«85000 теңге айлықты әлдеқандай қылудың қажеті жоқ! Мына ыстықта кесек тасып, асфальт құю да онай іс емес. Салқын жерде отырып алып, білгірсінбеу керек».
Бұл – әлеуметтік желіде «Жол картасы» бағдарламасы аясында ашылып жатқан жаңа жұмыс орындарына байланысты жазылған желі қолданушыларының бірінің пікірі. Шындығында, 85000 теңге еліміздегі ең төменгі жалақы емес. Оның үстіне, бұдан да аз айлыққа жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Осы тұста сана «Жұмыстың жеңілі бар ма?» деген сауалға жауап іздейді.
Қаламызда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы аясында құрылыс, жөндеу, абаттандыру бағытындағы бос жұмыс орындарына жәрмеңкелер өткізілуде. Мобильді топ халық көп шоғырланатын «Жайна», «Айтбек», және «Small» сауда орталықтарының алдында, «Универсам» мөлтек ауданындағы «Қызылорда» супермаркетінің алдында, «Титов» мөлтек ауданындағы «Бірлік» сауда үйінің алдында, Қалалық мәдени және демалыс паркінің, №3 Қалалық емхананың, №43 орта мектептің және «Шұғыла» мөлтек ауданындағы «Ақмешіт» колледжінің алдында жұмыс істеймін деген ниеті бар тұрғындарға жұмыспен қамту орталығының мамандары бос жұмыс орындарына жол сілтеуге дайын. Жәрмеңкенің жәйін білу мақсатында аталған сауда үйлерінің біріне бардық. Алайда, ұсынылған жұмыс бойынша қызығушылық танытушылар мен табыс табайын деген ойдағылардың аздығына куә болдық. Жұмыспен қамту орталығының басшысын сөзге тартқанымызда, жұмысшылардың еңбекақылары мамандықтарына байланысты, 85 мың теңгеден бастап 230 мыңға дейін қарастырылғанын білдік. Жұмыспен қамту орталығына бүгінге дейін 1000-нан астам қала тұрғыны хабарласып, ақпараттар алған. Нәтижесінде, 734 жұмыссыз азамат еңбекпен қамтылса, 1591 бос жұмыс орнына сұраныс бар. Алайда, жұмыс істеуге ынталылар бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде аз… Дегенмен, жоба аясында жұмысқа орналасуды көздеген қала тұрғындары үшін жәрмеңке апта соңына дейін жалғасады.
Халықтың көпшілігі жұмысты тізімнен таңдап істейтіндей деңгейде ме?! Әдетте, 42500, 50000 теңге мен тағы басқа да әлеуметтік төлемдер үшін «Жұмыспен қамту орталығының» алдын торуылдап, үйме-жүйме болып, тіпті індетке де қарамай топ-топ болып тұрған тұрғындар неліктен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде бой көрсетпейді?!
P.S: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенді естен шығарған екен…
Айта кетейік, жоба шеңберіндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін 18 млрд. теңге бөлінген. Бұйыртса, 98 жоба іске асырылмақшы. Оның 111- і жол жөндеу, 62-і тротуар төсеу, 6-ы тозығы жеткен ғимараттарды жаңғырту, 4-де балалар ойын алаңын салу көзделген.
А.ӘЛИАРЫСТАН