QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Қызылорда төсек орнын қамдады

Автор:QAA.kz

Окт 21, 2020

Бүгінде короновирустың екінші толқынына өңірдің дайындағы бір пысықталып, медициналық техникалық жабдықтар қайта жасақталды. Оның ішінде өкпені жасанды тыныс алдыруға арналған  244 ИВЛ аппараты да бар. Егер де жазатайым ахуал ушығып, өңірде қиындықтың белең алуы байқалған жағдайда бізге  250-ге тарта ИВЛ қажет. Сондықтан, қараша айының басына дейін Дүниежүзілік банкі арқылы қосымша 46 ИВЛ аппарат алу жоспарда бар. Қажет болған жағдайда 3000-ға тарта төсек қорын жасақтауға мүмкіндік бар. Ол үшін 21 инфекциялық және провизорлық төсек орындары қайта ашылатын болады. Сонымен қатар, 200 төсек орынды, тез соғылатын модульді инфекциялық аурухана құрылысы қарашаның соңында пайдалануға беріледі. Желтоқсан айының орта тұсына дейін облыстық қазынадан қаралған қаржыға 4 флюра мен 6 стационарлы  рентген аппаратын сатып алу жоспарлануда.

Күз мезгіліндегі кезекті індет толқынының алдын алу шаралары бойынша 3500 медицина қызметкерлерінен жасақталған резерв құрылды. Медицина мамандарына көмек ретінде 40 автокөлік келеді деп күтілуде.

Көктемгі вирус толқыны кезінде ауруханаларға оттегі баллонын тасыған еріктілер көп болды. Тіпті жап-жас медецина қызметкерлері өзінен үлкен оттегі баллондарын тасыған болатын.

Ең жақсысы, Петро Қазақстан компаниясының демеушілігімен Қазалыда бір оттегі станциясы салынатын болады. Аталған станция  Арал, Қармақшы аудандарын және Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз ете алады.

Өңірдегі ірі мұнай компаниясы «КазГермұнайдың» демеушілігі арқасында «Көпбейінді облыстық ауруханасында» екінші оттегі станциясы салынады. Бұл қала ауруханалары  мен Сырдария, Жалағаш аудандарын қамтамасыз ететін болады.

Вирустың өңірімізге төрлете келген шағында медицина мамандарының тапшылығы қатты сезілді. Сексенге жуық жас мамандар індеттің ушыққан шағында еңбек етті. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында облыс әкімі гранты негізінде хирург, терапевт секілді тапшы мамандарды даярлау мақсатында өзге қалаларға оқу жіберілді. Қызмет жасау  барысында індет жұқтырып, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына бір реттік 10 миллион теңге көлеміндегі көмек көрсетілді. Ал індетпен аурып, артынша айығып шыққан  медицина қызметкерлеріне 2 миллион теңгеге жуық көмек көрсетілді.

 Еске сала кететін  жағдай дәрі-дәрмектің тапшылығы еді. Індеттің бірінші толқынында қарапайым аспиринге зәру болған жұрттың қарасы қалың болды. Бүгінгі күні емханалар мен медицина мекемелерінің резервінде қажетті дәрілер бар. Ал дәріханалардағы дәрілер тапшылығын болдырмау үшін бас аяғы 500 миллионан астам қаржы бөлінген. Бұл екінші толқынның торына түсіп қалмай, аман-есен сауығуға зор ықпалын тигізбек.

Әзірше өңірдегі  ахуал қанағаттанарлық. Дегенмен, сақтансаң сақтаймын демекші әр адамның өмірі өз қолында.

Өткен қыркүйек айында індет жұқтырған 12 адам анықталса, қазан айында 6 науқас тіркелді. Мәселен, бір күнде 2-3 науқастан індет анықталып отырса бұл қалыпты жағдай болар еді. Ал 2-3 адамнан бір тәулікте 5-6 адамға дейін көтерілсе қауіптің көкесі деген сөз.

Мамандардың болжауынша  адам бойындағы вирус бір мезетте 15-ке жуық адамға жұғады. Қазіргі кезде базарлар мен дүкендердегі халықтың қарасы қалың. Бұл аумақтар аурудың ошағына айналуы мүмкін.

Осы ретте құрылған 24-ке жуық мониторинг топ карантин шаралары мен заңдылықтарын бақылау мақсатында кәсіптік нысандар мен адам көп шоғырланатын аумақтарға бақылау жүргізуде. Бұл жолғы вирус білдірмей жұғып, сездірмей өлтіреді екен. Сондықтан, ауруды сезем дегенше тым кеш болып кетуі мүмкін-ақ. Қазіргі күні сынама тест орталықтары жұмыс жасауда. Бағасын 20 пайызға төмендетіп, жан басына 8000-9000 теңгеден келуде. Яғни, індетке қарсы сынама тесттерді тапсырып тұру өміріңізді сақтауы ықтимал.

Жақында жастардың құлағына жеткен жағымды жаңалық кинотеатрлардың ашылуы еді. Бұған дейін кәсіпкерлер ел президентіне петиция жазған болатын. Оларды да түсінуге болады. Қаншама адамды және өздерін жұмыспен қамтып отырғандар. Бұл жаңалық әзірше білгісіз әрі екі жақты болып тұр. Бәлкім ашылуы да мүмкін, немесе қайта жабылуы мүмкін. Облыстық бас санитар дәрігер Әлия Мүтәліпқызы бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізілуде, мейлінше жабық болғаны тұрғындарға пайдалы дейді.

Ал қысқа қайырғанда, кино ғаламторда да бар. Жастар өз денсаулығын ойласа, бұл әрекетке жол бермес.

P/S: Жақында облыс әкімдерінің кезекті рейтингі шыққан болатын. Бұл жолғы рейтингшілер короновирустың екінші толқынының алдын алуға орай тындырылып жатырған шаруаларға аса мән беріпті. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Наушақызы тізімнің ортасына жайғасқан. Індеттің келесі толқынына орай жасалмақ шаруалар қараша мен желтоқсан айында тәмәмдалса, келесі рейтингте алғашқы орындарда көрінуіміз бек мүмкін.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *