QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Қызылорда облыстық сотында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланды

Автор:QAA.kz

Июн 18, 2020

Қызылорда облыстық сотында «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын талқылауға арналған семинар өтті.

Шараға Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, облыс орталығындағы азаматтық істерді қарайтын соттардың, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары бейнеконференцбайланысы арқылы қатысты.

Семинарды облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділхады Шығамбаев ашып, аталған заң аясында Азаматтық процестік кодексі жаңа баптармен толықтырылғанын, судьяның процестік рөлі нақтыланғанын, оған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау үшін қосымша өкілеттіктер беру қамтылғанын айтып өтті.

Шара барысында Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бақытбек Елшібеков және Қызылорда қалалық сотының судьясы Эльмира Ахметова «Бірінші сатыға қатысты заң бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында баяндама жасады.

Қалалық соттың судьясы Эльмира Ахметова өз сөзінде аталған заңда судьяға іс жүргізуде қосымша тараптардың істің мән-жайларын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы азаматтарға сұрақтар қою, іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету және тағы да басқа өкілеттіліктер берілгенін жеткізді. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бақытбек Елшібеков бірқатар жағдайда судья өз қалауы бойынша сот отырысын өткізу қажеттігін айқындайтынын, кейбір мәселелерді жеке сот актісін қабылдамай шешетінін, оңайлатылған іс жүргізу ісін қарау тек электрондық форматта жүргізілетінін айтып өтті.

Сонымен қатар, облыстық соттың судьясы Нұрлыбек Қосанов аталған кодекске енгізілген апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттардың жұмысына қатысты жаңашылдықтарды және медиатордың мәртебесі, медиациялық келісімді бекіту рәсімдерін кеңінен баяндады.

Семинар барысында «кеңесу бөлмесі» деген ұғым арнаулы бөлме ретінде алынып тасталғаны, жеке сот актісін қабылдамай шешілетін мәселелер, процеске қатысушылардың техникалық құралды пайдалану тәртібін реттейтін нормалар, татуластыру рәсімдері және тағы басқа заңнамадағы елеулі жаңашылдықтар талқыланды.

Семинар соңында облыстық соттың алқа төрағасы Әділхады Шығамбаев ағымдағы жылдың 10 маусымында қабылданған аталған заң соттар жұмысын барынша оңтайландыратынын атап өтті.

Шараға қатысушылар заңнамадағы өзгерістер бойынша өзекті мәселелерді талқылап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *