QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Тоқаев тоқтамы: ОТАНДЫҚ ЕКПЕ ЕКТІРЕМІН…

Автор:QAA.kz

Янв 28, 2021

– Әрине, жаппай вакцинациялау дағдарысты еңсерудің нақты, әрі жүйелі шарасы болып отыр. Оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Дайындық жұмыстарын зерттеу кезінде вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтарының қажетті көлемі жетіспейтіні анықталды. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындық жұмыстарын толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялауға кірісуді тапсырамын. Отандық вакцинаның тестілеуі оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Осы ретте, өзім отандық екпе ектіремін.

(Президент Қ.Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде сөйлеген сөзінен)

Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен онлайн форматта Үкіметтің кеңейтелген кеңесі өткізілді. Өткен жылы жүзеге асқан жобалармен қатар биылғы жыл міндеттері туралы Үкіметтің және бірқатар облыс әкімдерінің жасаған есебінен соң Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы
жеті міндетті жіліктеген баяндамасында Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді. Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова
да өңірдегі экономикалық-әлеуметтік даму туралы баяндама жасады. Әкім баяндамасын жіті тыңдаған Президент сырбойылықтарға
тиесілі міндеттерді айта келіп, қазіргі жағдайда қиындықтан шығуға өңірдің өз шамасы келмейтіндіктен, оған қолдау көрсету
турасында Үкіметке тапсырма берді. Жалпы, кеңес қорытындысында Президент алға қойған жеті міндетті атқарып шығу “Бұл біздің
қолымыздан келеді” деп сенім білдірді.

• Ауылға қаржы жетпей жатыр

Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен
бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажетті ісшаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты
жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастаубизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам
мемлекет қолдауынан тыс қалды. Әсіресе, бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары
мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Халыққа
берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан
аспауға тиіс.


• “Семіз” сандар қажет емес


Бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сондықтан бюджеттің әкімшілері тікелей жауап беретін болады. Бұл орайда бізге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыздысы – дұрыс есептеу. Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаның кез келген өнімі жиі
есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отырған ешкім жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген
цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын.


• Қағаздағы жұмыс


Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан (79%),
Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде»
қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз! Мемлекеттік кіріске жауапты органдар мәселені
қатаң бақылауға алуы керек. Қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тартамыз.


• Қызметтік көліктердің жаңа жобасы керек


Орталық мемлекеттік органдар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы шығындалады. Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Бұл тәжірибе біздің елде де, нақты айтқанда елорда әкімдігінде қолданылған.


• Арзандау орнына қымбаттаған


Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Өткен жылы халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы
арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты
қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11 пайызға өсті. Оның жалпы инфляцияға қосқан
үлесі 60 пайыздан асты. Үкімет жоғарыда аталған мәселелерді шешу барысында нарық тетіктерін негізге ала отырып, іс-қимыл жиынтығын әзірлеуі тиіс.


• Жайылым таппай қиналуда


Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті
әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе,
Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46
миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр.


• Алыпсатарлыққа шектеу қою керек


Ендігі кезекте тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен бағалардың өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алыпсатарлық операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй
саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізу керек.


• Кінәлілерге шара қабылданады


Денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі ерекше бақылауда. Пандемия кезінде аталған жүйе күрделі сынақтан өтіп, саладағы барша олқылықтар айқын көрінді. Өткен жылы 156 ан өлімі тіркеліп, өлім-жітім 2,8 есеге артқан. Үкіметке облыс әкімдіктерімен бірлесіп
және кәсіби қауымдастық мүшелерін тарта отырып, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында инвентаризация жүргізуді тапсырамын. Бұл ретте, босандыру және жансақтау бөлімдеріне, олардың
медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен, қажетті бұйымдармен қамтамасыз етілуіне басымдық беру керек. Бас Прокуратураға осы
мәселе бойынша іріктелген тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Оның қорытындысы бойынша кінәлі адамдарға қатысты шара қабылдау қажет.


• Білім беру тәжірибе алаңы емес


Бүгінде оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізу жөнінде ұсыныстар өте көп. Соңғы он жылда 9 пән енгізілген. Білім беру – тәжірибе
алаңы емес. Мұның бәрі негізгі пәндерге бөлінген сағаттың қысқаруына әкеп соғады. Соның өзінде елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары – 67 сағат. Ал Финляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі – 39 сағат, АҚШ-та – 55 сағат. Шәкірттерді оқыту мен
басқа да дамыту шараларының арасында тепетеңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдерістерді ескере отырып, математика, тіл меңгеру және информатика секілді пәндерге ерекше басымдық
берген жөн. Сонымен қатар Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірлеп, оны енгізу керек.


(Президент Қ.Тоқаевтың Үкіметтің
кеңейтілген мәжілісінде жасаған баяндамасынан
ықшамдалды)

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *