QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖҰМЫРТҚА КЕТТІ ҚЫМБАТТАП…

ByQAA.kz

Жел 24, 2020

“Аузы-мұрны жоқ отаудың” базар сөрелерінен жоғалғанына көп болмады. Бағасы қатты қымбаттап кетті. Басқасын айтпағанда, жұмыртқа жемесе таңы атпайтын адамдар жетеді.

Жалпы тауық жұмыртқасы диеталық тағам түріне жатады. Бір жұмыртқаның ішінде холестериннің тәуліктік нормасы сақталған. Дәрігерлер аптасына жеті жұмыртқадан жеуге кеңес береді. Сондай-ақ, жұмыртқаның ақуызынан түрлі косметикалық маска жасауға да болады. Немесе, түрлі қоспалар қосып, шаш түбіне де жағуға болады. Бұндай әдіс шаштың нығаюына жәрдемдеседі.

Ал әуесқой спортпен шұғылданатын адамдардың күнделікті тұтынатын тағамының құрамында 2-3 жұмыртқадан болады. Нәтижесінде дененің шымыр болуы, асқазанның тоқ жүруі қамтамасыз етіледі.

ҮШ МИЛЛИОН ЖҰМЫРТҚА КЕЛЕДІ

Қызылорда облысына үш күнде 3 миллион жұмыртқа жеткізіледі. 600 мыңнан астамы сәрсенбінің кешіне келуі тиіс. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді.

Құс тұмауы жұмыртқа бағасына әсер етіп, базар сөрелерінде тапшылық орын алды. Оның үстіне тауық жемінің бағасы өскен. Соның салдарынан облысқа келетін жұмыртқаның көлемі біршама азайған.

– Аймақта құс жұмыртқасын өндіретін екі кәсіпорын бар. Оның қуаттылығы ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті сырттан тасымалдауға тәуелдіміз. Қазіргі таңда, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың 25-ші желтоқсанына дейін жұмыртқа тиелген сегіз жүк көлігі келеді. Алдағы мереке күндері де тапшылықты болдырмау мақсатында құс жұмыртқасы әкелінетін болады. Облыста жұмыртқаға тапшылық болмайды, – деді басқарма басшысы.

Тапшылықты болдырмау мақсатында жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлінді. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 8 кәсіпкерге 50 миллион теңгеден айналым қаражаты берілді.

–Біздің бастымақсатымызнегізгі әлеуметтікмаңызыбар өнімдерінің тапшылығын болдырмау. Мәселен, кәсіпкерлер құс фабрикаларынан жұмыртқаның біреуін 36 теңгеден алып жатыр. Айналым қаражатын алған кәсіпкерлер бағаны қымбат етпейді. Алыпсатарлыққа жол бермес үшін бақылау жүргіземіз. Ал басқа өнімдерге экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан шекті баға қойып отырған жоқпыз. Өйткені, қолдан тапшылық жасалады, – деді Ш.Қойшыбаев.

Негізгі азық-түлік өнімдері келісімге сәйкес 29 әлеуметтік дүкенде және 4 сауда орнында белгіленген бұрыштарда нарық бағасынан арзан сатылады.

Қызылордадағы жұмыртқалардың қайда жоғалғаны белгісіз. Түптеп келгенде қазіргі таңда бір жұмыртқаның бағасы нан бағасымен бірдей. Базар сөрелері қаңырап бос тұр.

– Мен жұмыртқа алып жүрген жеріме хабарластым. Ол жақта қазір жұмыртқа мүлде жоқ. Десе де, жауапты адам мені кезекке қойды. Жұмыртқа түскен сәтте барып алып келемін. Ал қазір қаладағы көтерме сауда дүкендерінен алып, өз дүкеніме әкеліп сатудамын. Өзім ол жақтан 53 теңгеге алып, 57 теңгеден сатамын, – дейді қаладағы көп дүкендердің бірінің иесі.

Жалпы өңірде құс шаруашылығы аса қатты дамымаған дегенде де биылғы жылдың 10 айында 6,2 миллион жұмыртқа шыққан екен. Бұл облыстағы 803,5 тұрғынның жан басына шаққанда күнделікті таңғы асына да жетпейді. Жалпы қызылордалықтардың жұмыртқаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жылына кемінде 200 миллион жұмыртқа керек екен.

Ал бізде бар болғаны 6 миллион ғана шығып тұр. Содан да аймаққа қажетті жұмыртқаның 97 пайызы сырттан әкелінеді. Өз-өзімізді жұмыртқамен қамтамасыз етуімізге ынта жетпейді дейсіз бе, болмаса қаржы жетпейді дейсіз бе, өз еркіңіз. Бірақ, құс өсірушілердің айтуынша 50-ге жуық тауық бір аптада 15-20 мың теңгенің жемін жеп қояды екен. Ал аздаған айлығының аптасына15-20 мыңын тауыққа кім қияды?..

– Жалпы біздің мейрамхананың ас мәзіріндегі тағамдардың көбі жұмыртқасыз дайындалмайды. Ол көбіміз жақсы көретін пицца, нан өнімдері. Немесе түрлі салаттарға да жұмыртқа қосамыз. Түптеп келгенде бұдан басқа да азық-түлік түрінің қымбаттауы кәсіпкерлерге қиындық тудырады. Ал өзім жұмыртқаны жақсы көремін. Расында жұмыртқа бағасы қымбат. Мен ауылдық жердегі қолдың жұмыртқасын пайдалы санап, соны тұтынамын. Кей жерлерде қолдың жұмыртқасы 40-43 теңге болды. Енді ол да қымбаттауы мүмкін. Ал дүкен сөрелеріндегі жұмыртқалар соңғы кездері майдаланып барады, – дейді, мейрамхана аспазшысы.

Қазіргі кезде қаламыздың біраз мөлтек ауданында әлеуметтік дүкендер ашылуда. Осы тұрғыда оларға да атбасын бұрмай кете алмадық. Жағдай әртүрлі. Бір дүкендегі сатушы жұмыртқамен жүздеспегелі бір айдай болды дейді. Ал басқа дүкендегі бар жұмыртқалар өте майда. Халықтың біразы оларды алғысы да келмейді екен.

Жалпы базар сөрелеріндегі жұмыртқалар 50-57 теңгенің маңайында сатылуда. Ал халықтың көп баратын көтерме сауда үйлерінде бөдененің жұмыртқасынан басқа түк жоқ. Жұмыртқа болған күннің өзінде ол жақтағы баға 47-49 теңгеге жетеді. Айталық қаламыздағы ірі супермаркеттердің сөресінен жұмыртқа таппайсың. Қашан келеді деген сұраққа сатушылары басын шайқап жауап беруде.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған