Сәуірдің шуақты күнінде, сәрсенбінің сәтінде қала орталығындағы №3 мектеп-лицейі байырғы атауы «Үшінші гимназия» «баяғы Ворошилов мектебі» 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Мектеп мерейтойына ғұмырының талай жылдарын мектеп қабырғасында өткізіп, білім мен өмірден түйген ізгі тәжірибесін шәкірт санасына дарытуға ыждаһатпен еңбек еткен ұлағатты ардагер ұстаздар, ондаған жылдар белесінде ыстық ұядан түлеп ұшқан шәкірттер, тілектес әріптестер жүздеп ағылып келіп, риясыз сезім толқыныстарымен тоғысып жатты. Мектеп қабырғасында өткен кездесу сәтінде құрметті қонақтар бүгінде облыс орталығындағы бірден-бір ІТ мектеп аталған мектеп-лицейдің жетістіктерін паш ететін ІТ сыныптармен танысып, мектептің қазыналы тарихын айғақтаған мектеп музейінің ашылу салтанатына куә болды. 80 жылдықтың сырын ақтарып, дерегін жинақтаған «Өткені мен бүгінін ұштастырған білім ордасы» атты мерейтойға орай жарық көрген жинақтың тұсаукесу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиында бас қосып қимас естелік, өнегелі шежіре, ойлы әңгімелерді ортаға салды.
Халық басынан өткерген мемлекеттік жүйенің өзгеруіне дейінгі замана құбылыстарына куә сексен жылдық шежіре шындығында ғажайып әсерлі. Бұл алдыңғы толқын аға буын өкілдеріне қимас естелік болса, жаңа заман жеткіншектері үшін ертегідей қызық хикая сынды.
Иә, қала орталығындағы №3 мектеп-лицей аталатын еңселі ғимараттың іргетасы сонау 1939 жылы қаланған екен. 2003 жылы ескі мектептің қабырғасы қызыл кірпішпен қапталып, қайта жаңғыртылып, жапсарлас қосымша ғимарат салынғаннан кейін су жаңа күйге енген.
Әу баста 1937-38 жылдары Сыр еліне саяси қуғындаумен жер аударылып келген кәріс ұлтының өкілдерінің балалары үшін бастауыш мектеп ретінде ашылып, кеңестік саяси-әскери қолбасшы К.Е.Ворошилов атымен аталған мектепке 2017 жылы С.Толыбеков аты берілді. Еегемендік алғаннан кейін елу жылдан астам орыс тілінде білім берген мектепте алғашқы қазақ сыныптары ашыла бастаған.
Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА