2021 ж. Сәуір 14

«Тоқта және сөйлес» акциясы нәтижесін беруде

Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімдер мен мекемелердің басшылық құрамымен әскери қызметшілер арасында өткізіліп жатқан «Тоқта және сөйлес» акциясының маңыздылығы талқыланды.

Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесі өкілінің айтуынша, өткізіліп жатқан «Тоқта және сөйлес» акциясының әскери қызметшілер арасында әкімшілік және сыбайлас жемқорлық сияқты заң бұзушылықтардың алдын алуға, заңға қарсы әрекет жасаған әскери қызметші мен олардың отбасына түскен жағдайларды шешуде маңызы зор.

Акцияның басты мақсаты – әскери қызметшілердің қылмыстық және әкімшілік заңбұзушылықтарының алдын алу, профилактикалық шараларды өз деңгейінде өткізу және алдағы уақытта әскери қызметшілердің қаржылық қиыншылықтары, отбасы жағдайының бұзылуы сынды жағдайларды болдырмау.

Жиын барысында құқықбұзушылыққа жақын қызметшілерді бақылау барысы, әскери қызметшілердің моральдық жай-күйі мен тәртібін дамыту жолдары қозғалды.

«Осындай профилактикалық шаралар нәтижесінде Қызылорда гарнизоны әскери қызметшілерінің заң аясындағы білімдері артып келеді. Жалғасып жатқан акция кезіндегі түсіндіру жұмыстарының арқасында әскери тәртіп нығайып, құқық бұзушылықтар саны да азаюда», – деді Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің өкілі, әділет лейтенанты Ақерке Жакипова.

Рейдтік іс-шаралар мен өткізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары барысында Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция қызметкерлері аймақтағы әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық кодексінің талаптарын түсіндіріп, заң аясында қызмет атқаруға шақыруда.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

сержант Мұхит Қонаров

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған