QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«ҮЗДІК АУЫЛДЫҢ» БҮГІНГІ БЕЙНЕСІ ҚАНДАЙ?

Автор:QAA.kz

Июл 16, 2020

Қала іргесінде кескіні көз тоярлықтай Ақсуат атты ауыл бар. Мұндағы халықтың еңсесі де тік, шаруасы да оң бағытта. Жыл санап түрлі бағыттағы даму қарқыны да жүйткіген көліктің жылдамдығындай… Демек, атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелі… Ж.Маханбетов ауылында халықтың денсаулығы үшін қажет медициналық амбулатория салынып, өнерлілерге қолдау білдіретін мәдениет үйі де бой көтерген. Жақында сәтін салса, спорттық құрылғылар орнатылады деп те күтілуде. Одан қалды бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан балабақшалар да жеткілікті. Күрделі жөндеуден өткізілген «АсылАй» бөбекжай-бақшасы да ел игілігі үшін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінде аталмыш балабақшаны керекті жабдықтармен толықтыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бірнеше жылдық тарихы бар білім ошақтары да заман талабына сай жаңаруда. Нақтысы – аталмыш ауылдық округ дамыған қаланы сипаттағандай кескіннен кенде емес…

Әйткенмен, қалаға қарасты барлық ауылдық окруктер мен кенттердің келбеті әппақ парақтай болмауы да заңдылық. Алға ілгерілеу бар тұста, қордаланған мәселелер тармағына ілігетіндері де жеткілікті. Бұл пайым тек Ақсуатқа ғана қатысты емес екенін ескеріңіз… Дұрысы, бұл ауылда осыған дейінгі мәселелер бүгінде кезегімен реттелуде… Алғашқысы ауыл мектебінің кескін-келбеті болатын. Қуантарлығы, балалардың кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін бұл мәселе де шешім тапты. Негізі 1982 жылы қаланған №143 мектепке қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 40 жылға жуық уақытта сырты сыланып, іші әктелмеген білім ордасының көзі бір ашылды-ау… Бүгінде ел қамын күйттеп жүрген азаматтарға әріп танытқан бұл білім ошағын жаңарту өз кезегіндегі қолайлы шешім болды. Енді жаңбырдан кейінгі таза ауаға асыққандардай, оқушылар жөндеуден өткен мектепте білім алуға құштар болары да айқын. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектеп 625 орындыққа лайықталған. Жұмыстардың сапалы атқарылуы үшін септігін тигізіп жатқандардың қатарында ауылдың жұмыссыз 40 азаматы тартылған. Білім ұясы басшысының сөзінше, жөндеу жұмыстары тамыздың 20-да аяқталады деп күтілуде. Жұмыс жүйесімен қала басшысы Нәлібаев мырза арнайы танысты. Ондағы жұмысшылармен тілдесіп, мектептің іші-сыртын аралап бір шолып өтті. Еденнің жай-күйінен бастап, есіктің сапасына да мән берді. Енді мектепке қатысты қандай мәселе бар деген қала әкімінің сұрағына мектеп шатырының жобалау сметалық құжаттарына еңгізілмегенін алған тартты. Н.Машбекұлы бұл да назардағы мәселе екенін тілге тиек етіп, жұмыстың уақытылы орындалуын тапсырды. Одан басқа, қашықтан оқу жүйесіне білім ордасының қызметкерлері мен оқушылары үшін жағдайдың жасалауына мән беру керектігін алға тартты.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Ауылдық округте 40 жылға жуық уақыта жөндеуден өтпеген мектеп жаңаруда. Бұл үшін бөлінген қаржының көлемі де аз емес. Демек, сапа соған лайық болуы тиіс. Ұстаздар үшін жұмыс істеуге қолайлы болуы міндетті. Ал балалар қашықтан оқу жүйесінен кейін, білім ордасына асығып келетіндей деңгейде болуы керек. Ауылда осы жұмыстардың барлығы дағдарысқа қарамастан жүргізілуде. Жұмыссыздар да назардан тыс қалмады. Ауыз су да реттелді. Әлеуметтік нысандардың да саны артты. Жөндеуді талап еткендері жаңарды. Енді көгілдір отын мәселесі реттеледі деп жоспарлануда,- деген қала басшысы ауылдың белсенді азаматтарына бүгінде жүргізіліп жатқан жұмыстың жай-күйімен тұрғындар тарапынан да дер кезінде қадағалау болу керектігін айта өтті. Өйткені, ел игілігі үшін салынып, әрі жаңарып жатқан нысандар мен жолдар үшін жергілікті халықтың пікірлері ескерілуі тиіс. Ал ауыл әкіміне тындырылып жатқан тірліктерді күнделікті қадағалап, жолды лабораториялық тексерістен өткізіп барып, қабылдауды тапсырды.

Қала әкімі Ақсуаттағы мұнан кейінгі бағытын Ү.Тоқмағамбетова көшесіне бұрды. Аталмыш көшенің ұзындығы 1,1 км құрайды. Асфальт төсеу жұмыстарын «Набат – 2020» ЖШС айналысуда. Бүгінге дейін жөндеу көрмеген көшенің тұрғыны Бейсенбай Бодықов:

— Менің осы ауылда тұрғаныма 67 жыл болды. Мына көшенің тұрғыны болғаныма 45 жылға жуықтады. «Күз болса батпақтап, қатынас қиын болушы еді. Жақсы жаңалықты естіп, тақтайдай тегіс тас жолға жететінімізге қуанған болатынбыз. Енді міне игі істің куәгері болып тұрмыз. Көше тұрғындарының атынан рақмет», — деп себепшілерге алғысын жаудырды.

Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы бойынша Ақсуатта 16 көше орташа жөндеуден өтуде. Оның 7-і көшесіне асфальт, 9 көшесіне қиыршық тас төселеді. Мұнан бөлек «Өңірлерді дамытудың 2020- 2025 жылдарға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде тағы бір көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Осы жұмыстар үшін жоба аясында 14 адам жұмыспен қамтылуда. Жұмыс 31 тамызға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.

«Ақсуат» ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев:

— Ақсуат ауылдық округі қалаға қарасты ең жақын орналасқан елді мекен. Бүгінде ауылда 8700- ге жуық халық тұрады. Жаңадан қоныстанушылар жылдан жылға көбейіп келеді. Биыл қалаға қарасты елді мекендердің ішінде «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы бойынша осы ауылға қомақты қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауыл орталығындағы кеңес дәуірінен бері асфальт төселмеген көшелер жөнделуде. Жолдан бөлек ауыз су мәселесі де шешім тапты. Енді ауыл тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылады. Газдандыру жұмыстарына қатысты жобалаусметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, республикалық бюджетке ұсынылды.

Сондай-ақ, бұл елді мекен қаладағы құрылыс жұмыстарынан қалған бағдаршам, жарық бағаналары, жаяу жүргінші жолдарына қажетті жабдықтарды тиімді пайдаланып, қажеттілікке яки кәделеріне жаратуда. Ауыл әкімі қала басшысының бұл тапсырмасына мән беріп, А.Найзағараев көшесіне жаяу жүргінші жолын салдыруда.

Нұрлыбек Машбекұлы ауыл тұрғындары тарапынан жиі талқыға түсетін ауыз су мәселесіне де нүкте қоюға сеп болды. Осы жұмыс сапарында да «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында салынған «Наурыз» саяжайындағы ауыз су жинау қоймасына да барды. Бұл жолы әдеттегідей жұмыс қарқынымен танысу үшін емес, қойманы іске қосу үшін аяқ басты.

Әкім жобаға енгізілмеген жаңадан қоныстанушылар да назардан тыс қалмайтынын тілге тиек етті. Керекті құралдармен қамтамасыз етілсе, қалған жұмыстарды реттеу үшін мердігер мекемеге ұсыныс біздің тараптан болады деді қала басшысы.

Біткен іске тұрғындар да дән риза. «Наурыз» саяжайының тұрғыны Мақпал Шахкозова:

— Менің бұл ауылда түрғаныма 8 жылдан асты. Су қоймасы осы уақытқа дейін суды сырттан тасып ішіп, тіршілік көзінен тапшылық көрген саяжай тұрғындарының тұрмысын жеңілдетті. Судың сапасы да жақсы. Ол үшін қала және ауыл әкіміне алғыс білдіреміз.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Биыл елімізде жүзеге асып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында біздің облысқа 36 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Соның 18 млрд. 388 млн теңгесі Қызылорда қаласына тиесілі. Қазіргі таңда осы бөлінген қаржыға сәйкес, қалада бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, 260- қа жуық жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Оның 50 көшесіне қиыршық тас төселеді. 200-ден астамына асфальт салынады. Сондайақ, қала тұрғындары серуендейтін демалыс орындары мен әлеуметтік нысандардың қатары көбейеді. Кейбірі күрделі жөндеуден өтеді. Аталған қаражаттың 2 млрд. 160 млн теңгесі білім саласына бағытталған. Соның 1 млрд. 160 млн теңгесіне «Бәйтерек» мөлтек ауданында жаңа білім ошағы бой көтеруде. Қалған қаражат қалаға қарасты ауылдық округктердегі және қаладағы мектептерді, балабақшаларды күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Қазіргі таңда қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты, елдің жүріп-тұруына кедергілер туындауда. Алайда, бұл да маңызды қадам болғандықтан, тұрғындар тарапынан түсіністік танытуды сұраймын. Әр құрылыс жұмыстарының сапасына қатаң мән береміз. «Нұр отан» партиясының мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары бағдарлама аясындағы жұмыстардың жүргізілу барысын бақылауға алды. Комиссия мүшелерінің құрамында одан бөлек, құрылысшылар, сала мамандары, қоғамдық кеңестің мүшелері мен белсенділері де бар. Қызу тірлік барысындағы олқылықты дер кезінде анықтап, сапалы орындалуы үшін бұл комиссия мүшелерінің септігі орасан.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *