QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қызылорда облыстық сотында семинар өтті

ByQAA.kz

Мам 28, 2020

Қызылорда облыстық сотында «Жеке тұлғалардың ломбардтарға қатысты талап қою арыздары бойынша әртүрлі тәсілмен келтірілген материалдық залалдарды өндіру кезіндегі мәселелері» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шара республика бойынша ломбардтарға қатысты арыздардың көбеюіне байланысты және кейбір талаптардың біртектілігін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар жұмысына облыстық, қалалық соттың судьялары, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы, облыстық полиция департаментінің Тергеу басқармасының басшысы, облыстық прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасы басшысының орынбасары, Заң консультанттары палатасының төрағасы мен адвокаттар қатысты.

Шараны облыстық соттың судьясы С.Жуынтаева ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелермен таныстырды.

Семинар барысында қалалық соттың судьясы Ж.Дербисалиева ломбардтара қатысты талап қою арыздары бойынша материалдық залалдарды өндіру, мәмілелерді жарамсыз деп тану, талап қою арыздарын қараған кездегі туындайтын мәселелер бойынша баяндама жасады.

Ж.Дербисалиева қазіргі таңда қалалық соттың өзінде 8 азаматтық іс қозғалғанын, 3 талап арыз мемлекеттік баж төленбегендіктен кері қайтарылғанын, талап қою арыздардың басым бөлігінде жай серіктестік құру, пәтер, автокөліктерді сатып алу – сату шарттарын жарамсыз деп тану, қаражатты, мүлікті кері қайтару туралы талаптар бар екенін атап өтті. «Мұндай талаптардың барлығы мүліктік даулар, демек, мемлекеттік баж талап етіліп отырған қаражаттың және мүліктің нарықтық құнынан 1 пайызы төленуі тиіс. Бұл өз кезегінде алданған азаматтар сотқа азаматтық тәртіппен жүгінгенде жәбірленушілердің наразылығын тудыруы мүмкін», – деді Ж.Дербісәлиева.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен 2020 жылдың 26 ақпанында өткен кеңесінде ломбард қызметінің төңірегінде болып жатқан мәселелерді реттеу бойынша қабылданған шаралар және жәбірленушілердің құқықтарының қорғалуы жөнінде облыстық қылмыстық қудалау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Жүсіпов баяндама жасады. Қызылорда облысының полиция департаментінің тергеу басқармасының басшысы Ә.Жаңазаров ломбардтарға қатысты болып жатқан қылмыстық істер бойынша мәліметтермен бөлісті.

Семинарға қатысушылар аталған шараның өзектілігін және туындаған мәселелерді шешуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған