Қызылорда аймағы басшысының есебінен кейін «Сұрақ-жауапқа» кезек берілді. Кездесуге қатысушылар өздерін мазалап жүрген сауалдарын қойып, жауаптарын алды.
Облыс әкімі барлық сұрақтар екі апта ішінде қаралатынын, оларға нақты жауап берілетіндігін жеткізді.
Сырдария ауданынан Злиха Сыздықова:
— Есебіңізді тыңдай отырып, атқарылған жұмысқа көңіліміз толып риза болып отырмыз. Басшы болып келгелі, көп жұмыстар атқардыңыз. Облысымыздың өсіп-өркендеуі көз алдымызда. Жасымыз ұлғайған сайын, жиі ауырамыз, емханаға барамыз. Асқар Тоқмағамбетов ауылында емхана да, құрал-жабдықтар да ескірген. Сондықтан заман талабына сай, жаңа емхана салынып берсе деген тілегім бар.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев:
— Жекеменшік әріптестік аясында аудандарда 9 амбулатория салу туралы шешім қабылдадық. Аманшылық болса, биыл жаңа емхана сіздің ауылда салынады.