QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«ТОЙДАН» ҮМІТТІМІЗ

Автор:QAA.kz

Июн 4, 2020

Карантин кезінде көпшіліктің бір ортада шоғырланбауы қатаң бақылауға алынды. Жиындар мен жиналыстар, кездесулер мен мерекелік кештер ұйымдастырылмады. Тіпті, халықтың қазынасына баланған тойлардың да өткізілуіне тыйым салынды. Індеттің белең алмауы үшін мәжбүр болған бұл қадамға көпшілік бағынуға қауқарлы. Кем дегенде аптасына бір мәрте танысы мен туысының қуанышына куә болып, нәсіп қылса өздері де той иелері атанатын халық дүбірлі мерекелерді сағынғандары жасырын емес. Одан қалды асабалар мен әншілер, бишілер мен ұйымдастырушылар да мейрамханалардың ашылуы мен той жасауға рұқсат беретін күнді тағатсыздана күтіп жүр. Сыр жұртшылығының қуаныштарымен бөлісіп жүрген шығармашылық топ өкілдері бұл тақырып турасында не дейді? Сауалнама жүргізіп, пікірлерін тыңдадық.

1. Тойдың өткізілуіне рұқсат беретін күнді өнер адамдары тағатсыздана күтіп жүр ме, әлде халық па? Көпшіліктің қуанышына куә болатын сәтті өзіңіз де асыға күтіп жүрсіз бе?

2. Білуімше, ресми түрде той жасауға рұқсат берілмесе де, күнін белгілеп жатқандар аз емес. Өзіңізге тапсырыспен әлден хабарласып жатқандар көп пе?

3. Жобамен, екі айдан аса уақытта қанша тойдың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан болар едіңіз?

4. Карантин кезінде уақытты тиімді әрі пайдалы өткіздіңіз бе? Мәселен, тойдан қолыңыз қалт етпейтіндіктен осы кезең біраз жоспарларыңыздың орындалуына сеп болған шығар?

Дәуіржан мен Кәмшат дуэті:

КЕЙ ӘРІПТЕСТЕРІМІЗ ТАБЫС ТАБА АЛМАЙ ОТЫР

1. Халық та, өнер адамдары да тойлардың болуын асыға кутуде. Біреуі ұлын үйлендіреді, енді бірі қызын ұзатады. Көптен күткен қуаныштарын көпшілік алдын­ала жоспарлап койған. Оған карантин уақыты үлкен қолайсыздық туғызуда. Бірақ, елдің амандығы үшін шыдап, тәртіпке бағынуда. Шындығында, тойды өнер көрсетіп жүргендер онсызда күтеді. Себебі, отбасын тек тойдан тапқан нәпақасымен асырап отырған жандар бар. Қазір біраз әріптестеріміз табыс таба алмай отыр. Сондықтан өнер адамдарының бірінші кезекте күтуі заңды. Халықтың қуанышына куә болатын сәтті біз де асыға күтудеміз. Біз табысты тек тойдан таппаймыз. Екеуміз де мамандық негізінде қызмет жасаймыз. Әйткенмен, көпшіліктің алдында өнер көрсетіп, олардың көңілдерінен шығудың өзі бір ғанибет.

2. Алдын ала тапсырыстар турасында білеміз. Хабарласып, қуанышымен бөлісуге шақырып жатқандар да бар.

3. Нақты белгісіз. Бірақ екі айдан аса уакытта ағайындарымыздың да жоспарланған қуаныштарына ортақтаса алмадық. Себеп – карантин.

4. Карантин кезінде біз де басқалар секілді отбасымызға көп көңіл бөлдік. Алматы қаласына барып жаңа әндер жазу жоспарымызда болған. Пандемияға байланысты кейінге қалды.

Асаба Асылхан Дүкенбаев:

ТОЙ ЖҮРГІЗУМЕН ШЕКТЕЛМЕУ КЕРЕКТІГІН ТҮСІНДІМ

1.Менің ойымша, той жасауға рұқсат беретін күнді алдымен нәпақасын тойдан тауып жүрген өнер адамдары күтіп жүрген секілді. Екінші кезекте ғана халық дер едім. Әсіресе, қуанышты күнін белгілеген той иелері екені айқын. Әрине, рұқсат беретін күнді күтіп жүргендердің қатарында мен де бармын. Табыс көзім осы саладан болғандықтан да аса маңызды. Шыны керек, костюмімізді киіп, той жүргізетін күндерімізді мен ғана емес әріптестерім де күтуде. Олармен мәз­мейрам болып өзгенің қуанышты күнінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысатынбыз және алдағы уақытта да солай болады деген үміттемін. Мерекелік кештердің өткізілуіне тыйым салғанда шеттетіліп қалғандай ыңғайсыз сезімде болады екенсің. Өйткені, үнемі көпшілік ортада жүріп, халықтың алдына шығып өнер көрсеткенге әуестеніп қалыппын.

2. Ол рас. Әлі рұқсат берілмесе де, той күндерін жобамен белгілеп, тиісті еңбекақымның пайызын алдын ала жіберіп жатқандар бар. Қай уақытта біздің жұмысымыздың жүргізілуіне рұқсат берілетінінен мен де хабарсызбын. Әйткенмен, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді ғой. Шілде, тамыз, қыркүйек айларына той жасауға мүмкіндік берер деген үмітпен асаба ретінде мені таңдап, хабарласып жатқандар саны көп. Карантин уақыты толығымен аяқталған сәтте ұйымдастырамыз деп жатқандар да бар.

3. Жобамен 2 айда 25­30 тойдың жоғары деңгейде өтуіне өз үлесімді қосқан болар едім. 4. Кейде жұмыстан үзіліс болмағанда, демалыс күндерімді белгілеу керек едім деп ойлайтынмын. Карантиннің сеп болуымен бұл ой да жүзеге асты. Негізі жоспарлар көп. Мәселен, екі айдан аса уақытта біраз асабалардың жұмыстары тоқтап, табыс таппаған сәтте қалталарының жұқарғандары да жасырын емес. Қазір бір саламен шектеліп қалмай, қосымша жұмыс көзін ашу қажет екендігін түсіндім.

Биші Марғұлан Жеңісов:

ЕНДІ АСАБАЛАРДЫҢ АЙТАРЫ ЖАҢАЛАНАДЫ

1.Халық та, той бизнесімен күн көріп отырған өнер адамдары да күтіп жүр. Жалпы, қазақ халқы той тойлаумен күнін берекелі өткізеді ғой. Сондықтан, әулеттеріндегі қуанышты күндерді атап өту үшін күтіп жүргендердің қатарында қарапайым халық та бар. Ол күннің де ауылы алыс емес деген ойдамыз. Бастысы, елімізде тыныштық болсын. Ал тойлар бұйырған уақытта ұйымдастырыла береді. «Қашан той жасауға рұқсат беріледі?, Мейрамханалар қай уақытта ашылады?» деген сауалдар мені жиі мазалап жүрген жоқ. Өйткені, тойдан өзге театрда жұмыс жасаймын. Яғни, тек тойдың қаржысына тәуелді емеспін. Ал тойдағы бишілік қызметім қосымша табыс көздерімнің негізі болын саналады. Бірақ, оның өзі үлкен жауапкершілікті және шынайы талантты талап ететін жұмыс. Әрине, қуаныштың болғаны жақсы емес пе? Кез келген той ұйымдастырушысына халықтың батасын алып, ыстық ықыластарына бөленген сәттер жақсы сезім сыйлары анық.

2. Мәселен, наурыз айының соңы мен сәуір айындағы тойларымның барлығы өткізілмеді. Карантин уақытымен тұспа­тұс келген той күндерін иелері жаз мезгіліне ауыстырды. Той маусымы келе жатыр деген оймен алдын ала хабарласып жатқандар да бар.

3. Наурыз айында 20­ға жуық тойдың жақсы өтуі маған жүктелген болатын. Сондай­ақ, сәуір айына да бос күндерім болмаған еді. 4. Негізі карантин біраз адамға ой салды. Шаршадым деп құлқы болмай істейтін жұмыстың құндылығын ұғынды. Адамдардың үйде отырып, жақындарына уақыт бөлулеріне сеп болды. Асабалардың сценарийлерін жаңалауға да мүмкіндік туды деген ойдамын. Алда олар тойларды жаңа леппен жүргізсе, карантиннің септігі тиді деген сенімдеміз. Сол секілді мен де уақытытымды пайдалы бастамаларыма, түрлі жоспарларымның жүзеге асуына арнадым.

Асаба Мақсат Серікбай:

ТОЙ КҮНІН НАҚТЫЛАУ АЛДЫНДА «?» БАР…

1. Өнер адамдары тойдың өткізілуіне рұқсатты күтсе, халық карантиннің бітуін асыға күтуде. Әрине. Той ­ табысынан бөлек риясыз ризашылық пен нағыз позитивтің ортасы. Қуанып жүрген жандарға қарап, шын қуанышқа бөленбеу мүмкін емес.

2. Иә, той иелерінен қоңыраулар келуде. Бірақ, нақты уақытқа келгенде үлкен «сұрақ белгі» бар…

3. Осы екі айдан аса уақытта 15­20 тойды жүргізуге тапсырыс алған болатынмын. Көпшілігі кейінге шегерілді.

4. Көбіне шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болды. Мамандығыма сәйкес, оқушыларыма қашықтықтан білім бердім. 30 шақты бейне сабақтар мен бейнероликтерді дайындадым.

Кәсіби той фотогрофы Бауыржан Мұратбеков:

МАМАНДАРЫМЫЗ ТӘЖІРИБЕЛЕРІН АРТТЫРДЫ

1. Өнер адамдарынан бұрын тойды халық қатты күтіп жүр. Өйткені, карантинге дейін келіндерін түсіріп, беташар жасаған тапсырыс берушілер көп. Олар енді үлкен тойларын өткізу үшін рұқсатты күтуде. Иә, той иелерінің қуанышқа толы кезеңдеріне куә болатындықтан, біз де жұмысымыздың жүргізілуіне рұқсат беруді күтіп жүрміз. Мәселен, бір шаңырақтағы келін түсіру, беташар, құдалық және үлкен тойларын суретке және видеоға түсіріп жүріп, сол әулетпен туысқандай болып араласатынбыз. Туысқандарымызды сағындық…

2. Дұрыс айтасыз. Нақты рұқсат берілмесе де, той күндерін жобамен белгілеп біздің қызметке жүгіну үшін хабарласып жатқандар бар. Олар алдын ала келісілген ақшаның белгілі бір бөлігін төлеп, «love story» фотосессияларына да тапсырыс беруде.

3. Шамамен 70­ке жуық тойды түсірер едік…

4. Қазір түрлі жарнамаларды, махаббат хикаялары баяндалатын бейнеклиптерді түсіріп, фотосессиялар жасап жатырмыз. Карантин кезінде студиядағы оператор, монтажер мамандар Россиядан 1 айлық оффлайн курс оқып, тәжірибелерін арттырды.

САУАЛНАМА ЖҮРГІЗГЕН

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *