QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Тоқаевтың кітабын оқыған кім бар?

Автор:QAA.kz

Апр 12, 2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше кітап жазып, қоғамдық саяси ахуалды сипаттайтын еңбектерін ел наза­рына ұсынған. Кітаптағы дүние­лерінің барлығы өзінің өмір жолы, саясат жайында және қызмет барысында жиған тәжірибелерінің жиынтығы іспетті. Бүгінде Қазақ­стан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламынан «Под стягом независи­мос­ти» («Тәуел­сіздік туы астында»), «Внешняя политика Республики Казахстан в условиях глобализации» («Жаһан­дану жағ­дайындағы Қазақстан Республика­сының сыртқы сая­саты»), «Дип­ломатия Республики Казахстан» («Қазақстан Респуб­ликасының дипломатиясы»), «Преодоление. Дипломатические очерки» («Еңсеру. Дипломатиялық очерк­тер»), «Reflectіons at the Unіted Natіons» — «Размышления в ООН», «Әке туралы толғаныс» сынды кітаптары жарық көрген. Қызыл­орда облысындағы Ә.Тәжі­баев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында ҚР Президентінің «Әке туралы толғаныс» атты бір ғана кітабы бар екен. Кітапхана­шылардың айтуынша, соңғы күндері Қасым-Жомарт Тоқаев­тың кітаптарын іздеп келушілер саны артқан. Иә, кімге болса да Президенттің өмірі, жазған еңбектері қызық болары анық. Біз де осы ретте ҚР Президенті,   көрнекті қоғам қайраткері, белгілі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Слово об отце, Әке туралы толғаныс» атты екі тілде жарыққа шыққан кітабы жайлы аз-кем ақпарат ұсына кетпекпіз.

6000 данамен шыққан кітап 200-беттен тұрады. Мемлекет басшысы бұл кітабында әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаева туралы әңгімелейді. Яғни кітапта ата-ана туралы толғанысы, жүрек сыры жазылған. Кітапты оқи отырып, белгілі қаламгердің кескін-келбеті көз алды­мызға келеді. Әкесінің өмір тарихы өте қызық, аса мазмұнды. Бір жағынан аянышты да. Кітаптың алғысөзінде: «Өткен өміріне   ой көзін жіберіп, өзінің тыныс-тірлігін ата-анасының талап-тілегімен салыстырып отыру әрине көкірегі ояу адамға табиғи қасиет. Бұл әсіресе өмірінің елу жылдық белесінен асқан жанға тән мінез. Демек мен де сол саптамын. Сол себепті де көп жылдар бойы ата-анам туралы көкейімде жүрген ойларымды қағазға түсіріп,   көпшіліктің талқысына ұсынуды жөн көрдім» деп кітап жазудағы мақсатын жазады.

Соғыс өзгерткен тағдыр

Кітапты оқи отырып, әкесі Кемел Тоқаев­тың балалық шағында ел басына күн туып, қилы замандар мен күрделі кезеңдерге тап болғанын, ағасы Қасым екеуінің бір күнде ата-анасынан, кейін соңынан ерген қарында­сынан айырылған ауыр трагедияны бастан өткергендерін аңғарамыз. Тұл жетім болып қалған ағайынды екі баланың басынан кеш­кен тарих бірнеше кітапқа жүк болар­лық­тай. Балалар үйіне орналасып жан сақтаған. Балалар үйі қандай болатыны белгілі ғой.

— Ол ең ауыр жыл еді, жұрт аштыққа ұшырап, күн сайын мыңдаған адам ажал құшып жатты. Келе жатқан қаһарлы қыс ең ауыр сынақ болды. Кедейлер үшін қыс ешқандай жақсылық әкеліп жарытпай­тындығы белгілі. Сол қыста мерт болғандар­дың арасында әкемнің жақын туыстары да бар еді, — деп жазады кітапта.

Алапат аштықтан енді ғана ес жия бастаған кезде, сұрапыл соғыстың ызғары келіп жетеді. Қан майданға аттанып, қыр­шыннан қиылған мыңдаған боздақтардың бірі болып ағасы Қасым соғыстан қайтпайды. «Әкем соғысты еске алғанда, ылғи да ауыр майдан өмірі ашық, жарқын тұрғыда сурет­телетін көркем шығармаларға сенбеу керектігін айтып отыратын. Ол соғыс ардагері ретінде барлық сарбаздың әсіресе жаумен тұңғыш рет бетпе-бет келгенде қорқыныштың құрсауынан шыға алмайты­нын анық білетін… Студент кезімде мен әкем­нен оның өмірінің ең қиын кезеңі туралы сұрадым. «Мен үшін ең қиын сәт ағамның қай­тыс болғаны туралы хабарды — «қара­қағазды» алған сәтім болды», — деді ол.

Кемел Тоқаев соғыста екі жарым жыл болады. 1944 жылы Кеңес әскері Белорус­сияны, Украинаны және Польшаны жаудан босату үшін екінші дүниежүзілік соғыс тари­хындағы ірі әскери операциялардың бірін жүзеге асырған. 1944 жылдың аяғында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Ұлы Отан соғысының екі бірдей орденімен, басқа да медальдармен марапатталған. Соғыстан ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Басында баспанасы жоқ, не білімі, не жұмысы жоқ, арқа сүйер ешкімі жоқ. Майданнан жарала­нып келген мүгедекті ешкім жұмысқа алмай­ды. Алайда өмірін қайтадан бастау үшін аяғын емдетіп, 1945 жылы Қазақ мемлекет­тік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, өз дегеніне жетеді. Жоғары оқу орнын бітіріп, бірталай лауазымды қызмет­тер атқарған.

— Көп әңгімелерінің бірінде ол әр адам­ның басқан ізін періште мен шайтан аңдып жүретінін, әркімнің бойында жақсылық пен жамандықтың текетіресіп, үнемі жағаласып жататынын айтқан. Осындайда әзәзілдің ал­дауына ырық бермей, шайтанның арбауы­нан сақтанып, ол салған жолмен жүрмеу керек­тігін ескертетін. Шыны керек, жас кезімде мен бұл философиялық толғаныс­тардың мәнін түсіне бермейтінмін, кейін өмірді тани келе әке сөздерінің шындығына көзім жетті» — деп жазады. Яғни, бұдан әке өсиетін жадында үнемі сақтап жүргенін аңғарамыз.

Кітапта Президенттің есімі қалай қойыл­ғаны туралы да баяндалады. Ағасы Қасым­ның аты өш­пе­сін деп, әкесі есімін Қасым­жо­март қойған. Анасы көз жұ­мғанша Жомарт деп кеткенін баяндайды. «Жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты, — деп жазады президент.

«Әкем сияқты қаламгер болуды армандадым»

«Әке туралы толғаныстың» ІІІ тарауы «Әдебиетке барар бұралаң жол» деп аталады. Байқағанымыздай Кемел Тоқаев қаламгерлікке   деген құштар­лығы өте күшті болған. Унивеситетте таны­мал жазушы­лардың дәрісін тыңдап, жазу­шы­лық бағытқа бет бұрады. Шығармашы­лық ісіне берілгені соншалық ол 1980 жылға дейін «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакцияялары мен Қазақ КСР жоғарғы Кеңесінің Президумы секілді мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарған. «Бізді таң­қал­дыратын жұмыс тәртібі туралы сұрағы­мызға «жазбай отыра алмаймын» деп жауап беретін. Таңға дейін оқитын, жазатын неме­се машинка басатын. Ал таңғы сағат 8-де жұмысқа баруға дайын тұратын. Сондай-ақ, әкем таза, әрі ұқыпты киінетін, оның қызмет­ке   қыртысталған костюммен, немесе жуыл­маған жейдемен бара жатқанын көрмейсің» деп жазады. Яғни ата-анасын кие тұтқанын аңғарамыз. Кітапта әкесін сағынғанда кітаптарын қолына алып, оқитынын да айта кетеді. Көз алдына тапжылмай отырып жазу жазатын әкесі елестейтін көрінеді. Осындай сәтте әкесіне деген сағыныш кеудесін кернейді. Қай бала әкеге еліктемесін. Қасым-Жомарт Тоқаевтің әкеге деген құрметі әде­биетке, көркем шығармаға ықыласын оятқан. Бұл туралы кітапта да жазады. Автор бала күнінен кітапқа құмар болып өседі. Бос уақытын кітап оқуға арнайды. Сол себептен болар журналист болуды армандайды. Бұл жайында: «Әкем сияқты қаламгер болсам-ау деген арманды кішкентай кезімнен жүре­гімнің құндағына бөледім. Кітапты көп оқы­ғандықтан болар, бәлкім, болашақта халық­аралық журналистикамен   айналыссам ба деген ойға келдім. Жас кезімде бір үлкен газет­тің шетелдегі тілшісі   болуды арман­да­дым. Бірақ тағдыр менің өмірімді басқа арнаға салды. Бір жолы әкеме Мәскеудегі Халықаралық қатынастар   институтына барғым келетінін айттым. Ол менің талабым­ды құптады. Сонан соң институттың қабыл­дау комиссиясына хат жазуға кеңес берді. Хат жазған соң екі аптадан кейін Мәскеуден қандай пәндерден емтихан тапсыру керек­тігін жан-жақты түсіндірген хат келді» — деп жазады.

Иә, ешкім оқып жазушы болмайды. Сөз арасында автор жазушылықтың жарат­қанның берген сыйы екенін, осы қабілетті дұрыс пайдалана білу керектігін де айта кетеді.

«Өкінетінім әкеммен сырласқан сәттерім аз болды»

Кітапта әке мен бала арасындағы сырласу сәттері аз болғанын айтады. Қасым- Жомарт Тоқаев Мәскеуге оқуға кетеді, каникул уақытында ғана Алматыға келеді. Оқу бітірген соң шетелде еңбек етіп, әке мен бала арасындағы сырласу, ашық әңгіме сирей бастайды. Әкесінің кітптарын оқи отырып сырласатынын жеткізеді:

— Осы күні оның кітаптарын қайталап оқу арқылы әкеммен сырласамын, мұңдасамын. Оның сан қырлы тағдырлы кейіпкер­лерімен жан-жақты танысып, олардың болмыс-бітімінен, таби­ғатынан әкеме ұқсас мінез, қасиет, сипат іздей­мін. Кейде жағымсыз кейіпкерлердің әрекеттеріне ой көзін жіберіп, әлгілердің жан дүниесіне тереңі­рек бойлауға тырысамын. Олар­дың тағдыры да әкемнің ой елегінен, жүрек сүзгісінен өтті ғой, — деп ойын жалғайды.

Кітаптың бесінші тарауы «Кемел Тоқаев және оның замандастары» деп аталады. Автор бұл тарауда әкесінің студенттік шақтағы достары, қаламдас­тары мен замандастары туралы кеңінен айта кетеді.

Ал кітаптың соңғы бөлімін анасына арнайды.  Ананың балаға деген мейірімін әңгімеге тартымды арқау етеді. Анасы үй жұмысын атқарады. Анасы да жаңалықты қағыс қалдырмайтын, газет-журналды үзбей оқитын, орыс тілін таза сөйлейтін, өте сауатты екі тілді жетік мең­герген жан болған. 2000 жылы анасы Дюссельдорф қаласындағы ауруханада дүниеден өтеді. Ата-анасы Қасым-Жомарт Тоқаевтің болашағынан зор үміт күткен. Бұл жайында:

— Ата-анам   маған кішкентай кезімнен кәмелетке толғанша басқалардан ерек­шелеп, айрықша ілтипат білдіріп отыра­тын. Әкем маған үлкен сенім артатынын ешқашан жасырған емес. Ылғи да мені қазақстандық қоғамдағы белгілі адам ретінде үлкен мемлекеттік лауазымдар­дан көргісі келетінін айтып жүретін. Әке-шешем менің институт бітіріп, КСРО Сыртқы істер министрлігі жүйесіне кіргенімді мақтаныш тұтты. Ол кезде бұл шындығында да жоғары бедел, әрі үлкен дипломатиялық қызметке ашылған жол еді…,- деп жазады.

“Әлем әдебиетінің клас­сигі Оноре де Бальзак ана жүре­гінен кешірім үшін орын қай кез­де де табылады деп жазды. Анам балаларының қателігін, оның ішінде өзінің алдындағы жасаған қате­ліктерін түсіністікпен қабыл­да­ғанына сенгім келеді. Сүйетін жүрек бәрін түсіне­ді, бәрін кеші­реді. Ал анамыздың бізді қалай сүйгенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Балалары және неме­реле­рінің тағдыры, өмірі шындап келгенде ол кісінің өз тағдыры мен өміріне айналды. Түсінбей қалар деген күдіктен ада көңіл­мен және өтірік көлгірсі­мей, біздің ана­мыз жер бетіндегі барлық аналардың ара­сындағы өзінің мәртебелі орнын тапты деп айта аламын” деп кітабын аяқтайды.

Кітапты оқи отырып, адалдық пен ар сақтауды ұмытпаған жазушы болмысын танып, автордың «Әке жолын қуған» игі ісіне іштей разы боласың. Мөлдірете ата-анаға жазған естеліктерінің өзінен сағыныштың самал лебі есіп тұрғандай.

А. ОМАШ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *