QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Вандалдық – жақсылықты көре алмағандық па?

Автор:QAA.kz

Окт 20, 2020

Бастағы баспанадан бөлек қала аумағы, туған жеріміз — біздің екінші үйіміз. Қаланың әр шаруасына қолғабыс білдірудің орнына, кейбір жұрт тағылық әрекетке баруда. Бұл ұсақ-түйек шаруа болса бәлкім көз жұма қарауға да болар еді. Әйтсе де, вандализмнің шегін байқап, адамның цивилизацияға еремін деп канализацияға түсіп бара жатқанын көзіміз шалуда. Әрине, қаланың әр тұрғындары қайрымды. Барлығына кінә артып, жүріп-тұруын қадағалауға болмайды. Десе де, вандализмге жол бергендердің басым бөлігі жастар екені өтірік емес.

Көшедегі жұрт серуендейтін жердегі жарық шамдарды сындырып, қаладағы кіші сәулет нысандарына нұқсан келтірушілер бүгінде көбейіп кетті. Бұл шаруамен әкімдік те, тәртіп сақшылары да күресуде. Дегенмен, әр жарық шамды күні-түні бақылау, ескерткіштердің барлығын бірдей қарауылдау мүмкін емес, әрі ақылға сыйымсыз.

Соңғы тоғыз айдың ішінде қаламызда 42 түнгі жарық шамы бағаналарына автокөліктердің соқтығысуымен айтарлықтай шығын келді. Жалпы шығын көлемі он екі миллионнан асып жығылып отыр. Масқара!

Бұл жағдайда, көлік жүргізу құқығы жоқ жастардың ата-анасының көліктерін басқарып, кең жолда келеңсіз жағдай туғызып, шеттегі жарық бағаналарына жапырыла соқтығысатындары аз емес.

Осы 42 жарық бағаналырының  29-ның шығыны сот шешімі бойынша өндіріліп алынды. Өндірілген қаражаттың көлемі 8 миллион 700 мың теңгеге жуық.

Ал құртылған тоғыз жарық шамның шығыны 2 миллион 730 мың теңгені құрап отыр. Десе де, кінәлілер айыппұлды төлеуден жалтаруда.

Ол аздай осы жол көлік оқиғалары салдарынан қаламыздың 3 бағдаршамы жарамсыз күйге енген. Жалпы құны екі жарым миллион теңгені құрауда. Жол апатының жақсысы жоқ. Әйтеуір бұғанда бір себеп болған болар.

Ал жасөспірімдердің әдейі жарық шамдарын сындыруы өте ұят әрекет. Кейбірі бұндай әрекетке ащы судың құрбаны болғандықтан барады.

2020 жылы 19 жарық шамға зақым келіп, келтірілген шығын 5,7 миллион теңгеге жетіп отыр. Жарық шам ғана емес, саябақтардағы орындықтар мен қоқыс жәшіктерін сындыру да азаймай тұр.

Алайда, келесі тағылықтың шыңын елестетудің өзі ыңғайсыз. Темір жол маңының «Аналар аллеясы» демалыс орнындағы келеңсіздікті жұрт әлеуметтік желіге қайта-қайта жырлап жазған еді.

Қазіргі күні бұл аллеяның кем-кетігі толықтай жаңаланды. Десе де, бұзақылар аллея маңындағы бейнебақылау камераларының назарына ілікпеген. Қасиетті ана атымен аталған аллеяны бұзып қирату адамдық әрекетке жатпайды.

Бұл кемшілікті көрген қала тұрғындары өңірге белгілі әлеуметтік желілерінде сынап, мысқылдап жазып еді.

Бұл соңы емес, қаладағы ескерткіштерге де едәуір нұқсан келуде. Кеше ғана ашылған Ыдырыс Қалиевтің ескерткіш бюстінің астындағы әріптерін әлдекім жұлып тастаған көрінеді. Бұны да байқағыш жұрт әлем желіге жаңалық ашқандай салып, таратып жіберген. Осы жағдайлардан кейін жұрттың көзі кемшілікті көруге шебер екен деген ой қалыптасады. Ол аздай, қарапайым қоқыстың шашылғанын да инстапарақшаларына айқайлап салып жатады.

Әкімдік не қарап отыр?

Осы сұрақ соңғы жылдардағы ең танымал сұраққа айналды. Әлгі қоқыс та, қираған үйінді де жұрт көзіне күйік болуда. «Әкімдік не қарап отыр?» деген сұрақтан сөз бастап барлығын сынауға шеберлердің шеңбері кеңеюде. Кей кездері бұл қала әкімдіктің ғана қаласы ма деген ой келеді. Қаламыз — ортақ қазына. Әл-Фараби бабамыздың «Қайрымды қала тұрғындары» еңбегінде тұрғындар жақсы болса, қаланың жақсы болатындығы жеткізілген.

Ең көп сорақы әрекетке Жахаев көшесіндегі үш ғұламаның ескерткіші тап болуда. Ел аузында бұл ескерткішті «үш ата» деп атайды. Біреуі үш биіміз деп те білместік танытып жатады. Десе де, Мұқамеджанов, Тәжібаев, Шүкіровтердің жайлы әңгімесін суреттеп тұрған ескерткіш жастардың ойыншығына айналғандай. Бірі басына шығады, басқасы Тәжібаевтың алдына отырады. Сорақысы сол суретке түсіп желіге жүктеп те жібереді. Кей кездері бұл арада үлкендер де осындай әрекетке бой алдырады.

Бұл тағылық емей немене?

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *