Қала әкімінің төрағалығымен өткен қалалық әкімшіліктегі аппараттық мәжілісте түйіткілді мәселелер қозғалды. Күн тәртібіне қойылған мәселелердің біріншісі қарапайым заттар экономикасы мен бизнестің дамуын қолдау жайлы, ал екіншісі мәселе «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылға арналған жол картасы» бағдарламасы болды.
Ғаламды жайлаған пандемия экономиканың негізі болып саналатын шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіргені анық.
Осы ретте қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бақытжан Амангелдиев мәселені нақты түсіндіріп өтті. Бұл жылы атқарылған шаруаларды әдеттегідей өткен жылмен салыстыра отырып қала әкіміне баяндады.Тамыздың көрсеткіші бойынша бүгінгі таңда шаһарымызда 25 мың 681 шағын кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Оның 21 526-сы жұмысын атқаруда. Қарапайым заттар экономикасы бойынша Қызылорда қаласында жыл соңына дейін 10 млрд. теңге игерілу қажет еді. Биылғы жылы бөлінген қаржының бүгінде 2 млрдқа жуығы игерілген. Оның ішінде кент және ауыл округтерінде де бизнестің дамуын қолдау қажет.
Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша 1 млрд. 407 млн. теңгеге 33 жоба іске асырылған. Алайда, бұл жобалардың барлығы тек қала төңірегінде атқарылған. Ал ауылдық жобаларды бастауға біршама кедергі бар көрінеді. Өз кезегінде екінші деңгейлі банктердің ауыл тұрғындарына қойған талаптары қолайсыз сыңайлы. Сондықтан, баяндаушы алдағы уақытта бағдарламаның талаптарын жеңілдетіп, қаржы алуға жұмыс жасаймыз деп сендірді.
Бұл орайда мемлекеттік бағдарлама арқылы субсидия алып кәсіптерін жауып тастау, немесе салықтарын төлемейтін жағдайлар көп кездесуде. Әр төлем жүргізген сайын онлайн бақылау машинасының қажеттігі және тұтынушыларға чек беру сынды жағдайлар көлеңкелі экономиканың өсуінің алдын алмақ. Чек беру мәселесін жіті қадағалау мүмкін емес болғандықтан, кәсіпкерлік иелеріне онлайн бақылау машинасын енгізу қажет.
Ауыл тұрғындарына бизнес ашу тарапынан көмектесу және түсіндірме жұмыстарын жасау қажет. Сондықтан, ауыл халқына бағдармалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және жүргізілетін анықтамалық түсіндірме жұмыстарының нәтижесін кеңейту қажет.
Келесі өз баяндамасын таныстырушы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітіова болды. Баяндаушы атқарылған жұмыстарға тоқтай келе, кең монитордан дайындалған көрсеткіштен көрсетті.
Қызылорда қаласындағы «Жұмыспен қамту 2020-2021» бағдарламасы бойынша 97 жоба жүзеге асырылуда. Бұл ретте 4373 жаңа жұмыс орындарын қарастыру қажет. Тізімнің тең жартысына жұмыссыз жүрген азаматтар тартылуға тиіс. Қалғаны жұмыспен қамту орталығына тіркелген азаматтарға арналмақ. Зілі бар мәселенің бірі жұмыстың тапшылығы еді.
Аталған бағдарлама бойынша халық көп шоғырланатын орындар мен мекемелердің алдында арнайы жұмыспен қамту орталықтары қызмет көрсетуде. Жарнама тақтайшаларына бос жұмыс орындарының тізімдері жариялануда. Жергілікті телеарнадан танымдық бейнероликтер дөңгеленуде. Расында, бұл атқарылған шаруалар мен көрсетілген көмектен кейін «жұмыссыз жүрмін» деп те айту ұят сыңайлы.
Айта кетерлігі 2017-2021 жылға арналған «Еңбек» бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Жоба барысында азаматтар қысқа уақыт ішінде кәсіптік және техникалық біліммен қамтамасыз етілуде. Нақ бұл шақта онлайн оқыту жұмыстары жүргізілген. Жалпы құрылыс және автослесарь мамандығы бойынша сұраныстар көп көрінеді. Бұл заманда, кезіндегі есепшот пен мөр маңындағы мамандықтарға сұраныс аз. Ал шындығына келгенде технологиялық мамандар бүгінде тапшы. Сондықтан жастарды осы тектес мамандықтарға бағыттаған жөн болар.
Бұдан кейінгі шаруа кәсіпкерлікті дамыту.
Әр адам кәсіп ашып, өзін өзі қамтамасыз ету қажет. Бұны халыққа тапсырма ретінде де, ақыл ретінде де Елбасының қайта-қайта айтып жүргеніне ондаған жылдың жүзі болды. Бұл орайда кәсіпкердің бастамасын қолдау және ауылдық жерлерде микрокредит беру қарастырылуда.
Қоғамдық жұмыстар бойынша 299 мекемемен мәмілегерлік жасалып, 2317 адам жұмысқа тартылған. Орташа уақыты 6 айға созылатын қоғамдық жұмыстарда төленетін жалақы қытыққа тиген 42 500 теңгеге жетеді.
Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 84,2 млн. теңгеге 170 адам жұмыспен қамтылды. Жыл басталғалы 105 мекемемен келісімшарт жасасып, уақытша жұмыс орнына 363 адам жіберілді. Бұл орайда тұрақты жұмысқа алынған адамдар саны 48-ге жетіп отыр.
Жастар практикасы бойынша 461,1 млн. теңгеге 1160 адам жұмысқа тартылса, оның ішінде жергілікті бюджеттен 110 адам қамтамасыз етілген. Нәтижесінде 1317 жас маман уақытша жұмыспен қамтамасыз етілді. Тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 50-ге жеткен. Әйтсе де, уақытшадан бөлек, тұрақты жұмыс мәселесі өзектілігін жоғалтпауда. Осы орайда жыл соңына дейін тұрақты жұмысқа тартылған адамдар үлесін 70 пайызға жеткізу жоспарланған.
Қала басшысы өз кезегінде толғағы келген мәселелерді бір қарап шықты. Қала орталығы мен төңірегіндегі иесіз жүрген ит-мысықтар және ірі қара жылқыны көру шошитын жағдай емес. Тіпті жұрт демалатын саябақтарда сиырлар жайылып жүргені өкініштіақ. Алайда, бұған да тұсау салатын кездің келгені анық. Бұл мәселе дереу шешімін табу қажет. Дәл осы мәселені қалалық ауыр шаруашылығы және ветеринария бөлімімен бірігіп тындыруды тапсырды. «Жұмыспен қамту 2020-2021 жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарын қыркүйек айына дейін жүз пайызға жеткізуді тапсырды. Бұдан бөлек, жылу маусымына дайындық шаруалары және құбырлардың жөндеу жұмыстарын шапшаңдатып, қазан айында қала жылу маусымына толықтай дайын болу керек екенін жеткізді.
P.S: Шыны керек, қыркүйектің басталуына қалған бір жұма ішінде жұмыспен қамту мәселесі қажетті межеге жетер ме екен?
Д.АМАНГЕЛДІ