QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Ыза сулы жерге тұрғындар ызалы

ByQAA.kz

Мау 10, 2020

Қызылорда Сырдария өзенімен ғана емес, жасанды көлшіктерімен де бай ма дерсіз?!… Алайда, жер иелерінің жауапсыздығынан мөлтек аудандарда пайда болған қоқысқа толы көлшіктер қаланың реңін кетіреді. Неге десеңіз, жеке меншікке тиесілі ызалы жер өзге тұрғындардың да ызасын туғызуда.

Небір жәндіктердің мекеніне айналған көлшіктердің бірі Қорқыт мөлтек ауданында орналасқан. «Қоршалмаған көлшіктің иісі қолқаны алады. Сонысымен де адам саулығына кері әсерін тигізуде. Кешкі уақытта көшеге шығып, серуендемек түгілі бір сәтке тұруға да мұрша жоқ. Оны қоя берсек, балаларымыз үшін қапа боламыз»,- дейді тұрғындар.

Қорқыт мөлтек ауданының тұрғыны Құдайберген Иса:

– Балаларымызды қамсыз ойынға жіберуге жүрексінеміз. Олар үшін осы көлшік аса қауіпті. Бірнеше жыл қатарынан өзекті болып келеді. Есігіміздің алдына ағаш отырғызсақ, көлшіктің кері әсерінен өспейді.

Жергілікті тұрғындар өзекті болған мәселе үшін әкімдікке барып, базыналарын жеткізуге қауқарлы болған. Жер жеке меншікке тиесілі болса да, кеудеден итеріп қарап қалған олар жоқ. Иелері іздестіріліп, тиісті ескертпелер жеткізілді. Нәтиже болмаған соң, қалалық әкімдік демеушілердің есебінен ызалы жерді көмуге мәжбүр болуда.

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев:

– Жер асты суының көтерілуіне байланысты осындай көлшіктер пайда болған. Қала бойынша жеке меншікке тиесілі жер аумақтары үшін мемлекет тарапынан қаражат жұмсалмайды. Сол себепті біз иелеріне жерді игеріп, құрылыс нысанын салу жөнінде немесе экологиялық апат тудырмай таза ұстау жөніндегі ескертпені бірнеше мәрте жолдадық. Тиісті талаптар орындалмауына байланысты меншік иелерін ҚР Жер кодексінің 93-бабы, 3-тармағы негізінде сот органына міндеттеу туралы талап арыздар берілді.

Жастар көшесіндегі көлшікке сырттан келіп кәріз суды төгетін де жағдай жиі орын алатын көрінеді. Тұрғындар қарсылық танытқалы бөтен адамдар бұл әрекеттері үшін беймезгіл сәтте келуді дағдыға айналдырған. Мөлтек аудан тұрғындарының осы сөзін тыңдаған әкім орынбасары қала тазалағы үшін жауапкершілік бір жақтан емес, жан-жақтан болуы тиіс деп үн қатты.

Ол рас. Сол маңдағы тұрғындардың бірінен қоқыс жәшіктерін байқамадық. Көлшіктегі жағымсыз иістің шығуына бір себеп – тұрмыстық қалдықтардың ретсіз тасталуы. Себепкер – тұрғындар. Тым болмаса, қоқыстарды талапқа сай жөнелтсе, «сасық көлшік» атанбас еді… Экологиялық апаттың алғышарты осы емес пе?! Мәселе тек жағымсыз иіске тиесілі емес. Бердібаев барынша түсіндірді, халық тазалық мекемелерімен келісім шарт негізінде арнайы контейнерлерді орнатуға уәде берді. Екі жақтан келісілген тазалық жұмыстарының нәтижесін де уақыт еншісіне қалдырдық…

Жалпы қала бойынша жеке меншікке тиесілі мұндай көлшіктердің саны – 24. Басым көпшілігі Сәулет, Саяхат, Әл-Фараби, КБИ және Арай мөлтек аудандарында орналасқан. Әкімдіктің ұйымдастыруымен жақында Сәулет мөлтек ауданындағы Қойсары көшесіндегі көлшіктің ізі де қалмаған. Талай жыл жыр қылған жердің нақтырағы көлшіктің мәселесін шешкен қала әкімдігіне тұрғындар разы.

Сәулет мөлтек ауданының тұрғыны Мәлібай Есмахан:

– Қоқысқа толы үлкен көлшіктің жанында тұрдық. Меншік иелерінен әрекет байқалмаған соң, көршілері яғни біз зардап шектік. Балаларымызға алаңдап, әкімдікке барып мәселемізді жеткіздік. Біз ризамыз, балалар мәз. Қалалық әкімдіктің сеп болуымен көшенің ауасы да тазарды.

Сәулет мөлтек ауданының тұрғыны Жамилә Әбдіжәлелова:

– Менің осы мөлтек ауданда тұрғаныма 14 жыл болды. Көпбалалы анамын. Балаларымыз көлшіктің маңына келіп ойнайтын. Әкімшіліктің сеп болуымен көлшік көміліп, тегіс жерге айналды. Күніне 20-ға жуық камазбен құм әкеліп төккендеріне куәміз ғой. Қазір бұл жердің мемлекет меншігіне қайтарылуын қалаймыз. Орнына балалар ойын алаңы салынса деген ұсынысымыз бар.

Тұрғындар риза болмағанда ше?! 3 адамға тиесілі 40 сотық жер учаскесіндегі көлшіктің орнын тегіс жерге айналдырған. Қойсары көшесіндегі тұрғындардың өтінішін орындау үшін басталған жұмыс 2 айға созылған.

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев:

– 2019 жылы Саяхат мөлтек ауданынан осындай 18 көлшік көмілді. Осы жылы аталмыш ауданнан жеке меншікке тиесілі 55 жер учаскесіндегі 5 көлшікке кәсіпкерлердің қолдауымен 1400-ге жуық камаз құм төгілді.

Барлығы 12 көлшіктің орнын талапқа сай ету үшін жұмыстар жасалды. Айта кетейік, алдағы уақытта бұл сарындағы жұмыстар тоқтамайды. Тұрғындар сабырлық танытса, көлшіктерге кезегімен құм төгіледі, орны тазартылады, жер тегістеледі. Демеушілер тарапынан қолдаудың сеп болуымен, осы жылы иісі қолқаны алатын көлшіктерден арыламыз деген жоспар бар.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің міндетін атқарушы Ғанибек Омаровтың сөзінше мұндай жер учаскелері жобамен 2005-2006 жылдары жеке меншікке берілген. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін енді жер аумақтарын жалға беру 3 жылға ғана ұзартылмақ. Сол уақыт аралығында жер иесі қандай да бір құрылыс нысандарын тұрғызса өздеріне тиесілі болады. Егер игерілмесе жер мемлекет меншігіне қайтарылмақ.

Жалпы көршілерге жердің иесі тарапынан мынандай көлшіктер арқылы қолайсыздық тудырғаны орынсыз. Ал Саяхаттағы бұл тегістелген жердің ендігі иесі сот отырысында анықталмақ.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған