QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Заманауи технологиялар сот қызметіне қолжетімділікті арттырады

Автор:QAA.kz

Май 4, 2020

Тәуелсіз мемлекеттің көрінісі азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының заңмен қорғалып, заңмен кепілдік берілетінімен, сотының тәуелсіз және әділ болуымен айшықталады. Бұл ретте еліміздің іргесі мықты, ынтымағы берік болып, қоғамда демократиялық үрдістердің орнығуына соттың да қосар үлесі зор. Осынау жылдар белесінде ел тәуелсіздігімен қатар сот жүйесі де күрделі құқықтық реформаларды бастан кешіріп, өзіндік қазақстандық сот жүйесін нық қалыптастырғанын атап өткен жөн.

Соттар мен судьялардың тәуелсіздігі – уақыттың өзі тексеруден өткізген демократиялық жетістік болып табылады. Соған орай, мемлекет тарапынан сот шешімдері мен оның тәуелсіздігін толық қамтамасыз етудің және құқықтық мәртебесі мен ой мүддесі тәуелсіздігінің барлық шаралары қабылданды.

Өйткені, сот жүйесін жетілдіру барысында барлық шаралар адам құқығын нығайтуға, сот құзыреті тәуелсіз және алалаусыз жүруге бағыт-талуы тиіс екендігі құпталды.

Күлтегін бабамыз «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» болатынын өсиет етіпті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, сот жүйесіндегі әрбір адам соттың дамуына өз үлесін қосса, алдағы уақыттарда биік белестерді бағындырады.

Әділ сот билігін жүзеге асыру үшін соттарға мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетіліп отыр, сондықтан халықтың сот корпусынан күтетін сенімін ақтау үшін барлық күш-жігерімізді салып жұмыс істеуге міндеттіміз.

Бүгінгі күні сот саласында заманауи технологияларды қолдану қарқыны күшейді. Басты мақсат – заман ағымына сай, қағазбастылықтан арылып, азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, дер кезінде қызмет көрсету.

Елбасының бастамасымен сот реформасында тәжірибенің озық үлгілері қолданылып, сот жүйесі уақыт озған сайын халықаралық стандарттарға сай жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Айтып өту керек, республика бойынша барлық сот мәжілісі залдары 100 пайыз дыбыс-бейнежазба қондырғыларымен жабдықталды.

«Сот кабинеті» — халықтың сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығына толықтай қол жеткізуін көздеген, сот органдарының электрондық сервисіне кіруге арналған бірыңғай терезе. «Сот кабинеті» арқылы сотқа электронды түрде талап арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды осы сервис арқылы сотқа ұсынып, істің қозғалысын қадағалап отыруға болады. Бұл қызмет аясында жаңа заман талабына сай дыбыс-бейнежазбаны енгізіп, сот отырысының электронды хаттамасы қалыптастырылады. Жасалған хаттаманы сот отырысының қатысушылары ғаламтор арқылы «Сот кабинетінен» көруіне болады. Пайдаланушының қалаған уақытында сот құжаттарын қарауға, іс бойынша сот актілерін басып шығарып алуына мүмкіндігі бар. Сонымен

қатар, сот процесіне қатысушыларды жедел хабардар етуден басқа бұл сервис пошталық хабарламаларды жолдаудан бас тартуға мүмкіндік беретінін атап айтқан жөн. Бұл пошталық шығындарға бөлінетін бюджет қаражатын айтарлықтай қысқартады. Азаматтар мен ұйымдарды сот қарауына шақыру туралы SMS-хабарлау және шақыру, сондай-ақ қабылданған сот құжаттары туралы азаматтарға жедел ақпарат беру сервисі де іске қосылған.

Сот процестерін «виртуалды» өткізу, яғни «TrueConf» бағдарламасы арқылы сот төрелігін жүзеге асырудағы аумақтық кедергілерді жойып, уақыт және материалдық ресурстарды үнемдейді, сот төрелігіне шексіз және ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Сот отырысына мобильдік бейнеконференция байланысы арқылы қатысу үшін мобильдік құрылғыға Арр Store немесе Play market арқылы жазылған «TrueConf» қосымшасын жүктеп, сотқа онлайн режимінде сот мәжілісін өткізу туралы жүйеге кіру үшін логин мен құпия сөзді алу қажет.

Елімізде цифрландыру жұмыстары күннен күнге дамып, қарқынды түрде жүріп келеді. Қазақстанның сот жүйесі өз қызметінде заманауи ақпараттық технологияларды белсенді қолдануда. Сот ісін жүргізуге жаңа өзекті жобаларды енгізу сот төрелігіне қол жеткізуді кеңейтуге, сот әурешілігін жоюға септігін тигізеді.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Салтанат Умарсерикова

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *