және салыстыруға келмейді. Жаңа заңнама бойынша судьялар мемлекеттік органдар мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып отырмайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға құзырлы.

Іс-шара соңында спикерлер журналистердің сауалдарына жауап берді.

Жаңа заңнама талаптарын жүзеге асыру мақсатында осы Кодекс аясында жария-құқықтық қатынастардан туындаған дауларды жаңа талаптармен қарайтын 21 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты республикада ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қызметін бастайды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *