QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ӨЗ КҮНДЕРІН ӨЗДЕРІ КӨРГЕН

Автор:QAA.kz

Фев 22, 2019

Абай, Досан ауылы аталатын қос елді мекенді біріктірген қаламен іргелес қалың қоныс Қосшыңырау ауылдық округінде де көп балалы отбасылар қатары баршылық көрінеді. Ресми мәліметке сүйенсек, екі елді мекенде 84 алтын және күміс алқа­лы көп балалы аналар бар. Бұл қатарда бүгінде қарттық төрінде отырған Кеңес Одағы тұсында «Батыр ана» атанған әжелер де бар. Ал, 35 жасқа дейінгі көп балалы аналар екі ауылда төртеу екен.

Дүйім елге дүмпу салған «көп балалы аналар мәселесіне» бұл елді мекендегі аналардың да селт етпей қалмағаны анық. Ауылдық округ әкімдігіне баспана мәсе-лесін, жұмыссыздық мәселесін шағым етіп келіп жатқан аналар қатары да бар­шы­лық екен. Ортақ жағдаяттың талқыға түсуімен белсенділік арта түсті дегенмен аталған мәселелердің күні кеше пайда болмағаны да белгілі. Сондай-ақ, алдағы шешімдер-дің қандай болатынына қарамастан «біреуден ілгері, біреуден кейін» тұрмыс деңгейі қай жерде де бола беретіні рас…

Жақын күндері ауылға жолымыз түсіп, көп балалы бір-екі отбасында болып, тұрмыс-тірлік, күнкөріс жағдайымен танысқан едік. Көргенімізді айтайық.

Біз ат шалдырған үйдің бірі ауылдық округтің орталығы Абай ауылындағы Кенжеевтер шаңырағы. Осы ауылда туып өскен бүгінде жасы қырықты орталаған Ақан Кенжеев пен Жалағаш ауданы, Ақарық ауылының тумасы Шара Қожамұратованың отбасында алты бала өсіп келеді екен. Балалардың бәрі мектеп оқушылары, тегіс сабаққа кеткен кезге тап болыппыз.

Кәсіпорында, мекемеде істейтін жұмыстары жоқ. Ерлі-зайыптылардың екеуі де үйде болып шықты. Енесінің қайтқан күніне орай көрші-көлемге құран оқытып шай беріп жатыр екен. Тұрақты жұмысы жоқ дегенмен, қол қусырып үйде отыру әдеті жоқ шаруақор отағасының үйден табылған себебі де сол. Көрші-көлемнен жағдай сұрасқанымызда «Аман­шылық, шүкір» дегеннен ұзатып ештеңе айта қоймады. Күміс алқалы ананың өзі де «бүгінгі күннің өзекті тақырыбы» көп­балалы аналар мәселесін қаузай қойған жоқ. «Үкіметтен қолдау болып жатса артық болмайды. Үкімет береді екен деп қарап отыруға да болмайды» деп мәселеге орай көзқарасын білдірді отағасы. Жұбайы күлімсіреп қоштау білдірді.

Бір бұл ауылдағы емес, жалпы ауыл­дағы көптеген отбасылардай бұл отбасы да бәз-баяғыдай «өз күндерін өздері көрген» қазіргі тілмен айтқанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатында. Екеуінің де мамандықтары болғанмен, сәйкес жұмыс жоқ. Сондықтан өздерін өзі жұмыспен қамтымағанда қайтеді? Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың да өнімді, өнімсіз деп бөлінетіні белгілі. Осы орайда атап өтерлігі, қос ауылды құрайтын Қос­шыңырау халқының саны бүгінде 3140 болса, экономикалық белсенді азаматтар саны 1736, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар саны — 451, оның 426-сы өнімді, 25-і өнімсіз  «күнкөрістегі» жұртшылық екен. Ресми тізбеде бұл отбасы «өнім­ділер» санатында болса керек.

«Үкімет береді деп отырмайтын» отбасының өнімді тірлігі қандай?

Мамандығы бухгалтер Шара бүгінде Абай ауылына белгілі кондитер десе болғандай. Шараның пісірген торттары ауылдастарының сұранысына ие көрінеді. Ақанның жеке тракторы ауылдықтардың шаруасынан босамайды. Жаздай пішен тасиды. Техника тілін білетін шаруақорды күзгі егіншілікте шаруа қожалықтары «қалап әкетіп» комбайнға отырғызады. Жеке қажетіне жазда пішен шауып, қыста қамыс орса ол да отбасылық бюджетті нығайта түсетін қосымша қаражат. Ерлі-зайыптылардың жыл бойына тынымсыз еңбек, ыждаһатты талпыныстарының жемісі өткен жылы отбасы бір жылы қабырғасын қалап, келер жылы ішкі жұмыстарын аяқтап дегендей бірнеше жыл адал еңбекпен тұрғызған жаңа үйін толық аяқтап, қоныс тойын тойлапты. Үй иелерінің жарастықтағы тұрмыс-тірлігін айқындағандай жаңа үй ұқыпты жинақы­лығымен көз қуантады.

Алты баланың алды бүгінде 7 сыныпта оқып жүр екен. Кішкентайлары егіздер 6 жастағы Жарасқан мен Салидат мектепке барып жүр. Ауыл балалары әдетте жастайынан шаруаға араласып өседі ғой. Шара да балаларының алды қолғанат болып қалғанын айтады. Ауылдас­тарының тапсырыстарын қазір де қыз­дарының көмегімен қиналмай орындап жүр екен. Ақан да үй құрылысында кіш­кентай қыздарының бір түйірлеп кесек тасып шүпірлеп жүргенін айтып күліп, шүкірлік білдірді. Әрине, адам баласы «қара нанның қамымен ғана өмір сүр­мей­ді» дегендей, күнделікті тұрмыс-тірліктен бөлек балалардың болашағының қамы да керек. Тәлім-тәрбие беріп, оқу-білімге ынта қоюын назарда ұстау маңызды.

«Заманында» педагогикалық кол­ледждің дипломын алған әке бұл жағдайға баса мән беретінін білдірді. Бұл үйде кітап оқылады екен. Үй тапсырмасы міндетті түрде қадағаланады. Балаларға есеп жөнінде анасы қолғабыс етсе, әкесі орыс тілі, ағылшын тілінен көмектеседі. Жалпы ауыл балалары арнайылап репититорға бармайтыны да мәлім. Бұл үйдің бала­ларының «репититорлары» күнделікті жандарынан табылады деуге болады. Тәлім-тәрбиеде: «ата-анамыз өзімізді қалай тәрбиелесе, біз де солай тәрбиелей­міз. Үлкенді сыйла дейміз, өз наныңды өзің тауып жеуге үйрен дейміз, кәдімгі қазақы тәрбие ғой»,- дейді Шара. Балалар сол тәрбиені бойына сіңіріп өсіп келе жатқанға ұқсайды. Қазір де олар өз бейім­діліктерін танытып, болашақта кім бола­тындарын «айқындап та қойғанын» айта­ды әкесі жылы жымиыспен. Математика, жаратылыстану пәндеріне қызығушы­лығы басым 7 сыныпта оқитын Айдана дәрігер мамандығын қалайтынын айтқан. 6 сыныпта оқитын Қамажай ағылшын тілі маманы болғысы келеді. Қазір бар болға­ны 3 сыныпта оқитын Ақбота әкесіне «маған шаштараз салып бер» — деп жүрген көрінеді. 2 сыныпта оқитын Ұлғаным, егіздер Жарасқан мен Салидат «балалық шағы — патшаның тағы» дегендей әзірге балалық еркелік армандарынан ауыса қоймаған.

Балалардың қамын ойлаған ата-ана алдағы уақытта Шараның әзірге жеке­леген тапсырыстарды орындаумен шек­телген кондитерлік шеберлігіне жаңа өріс ашып, кондитерлік кәсіпті жүзеге асырсақ деген мақсаттары барын жасырмады. Шаруақор отбасының қолынан келмес шаруа емес, әрине. Кәсіпкерлікті дамы­тудың 3 жылдығы аясындағы қолдаулар­дың нәтижесі бұл берекелі отбасында да көрініс берсе ғажап емес.

Абай ауылындағы тағы бір көп балалы отбасының тыныс-тірлігімен танысудың сәті түсті. Бұлар осы ауылдың тумалары, 1977 жылғы кластастар Мейрамбек Қарауылов пен Марфуға Әбуованың отбасы. Бұл шаңырақта 7 бала өсіп келеді. Балаларының алды студент, кәмелет жасына толған, кішісі 3-те.

Нарқыз, Аслан, Нүрсая, Жасұлан, Нұрбибі, Бегімсұлу, Аянат. Бала-шағаның ересектерінен колледж студенті Аслан мен кішкентайлар бар екен. Басқасы сабақта. Ерлі-зайыптылардың екеуі де үйден табылды. Марфуға бірыңғай үй шаруасында екенін айтты. Балалардың күнделікті тамағын әзірлеу, киім-кешегін ұқыптау, сабақтарына көмектесу, үй-ішінің басқа да шаруалары бір адамның қолын босатпайтыны да рас. Оның үстіне «қасына қарауыл болмаса болмайтын» кішкентай балалар да бар.

Мейрамбек қысы-жазы ауылдағы маңдайалды шаруа қожалығы «Ақжолдың» шаруа барысында. Егіншілік науқанда егістікте. Егін науқаны аяқталысымен шаруа қожалығының мал шаруашылығы жұмысына болысады. Үй іргесіндегі қора-қопсының маңайында көзге түскен түліктердің сол шаруа қожалығының иелігінде екенін білдірді Марфуға. Жазда егінші, қыста малшы дегендей маусымдық жұмыс та ауылдағы жұмыссыздық жағдайында жаппай табыла бермейді. Және кез-келген кәсіпкердің шаруаға бейім, еңбекқор жұмыскерге таңдау жасайтыны белгілі. Сондықтан жеті баланың асыраушысы Мейрамбекке де жыл бойына еңбектен қол үзуге болмайды. Еңбекқорлығының нәтижесі болса керек, жұбайы Марфуға бізбен әңгіме барысында баяғы ел үлкендерінің әдебінен аспай, «бала-шағаның несібесіне бұйырғаны болып жатыр» дегенді айтады. «Көп балалы әйелдер мәселесі» оңтайлы шешім тапса да құба-құп дейді, дегенмен, «елмен бірге көреміз» деген сабырлы сөзбен. Өзі де көп балалы отбасынан шыққан Марфуғаның бұл мінезі бүгінде ел-жұрттың, бала-шағаның амандығын тілеп отырған бүкіл ғұмырын бала-шағаның қамына арнаған ақ шашты аналардан дарыған қасиеттей риясыз сүйсіндірді.  Артық сөзі жоқ, шаруақор отағасы Мейрамбек, жарқын жүзді, ашық мінезді Марфуға сынды жандар ауылдың киесін сақтаушылар, кешені бүгінмен жалғастырушылар сынды көрінді. «Мәселе атаулы» жайында қалды… Бір шеті жазық далаға ұласатын ауыл шетіндегі шаруақор шаңырақ иелерімен елжірей қоштастық. Бір кездердегі ауыл баласының қайсыбірінің де көңіл түкпірінде жүретін ауыл — аңсарының мауқын басардай мамыражай шаңырақ екен Мейрамбек пен Марфуғаның үйі.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қосшыңырау ауылдық округі бойынша кәмелетке тол­маған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызілікті, көп балалы ата-аналардың әлеуметтік жағ­дайы мен өрт қауіпсіздігін анықтау мақсатында:

«Кәмелетке толмаған бала­ларды тәрбиелеп отырған жал­ғызілікті, көп балалы ата-ана­лардың әлеуметтік жағдайы мен өрт қауіпсіздігін анықтау үшін ауылдық округ бойынша жұмыс тобы құрылып, жұмыс жасауда» деген ақпарат алдық ауыл әкімдігінен.

 Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *