QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«Қу бас» енді қайда домалайды?

ByQAA.kz

Там 18, 2020

Жалға алған мейрамханалар, оған төленетін миллиондар… Бұл той шығынына тиесілі тізімнің бір тармағы ғана. Қазіргі жағдайда мейрамханалардың орнын бұрынғыша үй алдындағы «палаткадағы» той басты. «Заманына қарай амалы» дегендей, жылтырмен безендірілген алаң той атмосферасын сезінуге үлесін қосып тұрғандай-ақ. Одан қалды тойға тыйым салынғанымен микрафонын ұстаған асабалардың қызу тірліктері де жалғасын табуда. «Қалауын тапса, қар жанар». Рас, той жасаймын деушілерге еш себеп те кедергі емес сынайлы…

«Той десе қу басы домалайтын» қазақпыз ғой… Біз індет белең алса да,  жақсылықтың жаршысы болуды көздейміз де… Бірі үміт күткен ұлын үйлендіріп, келін алып қолын ұзартқысы келеді. Енді бірі үкілеп өсірген қызын ұзатып, құдандалы болуды көздейді. Өмірдің бар қызығы да осында… Жиған-тергенін тойға шашқан халық баласының, һәм өз қуанышын жоғары деңгейде атап өткенді құп көреді. Жиғаны болса, жаратады. Болмаса, банк есіктерін жағалап, несие алуға құмартады. Мақсат – тойды қарызданып, «ешкімнен кем қылмай», думандатып өткізу. Одан кейінгі ай сайын төленуі тиіс несие бөлек әңгіме…

Демек, тойдың жоғары деңгейде өтуіне қалтаның таяздығы сеп болмайтын халыққа карантин режиміндегі талаптар да тосқауыл емес. Бәлкім, жылдап жоспарлаған қуанышы болар. Бірақ, жиналған қауымның арасынан індетке шалдыққанның бірі болса, басқаның сау болмасына кім кепіл?!

Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан құрылған мобильді топтың «Етек-жеңімізді жиып алайық, тойды тыйымсыз өткізетін уақыт келеді» деген ұранына және қазіргі қағидаға зер салғысы келмейтіндер саны артқан.  

«Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болғанымен, олардың ескертпелерін назарға алатын қала жұртшылығының жайы байқалмайды. Сын сәтте өзінің ғана емес өзгенің де өміріне жауапты екендерін қаперден шығарған. Кейбір той иесі келген қонақтарына әлеуметтік желіге репортаж жасамауды мықтап тапсырып, «уф» деп міндетінен құтылса, енді бірі үйлену тойын дүйім жұртқа жариялап өткізгеніне риза..

Айталық, тамылжыған тамыздың алғашқы күндерінде Қызылжарма ауылдық округінде өткен тойға көпшілігіміз ғаламтор арқылы куә болдық. Бір дастархан басына жиналғандардың қатарында еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келген қонақтар да болған. Қалалық мобильді топ дер кезінде сонда табан тіреп, айыппұл салып, тойды тоқтатуды және жиылған жұртшылықтың тарқауын тапсырды. Алайда, сырттан келген қонақтарынан қымсынды ма, той иесі топ өкілдерін шығарып салғаннан кейін қуанышын тоқтатпауды жөн санады…

  Сондай-ақ, арада апта өткеннен кейін қала іргесіндегі Ақсуат ауылдық округінде де карантиндік заңдылыққа бағынбастан, «дөкейлер» дүркіретіп той тойлады. «Қуанышты бөліссең көбейеді» демекші, бұл шаңырақ та 100- ден астам адамның басын біріктірген. Келін түсіріп, шаттанғандарын желіге жүктемей-ақ «тым-тырыссыз» өткіземіз деп жоспарлаған болар, бәлкім?! Торқалы тойдың қадірлі қонақтарының қатарында эстрада әншілері де болған деседі. Тіпті, ондағы жоғары деңгейдегі безендірілу де арнайы мамандардың қолынан өткен дүние екені көзге ұрады. Бірақ, келін түскен күндегі құдды түріктің киноларындағыдай «атыс» тойды үнсіз өткізуге кедергі келтірді. Салдарынан, екі бүлдіршін дене жарақатын алды. Бұл жиын тойдың екінші күнінде, яғни беташар уақытында қала әкімінің орынбасары Б.Нұриддинов бастаған топтың қатысуымен тоқтатылды.  

Қызылорда облыстық прокуратурасының мәліметіне сәйкес, 14 тамыз күні сағат 00:30 шамасында Ж. Махамбетов ауылында орын алған оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына оқшауландырылған. Жарақат алған бала жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.

​Ал той иесі мен асабаға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша хаттама толтырылып, Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Сондай-ақ, музыкалық аппаратураларды жалға беріп, тойды өткізуге қатысқаны үшін жеке кәсіпкерге де әкімшілік шара қолданылмақ.

Осы олқылық орын алған күні қала әкімі шұғыл түрде ауылдық округ әкімдерін және мобильді топ өкілдерін жинап жиын өткізді.

«Тұрғындардың талаптарға бағынуын қадағалау алдымен округ әкіміне жүктелген міндеттердің бірі болатын. Ауыл тұрмысын түзетуде атқарған жүйелі еңбектеріңізді ескеріп, қатаң сөгіспен қалдырдым», – деген қала басшысы аталмыш округтің әкіміне жауапкершілікті нығайтуды тапсырды.

Түптеп келгенде ауыл әкімі М.Ақмырзаевта қарап қалмаған. Айтуынша, той иесіне ауызша және жазбаша нұсқада ескерту хатын жолдаған. Алайда, Ақсуаттың бұл тұрғыны ескертуге құлақ түрместен жоспарлаған тойын жалғастыруды жөн деп санаса керек. Нәтижесінде, атыс салдарынан бүлдіршіндердің жарақаттануы мен ауыл әкімінің қата сөгіс алуына сеп болды… Әйтпесе, Ақсуаттың тыныс-тіршілігі үшін бүгінгі әкім еңбегінің өзі бөлек тақырып… Онда еткен еңбекке сай, абырой да бар. Жауапкершіліктен жалтарған тұсы да болған емес. Осы орайда, қарасқан қала басшысының қадамы жөн-ақ…

Шүғыл өткізілген жиналыс барысында қала әкімі аймақтық полиция қызметкерін де тәртіптік жауапкершілікке тарту керектігін тапсырды. Сондай-ақ, Ақсуаттан бұрын думандатқан қызылжармалықтардың әкімі М.Сейіловтің өз аумағындағы той турасында мобильді топқа құлағдар еткені ескеріліп, жауапкершілікті одан әрі арттыру керектігі ескертілді. Бұл тапсырма өзге де ауылдық округ және кент әкімдеріне де тиесілі екенін қала әкімі тілге тиек етті.  

Қызылорда қаласы әкімдігінің жанынан құрылған мобильді топ бүгінге дейін 192 талапқа бағынбаған әрекетті анықтап, анықтама толтырған. Оның ішінде рұқсатсыз той өткізіп, шара көрілгендердің көрсеткіші 67, 6 құрайды.  

P.S: Халықтың қазынасына балаған тойдың болуы да қуантады. Алайда, эпидахуал тұрақталғанға дейін көпшіліктің бір ортада жиналмағаны да абзал. Қойылған талап солай. Жауапкершілік ортақ. Бірақ, көптен күттірген ұлан асыр тойлар ендігі уақыт күттіргісі келмейтін секілді кейбірі үшін… 

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған