QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ӨЗ КАРТАҢЫЗ АРҚЫЛЫ ӨЗГЕГЕ ТӨЛЕМ ЖҮРГІЗЕ АЛМАЙСЫЗ

Автор:QAA.kz

Авг 6, 2020

Көпшілік арасында қоғамдық бағытталған тақырып пен көтерілетін мәселелер қашан да «тізесі шықпайдының» кебінде. Өзекті проблема сынға түскенде, оның назарға алынуы жауаптыларға жүктеледі. Айталық, аталған салаға қатысты әу бастан жыр болған біршама мәселелер жыл санап реттеліп те келеді. Заман талабына сай жүзеге асқалы тұрған төлем жүйесіндеі жаңалықтар да қала төңірегіндегі кезекті бір жетістік болса керек…

Қала тұрғындары енді қоғамдық көлікте шетелдіктердің тәсілдерін негізге алуы тиіс. 1 қыркүйектен бастап тасымалданушылар автобустарда әмияндарынан жол ақыларын санап әуреленбейді. Себебі, қолма қол төлем жүйесі бір емес бірнеше әдістермен алмаспақ.

«Қызылорда автобус піркі» ЖШС-і, «Алемпей» ЖШС-і, «Қызылорда қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары және тұрғынүй инспекциясы бөлімінің келісімдері өткен жылдың соңында бастау алғаны белгілі. Тіпті, жыл басында қолданысқа енгізілуі тиіс бұл төлем жүйесі эпидемиологиялық ахуалға сәйкес, кейінгі шегерілігені тағы бар. Мақсат – қолма қол төлем жүйесін азайтып, жүргізуші мен жолаушы байланысында қолайлы жағдай жасау, қоғамдық көліктердегі табыстарды анықтау. Аталмыш жобаның ерекшеліктеріне жолаушылар саны мен төлем жүйелері қадағалауда болатынын, тасымалдаушылар мен жолаушылар арасында мәдениеттілікті қалыптастыратынын айта кеткен жөн. Мұның алғышарты да жүзеге асты. Мәселен, автобус паркіне 95 терминал, 89 валидатор және жүргізушілерге арналған 120 карта енгізілді. Ал наурыз айында қаламызға 20,0 мың оқушыларға және 50,0 мың ересектерге арналған карталар әкелінген болатын.

Осы тұрғыдан жол ақысындағы өзгерістерді де айта кетелік. Ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жолақысын төлеу 90 теңгеге сәйкестендірілсе, қолмақол төлем 120 теңге болып бекітілді.

Аталған ақпараттарды қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-і директорының орынбасары Қанат Рахметов, «Alempay» ЖШС-нің жергілікті өкілі Бахытбек Абат, Қызылорда қаласының тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев мәлімдеді. Қаладағы қоғамдық көліктердің жұмыс жүйесіне қатысты өзге өзекті сауалдарға мамандар тарапынан берілген жауаптарды ұсыналық.

— Қоғамдық көлік жетіспеушілігі өзекті мәселе. Автоубс саны жақын арада артады ма?

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС-і директорының орынбасары Қанат Рахметов:

— Жоспар бойынша тамыз, қыркүйек айларында тағы 13 автобуспен толығуы тиіс. Алайда, ол жоспардың уақытылы жүзеге асуы әзірге белгісіз.

— Аталған жаңа жобаны жүзеге асыруға сәл уақыт қалыпты. Жеке кәсіпкерлер тарапынан келісім бар ма?

Қызылорда қаласының тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев:

— Электронды билет жүйесін қолданысқа енгізу алдында арнайы жиындар ұйымдастырылып, онда түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдымен, жеке кәсіпкерлерді қолдау үшін де бұл бастама Қызылорда автобус паркіне тиесілі көліктерден бастау алды. Әріқарай жеке кәсіпкерлердің көліктеріне де құрылғылар орнатылатын болады.

— Карталарды тұрғындар тек қоғамдық көліктердің жүргізушілерінен ғана сатып алады ма? Мәселен, басқа қалаларда ол үшін қоғамдық орындарда арнайы терминалдар орнатылған.

«Alempay» ЖШС-нің жергілікті өкілі Бахытбек Абат:

— Алдағы уақытта бұл үшін қосымша бөлімдер ашылып, жұмысқа жауапты мамандар алынады. Халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында міндетті түрде аталған карталар сатылымға шығады. Алайда, карантин режиміне сәйкес, халықтың бір ортада көп шоғырланбауын құп көрдік. Соған сәйкес, карталарды әзірге жүргізушілерден ғана алуға болады.

— Карта бағасы қанша?

— Ересектерге арналған картаның бағасы 500 теңге болса, оқушыларға арналған нұсқасы 400 теңгеге сатылуда.

— Сонда, кондукторлар жұмыстан шектеледі ме?

Қ. Рахметов:

— Қазір карантин режиміне байланысты қоғамдық көліктермен қызметкерлерге, жолаушылар санына шектеулер бар. Осыған байланысты кондукторларды қызметтерінен босаттық. Бұл да адамдардың қауіпсіздігі үшін дұрыс шешім. Тағы айтарым, қоғамдық көлікке мінген кезде жолаушылар жол ақысын төлеуге міндетті. Бізде діттеген мекенжайға жеткен соң ғана төлейтін әдет қалыптасқан. Осы аталған олқылықты болдырмас үшін тиісті насихат жұмыстары жүргізілуде.

Б.Далабаев:

— Тұрғындар тарапынан қолайсыз жағдайлар орын алмасы үшін жоба аясында зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, жолаушылар тарапынан айтылған кемшіліктер саралана келе, кондукторлардың да қызметіне қатысты шешім қабылданды. Алайда, олардың алдағы уақытта жұмыс істеулері әлі де талқыға түсуі мүмкін. «Көш жүре түзеледі» демекші, жаңа жоба іске асқан бастапқы сәтте электронды билет жүйесімен қоса, қолма қол төлем жүргізіледі.

— Егер кондукторлар жұмысын жалғастырмаса, жолаушылардың төлем жасағанын қалай анықтай алады?

— Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істейтін мамандар әркез тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Олар жүргізушілердің уақытылы билет беруінен бөлек, жолаушылардың төлем жасауын да қадағалайды. Тексерушілердің қолдарындағы арнайы құрылғы арқылы жолаушы картасының төлем жасағанын анықтай алады. Аталған құрылғы арқылы қай уақытта, қандай нөмірлі автобуста төлем жасағаны туралы да мәліметтерді көре алады. Сондай-ақ, жеке жолаушы өз төлем картасы арқылы қасындағы танысына төлем жүргізе алмайды.

— Бастапқыда электронды билет бағасы 80 теңгеге тұрақталған еді…

Б.Далабаев:

— Жоспар бойынша баға 80 теңгеге ұсынылған болатын. Халыққа және тасымалдаушы жеке кәсіпкерлерге, қызметкерлерге де тиімді жағы қаралып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық кеңесте, кәсіпкерлер палатасының жанындағы арнайы комиссияда талқыға түсті. Саралана келе, электронды төлем негізде 90 теңге, қолма қол 120 теңге болып бекітілді.

— Ардагерлер мен мүгедек жандар үшін жаңа жобада қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Б.Далабаев:

— Бұл әлі талқыға түсіп жатқан тақырыптардың бірі. Шешім қабылданып, жүйеге еңгізер алдында нақты ақпарат беріледі.

— Жол ақысын төлегенін растайтын түбіртек автобустарда беріледі де, кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктерде неліктен қарастырылмаған?

Қ.Рахметов:

— Күнделікті техникалық қадағалаудан өткен кезде әрбір кіші сыйымдылықтағы көліктерге ересектерге арналған 200, балаларға арналған 50 билет және орта сыйымдылықтағы автобустарға ересектер үшін 270, балаларға 70 билет беріледі. Ол билеттерді төлем жасаған әр жолаушыға беру міндетті. Тексеру тобының анықтауына сәйкес, кондуктордың кінәсі болса кәсіпкерге, егер ақшасын төлеп билет алмаса жолаушыға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Осындай олқылықтар орын алмасы үшін де жаңа жобаның маңызы зор.

Б.Далабаев:

— Жасыратыны жоқ, төлем төлегеннен кейін кондукторлар тарапынан билет бермеу фактілері жиі кездеседі. Бұл туралы осы күнге дейін де талқыға түсіп келеді. Алайда, қызметкерлер міндеттерін толық орындамаған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Жолаушыларға дұрыс қызмет көрсету оларға жүктелген негізгі міндет.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *