QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

ByQAA.kz

Ақп 5, 2021

Кеше қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылжарма және Қосшыңырау ауылдық округтері тұрғындарына онлайн форматта есеп берді. Жиын басында шаһар басшысы өткен жылы қала және кенттер мен ауылдық округтерде жасалған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді баяндады. Сондай-ақ шараның соңында екі ауыл тұрғындары ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, көкейдегі сауалдарын қойып, ойдағы ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Алғашқы болып Қызылжарма 2 ауылдық округінің тұрғыны сөз алды. Ауылдық округ әкімдігіне алғыс айта отырып, Қызылжарма 2 деп аталатын аумақта жарық мәселесі шешімін тапса деген тілегін білдірді. Аталған сауал бойынша, ауыл әкімі және қалалық электр тораптарының басшысы жауап берді. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін тауып, халық игілігіне пайдалануға ұсынылатын болды. Айта кетелік, өткен жылы Қызылжарма ауылдық округінде электр желілерін жаңарту бойынша бірнеше жұмыстар жасалған. Қала әкімі биыл да сол жұмыстар жалғасын тауып, мәселелер шешімін табатындығын жеткізді.

Сонымен қатар Қызылжарма ауылдық округіндегі Ө.Маханбетов көшесіне жол қашан салынатындығы жайында ауыл тұрғынынан сауал қойылып, жауап берілді. Қаламызда 2020 жылы жол құрылысын дамытуға ерекше назар аударылған. Республикалық, облыстық, қалалық бюджеттен 9 млрд.теңге бөлінген. Осы қаражатқа шет аймақтардың, ауылдардың, кенттердің, қаладағы жаңадан қоныстанған мөлтек аудандардың жолдары жасалған. Барлығы 408 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның ішінде Қызылжарма ауылдық округінде 37 көше жөнделіп, 369 млн теңге бөлінген. Алдағы уақытта аталған көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәселе шешімін табатын болатындығын айтты шаһар басшысы.

Газ мәселесі бойынша Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғыны сауал қойды. Аталған сұраққа қала әкімі жауап беріп, алдағы сессияда осы мәселе қарастырылып, жоба жасалып, міндетті түрде назарға алынатындығын айтты. Қазіргі таңда қалаға қарасты 5 ауылдық округке көгілдір отын кіргізілген, алдағы уақытта қалған ауылдарда бұл мәселе өз шешімін табатын болады.

Барлық сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерге қала әкімі мен тиісті сала мамандары жауап беріп, тұрғындар сауалдары бойынша жауап алды.

Қос ауыл тұрғындары қала әкіміне жасалып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, тілектерін жеткізді.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған