QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қызылорда: Экономикалық сотына 1242 талап арыз түсті

ByQAA.kz

Шіл 17, 2020

2020 жылдың 16 шілдесінде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылдың 6 айында сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарған жұмыстары бойынша баспасөз-конференциясы өткізілді.

Баспасөз конференциясын Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Елшібеков Бақытбек Есенгелдіұлы жүргізіп, азаматтық істер жөніндегі сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мәліметтер айтып өтті.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2020 жылы – 1242 (2019 жылдың 6 айы -1555) талап арыз, 54 азаматтық іс (2019 жылдың 6 айы – 85) түсіп, 385 азаматтық іс 2019 жылдан қалдық болып түскен.

2020 жылдың 6 айында 954 (2019 жылы – 1207) аудио-видео фиксация пайдаланып, электронды хаттамалар түзілген. Сот мәжілісін аудио-видео құралы арқылы жүргізу аяқталған 954 (199 оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған істерді қоспағанда) азаматтық істің 100 пайызы бойынша жүргізілген.

2020 жылдың 6 айында 13 (2019 ж-33) азаматтық іс бітімгершілік келсіммен және 27 (2019ж-50) азаматтық іс медиация тәртібімен аяқталған, осы азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж сомалары мемлекеттік бюджеттен талапкерлерге қайтарылды. Аталған санаттағы істер бойынша қазіргі таңда, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты төрағасының 22.06.2020 жылғы №10 өкіміне сәйкес судья Н.Еламанов бітістіруші судья болып бекітілген. Судья медиатор Н.Еламанов медиация тәртібімен бітімгершілік жасауға жататын кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар арасындағы даулар, келісім-шарт міндеттемелерін орындау және корпоративтік даулар санатындағы талап қою арыздары арыздар бойынша татуластыру рәсімдерін жүргізуде.

Сот төрағасы Б.Елшібеков іс-шара барысында «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысының 9-1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес жеңімпаздар деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер төтенше жағдай енгізу салдарынан туындаған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған немесе өнім беруші шарттық міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда

тапсырыс беруші мұндай әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу және оларға айыппұл санкцияларын қолдану жөнінде шараларды қолданбайтындығын айтып өтті. Мемлекеттік сатып алу заңнамасынан туындайтын даулар санатында түскен арыздар саны 457 немесе 19 пайызға кеміген (2019 жылы 566 арыз түскен). Осыған сәйкес, мемлекеттік сатып алу санатындағы даулар бойынша барлық түскен арыздар саны 457, шешім шыққаны 314, қабылдаудан бас тартылғаны 64, қайтарылғаны 33, тоқтатылғаны 100.

Сондай-ақ, сот төрағасы Б.Елшібеков іс шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында жасаған үндеуіндегі жекелеген мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, осы күрделі кезеңде кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қолдап, жекеменшік пен бәсекелестікті қорғау маңызды екендігін, 2020 жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімді тоқтата тұру тапсырылғанын атап өтті. Осы орайда осы санатта да өткен жылы 89 арыз түссе, осы жылдың 6 айында 27 арыз түскенін айтты.

Сот жүйесіне заманауи технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы сот өндірісін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей байланысын азайту жолымен сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендетуге септігін тигізеді және еліміздің тұрғындары үшін сот жүйесінің ашық әрі қолжетімді болуына барынша мүмкіндік туғызады, атап айтсақ электрондық сот істеріне ауысу, «Сот кабинеті» сервистерін пайдалану, TrueConf және WhatsApp қосымшасын қолдану арқылы сотқа келместен сот отырысына қатысу мүмкіншіліктерін түсіндіріп өтті.

Осы бағытта Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты да өз жұмысын тиімді жүзеге асыруда. «Мобильная видео-конференцсвязь» TrueConf мобильді қосымшасы арқылы 191 азаматтық іс, Бейне конференц жүйесі арқылы 21 және WhatsApp жүйесі арқылы 764 азаматтық іс қаралса, төтенше жағдай жарияланғаннан бері бұл көрсеткіш 100 пайызды құраған.

Іс шара барысында сот төрағасы Б.Елшібеков Азаматтық процестік кодекс жаңа баптармен толықтырылғанын, Мемлекет басшысымен «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылғанын, Азаматтық процестік кодексінің жалпы ережелері азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінің бірімен – істерді толық және уақытылы шешумен толықтырылғанын, сондай-ақ тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатына жаңа мазмұндама берілгенін, Азаматтық процестік кодексінде көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сотқа қосымша өкілеттіктер берілгенін, судья басы артық жүктемелерден арылғанын және тағы басқа бірқатар маңызды өзгерістер мен

толықтырулар енгізілгенін, мұның барлығы сот шешімінің сапасына оң әсерін тигізетінін айтып өтті.

Сонымен бірге іс шара барысында сот отырысын жүргізбей,ұйғарым қабылдамай шешілетін мәселелер, процеске қатысушылардың техникалық құралды пайдалану тәртібін реттейтін нормалар, татуластыру рәсімдері, электронды хаттама және тағы басқа заңнамадағы елеулі жаңашылдықтар атап өтті.

Сот төрағасы қортындылай келе, қазіргі уақытта еліміз аса қиын сәтті бастан өткеріп жатқандығын, алғашқы кезеңмен салыстырғанда дәл қазір қауіпті індет халық арасында жылдам таралып жатқандығын ескере отырып, соттасуды, дауласуды доғарып, қиындықтан шығар жол іздеп,татулыққа шақырды.

Қызылорда облысының

мамандандырылған ауданаралық

экономикалық сотының

баспасөз қызметі

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған