QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Жәрмеңкенің жалғасатыны жақсы болды

Автор:QAA.kz

Сен 28, 2020

Сыр елінің бас шаһары Қызылорданың 202 жылдық мерей тойына орай жәрмеңке ұйымдастырылды. Қаланың түрлі мөлтек аудандарында ұйымдастырылған әр жәрмеңкеге өңіріміздің жеті ауданы да белсене атсалысты. ­Қаланың жәрмеңкесі болса орталық тағзым алаңында ұйымдастырылды. Таңғы сағат жетінің өзінде бұнда жұрттың қарасы қалың болды. Тіпті түскі уақытқа жетер жетпестен босаған азық-түлік көліктері қайта бастады. Әдеттегідей қалаға қарасты ауыл-аймақтың бақша өнімдері және жергілікті ірі сауда базарларының сатушылары да жәрмеңкеде сауда-саттық жасады.

Әр саудагер ырымын жасап «ара қашықтық 1,5 метр» деген қағазын іліп қойыпты. Алайда, сауда бар жерде ине шаншыр орынның болмайтыны шындық.

Қалаға қарасты Қосшыңырау, Ақсуат, Талсуат, Қызылөзек, Қызылжарма сынды ауылдардың өнімдері жұрт назарында болды. Ел білетін тауар шығарушылардан «Абай Дәулет», «Абзал и К» сынды  танымалдары да қатысты. Сатушылар бұл жәрмеңкедегі баға базар құнынан 15-20 пайыз төмен деп сендірді. Жалпы аудан мен қаланың жәрмеңкелерінде тұрғындар көп тұтынатын картоп пен жуа және сәбіз сынды өнімдер жақсы сатылды. Картоптың бағасы 100 теңгенің шамасында болса, жуа 75 теңгеден сатылды. «Ет дегенде бет бар ма?» демекші биылғы жәрмеңкеде сиыр еті 1600 теңге болса, жылқы еті 1800 теңгеден сатылды.

Бір уақыттары ел күріштің қымбаттауын сөз еткен болатын. Бұл жәрмеңкеде күріштің келісі 220-225 теңге аралығында болды. Қалаға қарасты ауылдар өздері өсірген өнімдерін сатуға қойған. Ал базар сатушылары өнімдерін  үйреншікті орындары Сарағаш сынды өңірлерден алып келген.

Жәрмеңкенің ұраны: «егін алқабынан базар сөресіне дейін»  

Өнімдер бағасының шарықтамауын қадағалау мақсатында биылғы жәрмеңкеде сатылатын тауарлар сату алаңына делдалсыз жеткізілуі тиіс еді.

Биылғы су тапшылығының әсері шаруа қожалықтарына айтарлықтай қиын әсер етті. Біреуі су жоқтығынан қатты қиналдық десе, басқасы қатты әсер етпеді деуде.

ИП «Жанарбек»-тің қызметкерлері Талсуаттан келген. Олардың айтуынша Талсуаттағы аяқ-су мәселесі оң шешімін тапқан. Сондықтан, бақша өнімдеріне су тапшылығы қатты сезілмеген көрінеді. Тіпті, бақшадан шыққан сары алмұртты да сатуға алып келіпті. Сонымен қатар, қолдан жасалған сүт өнімдерінің жеті түрін сатылымға шығарыпты.

Жеке кәсіпкер Мұханбетжанова да жәрмеңкеге балықтарын алып келген. Сырдария өзені жұртқа  ірі балықтары мен алып жайындарымен таныс. Олардың өзен айдындарында сиреп кеткені болмаса бұл күнгі жәрмеңкеге ірілерін ұстапты. Аралдықтар да балықтың түр-түрін тізіп тұрып сатты. Сол күні кешке қарма жеген тұрғындардың көп болғаны анық.

Біздің қызылордадағы «Керемет» маркасы арқылы шығатын дән мен тары өнімдері және кептірілген жемістер де тұтынушылар назарында болды. Десе де, халықтың басым бөлігі күнделікті тұтынатын өнімдерін қап-қаптап сатып алып кетті. Әйтпесе, жәрмеңкеде барлық дүкен өнімдері де болған еді.

Бұл арада аймақ басшысы Гүлшара Әдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібев та жәрмеңкеге атбасын тіреді. Осылайша жалғастырып, әр ауданның жәрмеңкелерін аралады. Саудагерлердің өнімдерімен танысып, кейбірі мен сөйлесіп те үлгерді.

Аудандардың жәрмеңкесі қызықтырақ болды.

Әр ауданның әкімі жәрмеңкенің басы-қасында жүрді. Тұрғындармен тілдесіп те тұрды. Жүрмейтін жері жоқ Ергешбаев та сатылым алаңын көзбен жиі тексеріп, аралап жүрді. Қазалы ауданының жәрмеңкесі кәмпитімен қызықты болды. Бүкіл ел білетін қазалы кәмпитінің мұнда өте көп түрі сатылды. Сонымен қатар, біздің шәйға қосатын, ботқа әзірлейтін «Дәмді» сүт өнімдері де қораптап сатып алынды.

Тасбөгет кентіндегі Шиелі ауданы жәрмеңкесінде табиғи бал өнімдері сұранысқа ие болды. Бұл жақта тіпті балға толы шелектерден үлкен шырша секілді үйшік жасап қойған екен. Жалпы жәрмеңкелерге шығарылған балдың салмағы жарты тоннаға жетеді. Алда келе жатқан қыс мезгілінде шай мен балдың достығы адам ағзасына керемет әсер ететіні анық.

Барлық жәрмеңкелер маңына көліктер жақындай алмады

 ЖПП қызметкерлері жолды бөгеп, тәртіпті күйшеткен еді. Осы орайда қап-қап азық-түлік алған тұрғындарға арба ұстаған кішкентай балалар көмек қылды. Жастайынан ақша тауып, тиын санап үйреніп жүрген балаларды көріп риза боларсың. Біреуі көлігіңнің алдына дейін барлық затыңды тасып беруге 100 теңге сұрасы басқасы 200 дейді. Балалардың ақысын жеген ешкім жоқ. Керісінше қуанып, алғысын білдіруде.

Астана даңғылы бойындағы Жаңақорған ауданының жәрмеңкесі едәуір мол болды. Қаз-қатар тізілген сауда көліктері мен сатушылар жетерлік. Бұл тұста қаланың ауа райы құбылып, желдің үдеген кезі еді. Жалаушалар мен кірер қақпаның өзі жел екпініне төтеп бере алмай жылжымасы бар ма?

Сонымен қатар, бұл ауданның жәрмеңкесінде қолөнер бұйымдары да көркін көрсетіп тұрды. Сатушы, жеті атаңды жатқа айтсаң бір сыйлықты тегін беремін дейді.  Бұл іс-шараларда ойын да, күлкі де, сауда да болды. Тек біздің шаһар біраз еркелеп,  желімен шаң-құмын төбеге көтергені болмаса.

Біздің аймақтан ең жоғарғы көрсеткіш жаңақорғандықтарға тиесілі болды. Олар 53 көлікпен 452 тонна өнім жеткізген. Бұған жаз бойы төгілген тер мен жаңадан келген әкімнің әсері тиген болар.

Алыстан тонналап зат әкелген саудагерлердің өнімі жақсы сатылғаны анық. Енді осындай жәрмеңке бірінші желтоқсанға дейін әр сенбі сайын өткізіліп тұрмақ. «Қала күні» мерекесіне орай өткізілген жәрмеңкеге қала шаруалары бас аяғы 214 тонна азық-түлік алып келді. Ал қатысқан көліктер саны 75-ке жетті.

Бір анығы қаланың әр аумағында болған жәрмеңкеден тұрғындардың азық қоймасы біраз толыққаны анық. Үлгермей қалғандар үшін жәрмеңкенің жалғасатыны жақсы болды.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *