QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қызылорданың қала күні тойлансын!..

Автор:QAA.kz

Окт 21, 2021

Біздің сауалнама

 Облыс орталығының дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген жастардың қаланың келбетіне, ілгерілеу бағытына қатысты айтар ойлары да жоқ емес. Осы орайда, қала күні қарсаңында Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттарының пікірлерін білу мақсатында сауалнама жүргізгенді жөн санадық.

Қала дамуына қандай үлес қостым деп айта аласыз?

Еліміздің алғашқы астанасы ретінде қалаға қандай тарихи ерекшелік енгізу қажет деп ұсынар едіңіз?

Ал бүгінгі келбетіне қандай жаңашылдық керек деп ойлайсыз?

Өзге қалалардан ерекшелігі неде деп айтар едіңіз?

Қала күнінің тойлануына көңіліңіз толады ма?

Мерекелік лебізіңіз…

«Қызылорда су шаруашылығы» өндірістік учаскесінің басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Жорабек НҰРЫМБЕТОВ:

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫБАРЛЫҚ ТІРШІЛІКТІҢ, ЭКОНОМИКАНЫҢ КӨЗІ

1. Қаланың өсіп-өркендеуіне қала ішінде барлық салада қызмет етіп жүрген әрбір азамат өз үлесін қосып жүр деп есептеймін. Мен де депутат ретінде қаламыздың экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсартуда өз қабілетіме қарай үлес қосып келемін. Солардың барлығына емес, бірқатарына тоқталып өтейін. Ең бастысы қала халқын Қызылжарма жерасты ауыз суымен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс берілген болатын. Сол ұсыныстың бүгінгі күнге іске асып, қала халқының ауыз сумен қамтамасыз етілуі. Қызылорда қаласы Қызылжарма жер асты суымен қамтамасыз етілуде. Сол сияқты бірнеше жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан КБИ мөлтек ауданындағы жаңа мектептің салынуын айтар едім. Тасбөгет кентіндегі 16 көшеге асфальт салынып, жарықтандыру жұмысының жүргізілгені, елді-мекендердегі ауыз су, аяқ сулға қатысты түрлі мәселелердің шешілуі де бар. Биылғы жылы су тапшылығына қарамастан қала ішіндегі саябақтар мен үй іргесіндегі жерлердің қажетті аяқ сумен қамтамасыз етілуі де орындалған жұмыстың бірі болды. Сондайақ, Республика арқылы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы бөлінетін қаржының шешілуіне бірденбір ықпал еткеніміз де бар. Жалпы, қаланың тұрғыны және депутат ретінде барлық бағыттағы мәселелердің дер кезінде реттелуіне титімдей болса да үлесімді қосудамын. Бұл – менің азаматтық парызым деп білемін.

2. Еліміздің алғашқы астанасының тұрғыны ретінде тарихты ұмыт қалдырмау жөніндегі ұсынысымды жеткізгім келеді. Яғни, кезінде астанамыздың Орынбордан Ақмешітке келуіне үлес қосқан қоғам, мемлекет қайраткері атанған ағаларымыз туралы мәліметтерді бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етіп, насихаттап және олардың ел үшін атқарған жұмыстары туралы мәліметтерді кеңірек баяндалса деймін. Сонымен бірге, Қызылорда қаласының символы ретінде Сырдария өзені мен су плотинасының макетін қаланың кіреберісіне қойса деген ұсынысым бар.

3. Бүгінгі қала келбетіне қажетті жаңашылдықтың бірі деп қаланың архитектуралық келбетінің өзгергенін қалар едім. Тұрғындар мен қала қонақтары жиі серуендейтін саябақтарды көбейткен жөн деп есетеймін. Ең негізгісі аяқ су жолдарын қалпына келтіріп, қаланы көгалдандыруға мән бергеніміз жөн. Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыстан кіретін қаламыздың кіреберістерін жасыл желектерге айналдыру мәселесі қолға алынуы қажет. Ол сырт көзге де әдемі көрінеді.

4. Қызылорда қаласының өзге қалалардан ерекшелігі ретінде Сырдария өзенінің жағасында орналасуында деп едім. Сондай-ақ, Батыс ЕуропаБатыс Қытай автодәлізінің және темір жол жолақтарының кесіп өтетіні де бар. Сондықтан да Қызылорда қаласыбарлық тіршіліктің, экономиканың көзі деуге болады.

5. Барлық санитарлық норманы сақтай отырып, әлі де халықтың, қаламыздың өсіп-өркендегенін сезінетіндей іс-шара жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Айтулы мерекемен барлық қала тұрғындарын құттықтаймын. Ең бастысы әр тұрғынға денсаулық, әр отбасына бақ-береке бұйырсын. Қаламыздың өсіп-өркендеуіне әрбір тұрғын өз үлестерін қоса берулеріне тілектеспін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсізідігіміз мәңгілік болсын, ағайын!

«Сыр Еркесі» балабақшасының меңгерушісі, қалалық маслихаттың депутаты Раушан ЫСҚАҚОВА: «ҚАМЫСТЫ ҚАЛА» АТАУЫМЕН ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТУРИСТІК ОРТАЛЫҚ САЛУДЫ ҰСЫНАМЫН

1. Менің аймағыма «Арай» және «Арай-Шұғыла» мөлтек аудандары, «СПМК 70», «Сырдария» аудандары кіреді. Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда «СПМК 70» ауданында үлкен инфрақұрылым жүріп жатыр. Қаланың көркеюіне үлкен үлес қосылуда. «Арай-Шұғыла» мөлтек ауданы бұрын саяжай аумағына жататын, қазіргі таңда қала статусын алып, қаржы бөлініп «Арай-Шұғылаға» ауыз су кіріп, 9 көшесіне тас төселіп, жарық тораптары тартылуда. Арай мөлтек ауданында Арай КТПН-406, қиылысы КТПН Байшешек көшесі, Арай Шукенов көшесі, Арай КТПН-499 Жастілек көшесі, Кетебай би көшесі, Арай КТПН312 Жауқазын және Гүлдала көшесі, Арай КТПН-262 Абай және Жахаев, Сырдария көшесі, Арай КТПН-145 Кетебай би көшесі, Арай КТПН-406 Шукенов көшесі, Арай КТПН-312 Аққайың, Арай КТПН-27 Оралбай, Абдірев көшелері, Арай КТПН-280 Арай-16 көшесі, Арай КТПН-666 Арай -4, Арай-6 көшелері, Арай КТПН-323 Абдіразақов, Арай КТПН-506 Арай8, Арай-17 көшелері, Арай КТПН-499 Гүлдала және Алдаспан, Арай КТПН 444 Текебай батыр көшесі, Арай КТПН-262 Арай-10 көшесі Орынбор көшелеріне жарық тораптары тартылуда. Бұл қала дамуына депутат ретінде қосып жатқан үлесім. Сондайақ, балабақша меңгерушісі ретінде Сырдың еркелері яғни бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәлімі мен біліміне, олардың жан-жақты болып өсуіне, шаралар арқылы өнердің түрлі бағытына баулуға да тәрбиешілермен бірге септігімді тигізіп келемін. Айта кетерлігі, бұл бағыттың ілгерілеуіне менен өзге де әріптестерімнің, басқа да балабақшардағы қызметкерлердің үлестері барын да айта кеткен жөн.

2. Қаламыздың қарыштап дамуына ертеректен үлес қосып, тәуелсіздік алған жылдардан бері адал қызмет жасап келе жатқан тұлғалар тиісті деңгейде дәріптелуі керек деп ойлаймын.

3. Қаламыздың экономикалық және әлеуметтік дамуын, еліміздің алғашқы астанасы екенін ескере отырып, өзге мемлекеттерге, облыстарға үлгі боларлықтай, өзгеше нұсқада салынған демалыс орындарын арттыруда ұсынар едім. Осы негізде қаламыздың көркейіп, дамуын, басқалар сұлулығына тамсанардай болғанын дұрыс деп білемін.Сондай-ақ, туризм саласын дамыту мақсатында «Қамысты қала» атауымен заман талабына сай туристік орталық салуды ұсынар едім.

4. «Шешілмеген шиені тырнақ шешпесе, тіл шешер» дегендей, «Сыр елі — Жыр елі» ретінде танылған қаламыз талантты ақын-жазушылардың,әнші–бишілердің, жыршыжырауларымыздың мекені ретінде ерекшеленеді.

 5. Әрине, қала күні үлкен іс-шаралармен атап өтіледі. «Қадірлесең құт қонады, бағаласаң бақ қонады» демекші, бүгіндегі құндылығымызды қадірлеп құт қондырып, бағалап – бақ қондырып, қала күні мерекесін тойлауды жоғары деңгейде өткізуге атсалысып отырған қала акімі Ғанибек Қонысбекұлына, қала азаматтарына, қала халқына алғысым шексіз. Қала күнін тойлау тарихи, танымдық, тарбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебім Қамысты қала алғашқы Астанамыз болды. Сан түрлі арман-қиялдарды жүзеге асырып, тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те көркем қала. Қызылордамыздың бүгінгі көркі жанымызды шымырлатып, сұлулықтың жылы лебімен тербейді. Бүгінгі өмірдің талабына сәйкес тұрғызылған биік ғимараттар көз қуантады, көңілімізді шарықтатады.

Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан Қызылордамыз өсе берсін! Асқақтай бер ару қалам – Қызылордам! Қала күні мерекесі құтты болсын!

Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ұмай» емдеу-тәрбиелеу балалар үйінің директоры, қалалық мәслихаттың дептутаты Анар ІЗДЕН: ҚЫЗЫЛОРДА ДЕГЕНДЕ КЕУДЕМІЗДІ МАҚТАНЫШ СЕЗІМІ КЕРНЕП, БОЙЫМЫЗДЫ ТӘТТІ СЕЗІМ БИЛЕЙДІ

1. Қызылорда қаласының қарапайым тұрғыны ретінде тұрғын үйімнің ауласын көгалдандыру, тазалығын сақтау және осы жұмыстарға көршілерді араластырып үлесімді қоссам, педагог ретінде қаламыздың жастары мен кішкентай тұрғындарының жан-жақты, өнерлі, білімді, тәрбиелі болуы жолында еңбек етіп келемін, кәсіпкер ретінде жұмыс орнын қалыптастырып отырсам, қоғамдық ұйым өкілі ретінде туған өлкеміздің дамуы жолындағы жүздеген ірі жобаларды жүзеге асыруға ұйытқы болдым. Депутат ретінде ең алдымен қаланың алыс елді мекендерін дамыту жөніндегі сұрақтарды көтеріп, оның шешімін табу бойынша көп жұмыстар атқарудамын. Әсіресе, «Сабалақ» саяжайына «елдімекен» статусын беру, ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарын жақсарту мәселелері бойынша сұрақтар көтеріп, олар келесі жылдың бюджетіне енгізіліп оң шешімін табуына мүмкіндік жасалғаны, қаланың орталығында орналасқан 1957 жылы салынып, бүгінгі күнге дейін қайта жаңғыртудан өтпеген екі қабатты Жандосов көшесі 25 үйдің апатты деп танылып, тұрғындары жаңа үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік алуы қаламыздың дамуына қосқан үлкен үлесім деп білемін.

2. Сыр елі «Алаштың анасы» деп бекерге айтылмаған. Сырдарияның жағалауын мекендеген қасиетті өлкенің әрбір ескерткіші, көшесі, көне ғимараты шежіреге, тарихқа толы. Ежелден «Сыр елі – Жыр елі» атағы қалыптасып, жырау, жыршы – термешілік өнері бүгінгі күнге дейін жалғасқан шайырлар мекені.1926 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылған мәдениет ошағы. Қорқыт бабаның, Жанқожа мен Бұхарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейлері Кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, Әбдіжәміл мен Қалтайдың және көптеген дарынды перзенттердің туған өлкесін, мәденет астанасы десе де болады. Осындай тарихи, мәдени, дарындылар туған мекенде мәдени ошақтары: театрлар, мұражайлар, балалар өнерін дамытып, білімін жетілдіре түсетін үйірмелер, жастар мен балалар театрлары, отбасымен демалып, шығармашылығын дамытатын орындар көптеп ашылса екен деймін.

3. Қала келбеті күн санап әсемденіп, жасыл аймаққа айналу жолында біраз жұмыстар атқарылуда. Сол жағалаудан қала құрылысы бастау алып, жаңарып, көркейіп, аумағы кеңейіп, халық саны да артып үлкен серпіліс байқалуда. Қаламыздың әрбір тұрғыны, әсіресе жастары мәдениетті, өнерлі, рухани бай, бәсекеге қабілетті, креативті ойлайтын, позитивті болуына жағдай жасауға бағытталған жастар әзірлеген жобаларға қолдау білдіріп, жүзеге асыру қажет. Ашық аспан астындағы демалыс орындарын, парктер алаңын салу, қоғамдық көліктерді түрлі-түсті етіп, адамдардың көңіл-күйін көтеретін етіп безендіру. Қала көшелерінде орналасқан баннер, билбордтарға қарағанда еріксіз жымиятын, бақыт сезіміне бөлейтін көріністерді бейнелеу секілді қарапайым нәрселерден жаңашылдық басталса екен деймін. Жастар классикалық қара түсті киімнен ауытқып, ашық, жарқыраған түсті киімдер киюге жақын болса, өздерін еркін ұстап, ойларында жүрген керемет идеяларды жүзеге асыруға талпынып тұрса екен деймін. Қала көшелеріне қоқыстарды бөліп салатын экожәшіктерді көптеп орнату, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы түрлі жобаларды жүзеге асыру, веложолдар, балалардың ойын алаңдарын заманауи үлгіде көптеп салу бүгінгі заман талабы деп ойлаймын.

 4. Қызылорда өзінің қазақилық, қарапайымдылық, ықшамдылығымен, әрбір тұрғындарының өнерге жақындығымен ерекшеленеді. Қала тұрғындарының тазалыққа мән беріп, аула­сының гүлденуіне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы, экологиялық тақырыптарға мән беріп қарай бастауы қуантады, сонысымен ерекшелене түседі.

5. Мен дүркіреген той жасау, аста – төк етіп шара ұйымдастыруға қарсы көзқарастағы адаммын. Үлкен мерекелік шараларда орталық алаңға ешқашан барған емеспін. Мен қаланың жайлы, адамдарға ыңғайлы болуын қалаймын. Әрбір адам өзі көңілі қалаған уақытта, ішкі жан дүниесі мерекені қалаған сәтте, кәсіби немесе отбасылық мерекесінде тек мейрамхана немесе кафелерде емес, ешқандай үрейсіз, қорқынышсыз достарымен, отбасымен мәдени орындарда, ашық алаңдарға барып атап өтуге, театрға, конгресс-хол, концерттік залдарға барып өздеріне рухани демалыс сыйлауға мүмкіндік алса. Мерекені өнер қайраткерлері өз шығармашылығымен сыйласа, олар өз өнерін толыққанды көрермендеріне жеткізуі үшін бар жағдай жасалса. Халықты бір жерге жинап қойып концерт тамашалату, бір орталық алаңды айналдырып жүргізуден басқа тұрғындардың өз көңілі қалауы бойынша мерекені атап өтуге жағдай жасалса деймін. Биыл Тəуелсіздігіміздің отызыншы жылына аяқ басамыз. Жай ғана емес үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, ұлы мақсаттармен алға қадам басудамыз. Біз үшін бұл кезеңдер — ғасырға бергісіз, əр айы жылға, әр күні айға татитын, жарқын да шешуші кезеңдерге толы тұтас бір дəуірді құрады. Ұлы да, Ұлық мерекелермен барша жерлестерімді шын жүректен құттықтай отырып, Алаштың анасына баланатын қасиетті аймақтың азаматтары ретінде тәуелсіз Еліміз, келешек ұрпақ алдында біздің ерекше жауапкершілігіміз бар екенін естен шығармауға шақырамын. Ата-бабамыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған, туған жеріміздің келбеті көркем, еңсесі биік, экономикасы қарышты болуы үшін одан әрі жұмыла жұмыс істеуге әзір болайық!

Алашқа ана, қамыққанға пана бола білген туған жеріміздің туы биік болғай!

Қаламыздың көркейіп, гүлденуінде әрбір қызылордалықтың қосқан үлесі бар, қосары әлі де өте көп. Қызылорда дегенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, бойымызды тәтті сезім билейді. Қаламыз жасай берсін, жаңара берсін!

Депутаттармен тілдескен А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *