QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ТОҚАЕВ АЙТЫПТЫ…

Автор:QAA.kz

Мар 29, 2019

Халықтың жағдайы туралы

«Мемлекеттік шығыстың басты мәселесі — қарапайым адамдардың мұқтаждығын шешу. Су, тұрғын үй, жұмыс орны, біздің азаматтарымыздың өмір сүруі үшін жағдай мен инфрақұрылым ел тұрғындарын толғандырады. Міне, біз осы мәселелерді шешеміз. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемалардың шешілу нәтижесімен бағалаймын».

• Жастар туралы

«Біз жастарға бизнесте, білімде, жұмысқа орналасуда, материалдық игіліктерге, табысқа қол жеткізуде жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Өмір сапасын жақсарту, қызметтік өсу үшін әлеуметтік көтергіштер шын мәнінде оларға тиесілі болуы керек. Сондықтан да шығармашылық жастарға жағдай жасау керек. Біз олардың қуаты еліміздің гүлденуіне қызмет етеді деп үміттенеміз».

• Шенеуніктер мен халыққа есептілік туралы

«Жыл сайынғы есепті кездесулер — бұл әншейін алдау. Халықпен күн сайын жұмыс істеу керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту керек. Министрліктердің, әр деңгейдегі әкімдердің, полицейлердің, прокуратура, соттардың негізгі мақсаты — азаматтардың құқын қорғау. Бұл олардың заңды міндеті және азаматтық парызы. Егер де орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты арыз түсетін болса, олардың бәрі жазасын алады».

• Мемлекеттік әлеуметтік саясат пен масылдық туралы

«Жұмыс іздегісі келмейтіндер арасындағы әлеуметтік масылдыққа жол беруге болмайды. Сондай-ақ, жәрдемақыға өмір сүруге де болмайды. Жәрдемақы — бұл көмек, жалақы емес. Мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіздерді қолдайды, ал басқалардың бәрі жұмыс істеуге тиіс».

• Ысырапшылдық пен даңғойлық іс-шаралар туралы

«Мемлекет қаржысын, бюджетін үнемдеу керек, бұл қаржыны тек мемлекеттің дамуына және оның қауіпсіздігі мақсатына жұмсау керек. Басты халықаралық форумдар өтті. Олардың пайдасы зор болды. Әсіресе, ЭКСПО-ны ерекше атап өткен жөн. Бұл әлемдік деңгейдегі іс-шара. Алайда, енді орталықта да, аймақтарда да имидждік іс-шаралар шығынын дереу қысқарту керек. Бұл — менің Үкіметке, әкімдерге тапсырмам. Ысырапшылдықты тоқтату керек».

(Президент Қ.Тоқаевтың Түркістан жұртшылығымен кездесуде айтқандарынан)

• Үш тілділік бағдарламасына қатысты

«Бұл — өте күрделі, әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек.

• Астананың Нұр-Сұлтан аталуына байланысты

«Президент Әкімшілігіне бұл жұмыстың орындалуын бақылауға алуды тапсырамын. Қаланың қайта аталуына байланысты мәселелер халыққа қолайсыздық туғызбауы керек».

• Шенеуніктердің кемшілігі туралы

«Аймақ басшылары жұртшылықпен есепті кездесулерде ғана емес, тұрақты кездесіп, барлық елді мекендерді аралап отыруы керек. Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде реформалар мен мемлекеттік саясатты анық, түсінікті жеткізе білудің өзі әрбір басшыдан талап етіледі. Өздеріңіз білетіндей, кейде мықты маманның өзі қарапайым түсінікті сөйлей алмайды».

(Үкімет мүшелерінің, өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте айтылған)

Сөз баққан қазақпыз…

Ісінен бұрын алдымен сөзін қараймыз. Бәлкім, бізге алдымен сөз жететін болар. Содан да болар бізде сөз көп, іс аз. Сонда да кім не депті деген сұрақ біз үшін алдыңғы орында. Осы ретпен Президент Тоқаевтың ел билігіне келгелі бері ел талқылауына түскен сөздерін жарияладық. Бәлкім, көп жұрттың Тоқаевты тани түсуіне түрткі болар.

P.S. Қасым-Жомарт есімі арабтың «қсем» — бөліп беруші, таратушы және қазақтың жомарт — қолы ашық, мырза, молдық, кеңдік сөздерінің бірігуімен құралған ныспы екен. Парсы сөздігінде мәрт адам дегенмен төркіндес. Қазақ бұл есімді қолы ашық, ағайын-туысқа қамқор, қара қылды қақ жарған әділ болсын деген ниетпен қояды екен. Түркі жұртында тек қазақтарға ғана тән есім. Бәлкім Қасым-Жомарт есімді президент дер кезінде билікке келген болар…

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *