QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қызылорда облыстық соты брифинг өткізді

ByQAA.kz

Там 25, 2020

Қызылорда облысы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық соттың ұйымдастыруымен «Сот төрелігі және заңнамалардағы өзгерістер» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингке Қызылорда облыстық сотының судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Маликова, облыстық сот судьясы Жанат Оспанова және БАҚ өкілдері қатысып, іс-шара тікелей эфирде «Facebook» әлеуметтік желісінде көрсетілді.

Жиынды Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ардақ Смағамбетова жүргізді. Іс-шара жаңа Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі және Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында өткізілді.

Брифинг барысында Ш.Маликова 2020 жылдың 29 маусымында қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі азаматтардың құқықтары мен олардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, әкімшілік рәсімдер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, оның ішінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық қызметін және қоғамдық-құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу үшін әкімшілік іс жүргізуді ұйымдастыруға бағытталғанын айтып өтті. «Уәкілетті органның әкімшілік іс жүргізу бойынша әрекетіне келіспеген жағдайда, азамат 44-тарауда белгіленген тәртіппен әкімшілік сотқа шағымдануға құқылы. Алайда, қарапайым азаматтың күші мемлекеттік аппараттың күшімен пропорционалды емес және салыстыруға келмейді. Жаңа заңнама бойынша судьялар мемлекеттік органдар мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып отырмайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға құзырлы. Бұл да қарапайым азаматтар құқығын мінсіз қорғаудың бір тетігі», – деді Ш.Маликова.

Жиында Ж.Оспанова ағымдағы жылдың 10 маусымында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды айтып берді.

Ж.Оспанова өз сөзінде өзгерістер бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде судьяның процестік рөлі нақтыланып, оған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау, процеске тиімді басшылық жасау, судьяға іс жүргізуде қосымша тараптардың істің мән-жайларын талқылау, олардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдерін нақтылау, іске қатысушы азаматтарға сұрақтар қою, іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде өз бастамасымен сот тапсырмаларын беру, дәлелдемелерді талап ету және тағы да басқа өкілеттіліктер берілгенін баяндады.

Заң бойынша бірқатар жағдайда судья өз қалауы бойынша сот отырысын өткізу қажеттігін айқындап, кейбір мәселелерді жеке сот актісін қабылдамай шешеді, ал оңайлатылған іс жүргізу ісін қарау тек электрондық форматта жүргізілетінін, жеке сот актісін қабылдамай шешілетін мәселелер, процеске қатысушылардың техникалық құралды пайдалану тәртібін реттейтін нормалар, татуластыру рәсімдері және тағы басқа заңнамаға елеулі жаңашылдықтар енгізілді.

Іс-шара соңында спикерлер журналистердің сауалдарына жауап берді.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған