QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Құтырудан қалай құтыламыз?

ByQAA.kz

Қаз 5, 2020

Құтырықты қоздыратын рабдовирус тұқымдастарына жататын вирустар. Әу баста құтыру ауруы жайлы Аристотельдің өзі жазып кеткен көрінеді. Көне еңбектерде иттердің құтырығы жайлы егжей-тегжейлі баяндалған. Тіпті, Тоқтамыс ханның баласы мен әйелін құтырған ит қапқан кезде бауыр еті баласы мен жарын өртеп жіберуге бұйрық берген деседі.

Жалпақ жұртқа құтырған жануарлардың аузы көбіктеніп, өз-өзін басқара алмайтын халге түсетіні мәлім. Әдетте етқоректілер мен сүтқоректілердің талайы құтыруды жұқтыра алады. Ал, жарқанат секілді қанаттылар осы құтыру ауруын тасымалдаушы болып табылады.

Біздің Қызылорда өңірінде құтырықтың төрт ошағы анықталды. Демек, құтыру ауруы біздің аймақта расында құтырып тұр деген сөз. Қазалыдағы Кәртелі елді мекенінде бір түйе анықталды. Сырдария ауданындағы Тоқмағанбетов ауылында бір мүйізді ірі-қара және бір етқоректі құтырықты жұқтырса, Жаңақорғандағы Бесарық ауылдық округінде екі ит тіркелген.

Көп жағдайда ит-мысықтың құтыру ауруына бейім екені рас. Үй жануарлары үй жағдайында қалайша құтырыққа душар болды деген сұрақ та болуы мүмкін. Ал, кей азаматтар өз төбеттерін екпеге де апармайтын көрінеді. Осы орайда, аймақта ит қабу деректерінің бізге беймәлімі қаншама.  Алайда, қанға сіңген  вирустың өзі адам өмірін жалмап, қапы қалдыруы мүмкін.

Әлгі анықталған төрт ошақтан соң сол аумақтағы 17561 шаршы метр жер арнайы тазалық жұмыстарынан өткізілді. Осы орайда 253 мүйізді ірі қараға, 598 уақ малға, 15 жылқыға, 41  түйеге, 27 ит пен 27 мысыққа алдын ала екпе жұмыстары жүргізілді. Ал оның егілмей қалғаны қаншама? Бұл жануарлардың иелері бары анық. Ал қаңғыбас ит пен мысықты кім қолға алмақ?

Әлемде құтыру аурынан жыл сайын 50 мыңға жуық адам өледі екен.

Ағымдағы жылы бас аяғы 31,8 мың мүйізді ірі қараға, 8 мың бас уақ малға, 1 мың жылқыға, 3,8 мың түйеге, 30,7 мың итке және 5,4 мың мысыққа алдын ала егу жұмыстары жоспарлануда. Бұл тұста иттердің саны айқайлап тұр. Ал мысықтар саны аз-ақ. Бәлкім ұстатпайтын, шапшаңдығынан болар деп мысқылдадық. Десе де, мысықтардың адамдарды тырнау жағдайлары жетерлік-ақ.

Бұл мәселені қолға алу қажет. Осы жылғы жоспарлардың қашан аяқталатыны белгісіз. Жыл болса аяқталып қалды.

Осы жылы әлгі мысық тырнауының 21 жағдайы кездесті. Ал ит тістеудің 871 жағдайы анықталып отыр. Аталған мәселе бойынша құтыру белгілері байқалған жоқ.

Бұдан шығатын түйін біреу-ақ. Жоқ десе жоқ дейді. Бірақ, қала мен ауданда ветдәріханалар баршылық. Сондықтан, үй жануарларын кезекті екпе жұмыстарынан тыс қалдыруға мүлде болмайды.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған