QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Заңдағы өзгерістер заман талабынан туындайды

Автор:QAA.kz

Июн 30, 2020

Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 10 маусымында қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы уақыт талабына сай қабылданып отыр.

Заң қоғам қажеттілігінен туады. Өйткені заң елдегі құқықтық түйткілдерді шешуге пәрменді болуы керек. Осы тұрғыда алғанда Азаматтық процестік кодексіне енгізілген толықтырулар өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындайтынына шүбә жоқ.

Азаматтық процесті сапалық жақтан өзгертуді мақсат еткен заңнамада соттар жұмысын заманауи форматқа бейімдеуге, сот ісін жүргізуде сандық технология жетістіктерін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік беретін өзгерістер көзделген.

Соттағы цифрландыруды одан әрі дамыту мақсатында кодекс 133-4-баппен толықтырылып, сот талқылауының аудио-бейнежазбасы электрондық хаттама деп танылды. Толықтығын, құрылымы мен сапалы тыңдалуын қамтамасыз ететін электрондық хаттамаға қойылатын техникалық талаптарды осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, соттар қызметінің ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асыратын орган айқындайды.

Ал, кодекстегі сот бұйрығы негізінде берешекті өндіріп алу тәртібі қаралған 134-бап жаңа редакцияда жазылып, сот бұйрығы сот актісі болып табылды. Судья борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өндіріп алушының арызы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы өндіріп алушының арызы бойынша электрондық форматта шығарады.

Кодекске толықтырылған 187-1-баптың талаптарына сәйкес, сот, іске қатысатын адамдар, куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар сот талқылауы барысында материалдық және цифрлық ақпарат жеткізгіштері бар техникалық құралдарды соттың рұқсатымен пайдалануға құқылы.

Азаматтық процестік кодекстегі татуластыру рәсімдері қазір сотта да жүргізіледі. Сотқа дейінгі татуласу рәсімі бар, сотқа келгеннен кейін де бітімгер судьяның көмегімен бітімге келуге болады. Бұрын судьяларға тараптарды татуластыруға бес күн уақыт берілсе, аталған заң аясынд енгізілген өзгеріске сәйкес, судьяға 10 күн уақыт берілді. Бұл өз кезегінде жер, еңбек, мұрагерлікке қатысты дауларда тараптарды татуластыруға өз үлесін тигізбек.

АПК-да көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сотқа қосымша өкілеттіктер берілді.

Атап айтар болсақ, кодекстегі 15-баптың 3-бөлігіне сәйкес, сот енді объективтілікті жəне бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың істің мəн-жайын толық зерттеуіне, процестік құқықтарын іске асыруына қажетті жағдай жасайды. Енді сот іске қатысатын адамдарға құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп қана қоймай, олардың құқықтық позициялары мен дəлелдемелерін нақтылап, тараптармен істің мəн-жайын талқылайды, сонымен бірге оларға өз құқықтарын жүзеге асыруға жəрдемдеседі. Сондай-ақ, судья тараптар ұсынған дәлел, уәжбен шектеліп қалмай, өз бастамасы бойынша іске қатысты материалдарды жинау жəне зерттеу, тараптар дəлелдерінің негізділігін, сотқа ұсынылған дəлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды. Судья екі тарап ұсынбаған дәлелдемелерді сұратып, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз пікірін білдіруге де құқылы.

Тараптардың сотқа ұсынған дәлелдерін ескере отырып, сот өз қалауы бойынша өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіру, талап қоюды қамтамасыз ету шараларын ауыстыру, қате жазу мен анық арифметикалық қатенi түзету, мүлкі өндірілген ақша сомасын индекстеу, хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулер, шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыздар бойынша сот отырысын өткізу қажеттігін айқындайды.

Сонымен бірге, аталған заңға сәйкес, кодекс процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыруды көздейтін сот приставының және аудармашының ұғымдары, өкілеттіктері, құқықтары мен міндеттері қаралған 56-3 және 56-4-баптармен толықтырылды. Сондай-ақ, арнаулы бөлме ретіндегі кеңесу бөлмесі ұғымы алынып тасталды.

Аталған өзгерістер мен толықтырулар сот процесінде істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз етіп, еліміздегі азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызы зор деуге болады.

Қызылорда қалалық сотының төрағасы Мұхтар Еркінбеков

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *