QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖҮЗ МЫҢДЫ АЛҒАН КІМ?

Автор:QAA.kz

Окт 14, 2021

Бұл күні ауа-райы жылы болып, қатысушыларымыз әдепкі күндердегідей аса қатты жаурай қоймады. Біздің Қызылордамыздың қала күні жақындап келеді. Осы орайда мерекеге байланысты бірқатар шаралар өткізу жоспарда бар. Өткен аптаның сенбісінде аймақтың, көрші облыстардың желдей жүйріктері жиналып, бірбірімен жарыспасы бар ма…

Өзіміздің Сыр Ана монументі маңында таңғы 8-ден өте келіп алып, денелерін қыздырып, алыс-жақын қашықтықта жүгіріп жүргендер көп болды. Арасында жасы жетпістен асқан өзіміздің корей атамыз да бар. Біздің үлкендер жарысты естімедік, көрмедік деп отырғанын айтпасақ та білеміз.

Барлығы жиналып қала әкімін күтті. Әдеттегі ресми киіммен келіп, бір-екі ауыз тілек білдіріп кетеме деп едік, ол да спорттық киімін киіп алып, жүгіруге қамданып келіпті.

— Шынайы пейілдеріңізбен қастерлі мекеніміздің мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға қатысуға белсенділік танытқандарыңызға алғысымды айтамын. Қала көшелерінің бойымен жөңкіген бұлттармен жарыса межеге жеңіл жетулеріңізге сәттілік тілеймін. Жүгіруді дағдыға айналдырған тұрғындарымыздың саны арта берсін! Сүйікті қаламыздың төл мерекесі құтты болсын!, — деп лебізін білдірді қала әкімі.

Сыр Ананың маңындағы кішігірім сахнаға нұсқаушы, жаттықтырушы шығып қатысушылардың денелерін қыздыруға арналған жаттығуларды көрсетіп, бір шынықтырып алды.

Әр қатысушыға реттік нөмір беріліп, оны кеуделеріне жапсырып қойды. 1 деген нөмірдің әкімге, 2 деген нөмірі орынбасарына берілгені түсініктіақ.

Айтпақшы, бұл шара спорттықмәдени болғандықтан, күні бұрын бұрыңғы саласын осы мәдениет пен білімге ауыстырған орынбасар Бектас Нұридинов те жарыста бақ сынады.

Сонымен «старттың» қасына барлығы үйіліп, аспанған атылған арнайы тапаншаның даусын тосты. Дем арасында тарсылдаған дыбыстан кейін барлығы бірдей жүрігіп бастады. Жолдың шетіне шығып, жаяуларға жол берген көліктер көп болды. Полицияның көліктері жолдағының бәрін шетке ығыстырып, жүгірушілерге жағдай жасап әлек. Жетпістен асқан ақсақал марафоншының қамын ойлап жедел жәрдем көлігі де шақыртылды. Не боларын кім білсін…

Марафоншылар Сұлтан Бейбарыс даңғылынан Назарбаевтың бойымен тура Абай көшесіне дейін ызғып жүгіріп шықты. Шаршағандар артта қалды. Тек санаулылар ғана қатардың алдынан көрінді. Жүгіріп бастаған қала әкімі шамамен 200 метрге жетпей ентігіп, облыс әкімдігі ғимаратының тұсына келгенде шаршап қалды. 10 шақырым жүгіріс кім-кімге де жеңіл соқпады.

Бір кезде қатардың басында барлығын артқа тастап, шаршамай ызғып жүгіріп келген Рахымжан Келмановқа көшедегілердің барлығы айхайлап, рух беріп мәз… Марафоншылар жүгіріп өтетін бірнеше тұсқа ұйымдастырушылар су қойып, қазақтың рухты әуендерін қосып қойыпты. Келманов қатысушыларға амал қалдырмады. Демікпей, шаршамай он шақырымды жарты сағаттан аса уақытта ызғып өтті.

Жүгіретін 10 шақырым жол Сыр Ана монументінен Темір Жол саябағына дейін болатын. Оның өзінде қаланың күретамыр, қайнап жатқан жолдары арқылы жүгіру керек еді. Бұл сызба бостан бос таңдалған жоқ. Дәл осы көшелер қаламыздың құрылуында ерекше орын алатын, жұрттың сүйетін, серуен құратын жерлері болған еді. Осылайша Темір Жол саябағына жетіп, Рахымжанның лентаны құдды бір олимпиададағыдай үзіп шыққанына куә болдық. Сөйтсек, оның өзі осымен 10 жылдай уақыт жеңіл атлетикамен айналысады екен.

— Жарыстың ұйымдастырылуы өте жақсы. Бұған дейін Алматы қаласындағы марафонда жүгіруден жаңа уақыт орнатқан едім. Бүгін Қызылорда қаласында осы жеңісімді қайталадым. Жүгіру спорты ең оңай спорт, аяқ киіммен жеңіл киім болса болды, жүгіре бересің,- дейді спортшы Рахымжан Келманов.

Темір Жол саябағында елдің туын желбіретіп, жүгіргіштерді тосқандар көп болды. Балалар жиналып, бірбірін қолдауға келіпті. Жарысқа шамамен 60-70 тей адам қатысқан. Мәреге жеткендері санаулы болды. Александр ақсақал не болса да күш жігерін салып, жүгіріп келді. Өзін жақсы сезініп отырды. Көпке үлгі бұл ісі жастарға ой қалдырар деп ойлаймыз. 1 орынды иеленген жеңімпаздарға 100 мың теңге, екінші орынға 75 мың теңге және үшінші орынға 50 мың теңгелік қаржылай сыйақы берілді.

Алайда, бұл жарыста екі бірінші, екі екінші, екі үшінші орын қатар болды. Ең бірінші келген жүйрікке және қыздар арасынан ең бірінші келген марафоншылардың екеуі де 100 000 теңгені иеленді. Сонау солтүстік өңірден де қатысушылар келіп, жүлделі орынды иеленді.

Марафон легінде ерлер арасындағы номинациялармен марапатталғандар қатарынан көрінген Д.Баймаханов «Белсене қатысқаны үшін», Ж. Сағынай мен Н.Еменбаев «Тәуелсіздік құрдасы», 74 жастағы қызылордалық Александр Ким «Ең жасы үлкен марафоншы» номинациясын иеленсе, әйелдер арасында Н.Жұманова «Белсене қатысқаны үшін» және И.Юнгкинд «Ең жасы үлкен марафоншы» номинациясымен марапатталды.

 Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *