2021 ж. Сәуір 17

Тергеу әрекеттеріне шағым беру тәртібіне енгізілген кейбір өзгерістер

Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жүзеге асырылатын іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ қабылдаған шешімдеріне келтірілген шағымдарды соттардың қарауы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2 тармағында, 76-бабының 1 тармағында және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 8-бабында бекітілген әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі болып табылады.

Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен 2012 жыл 27 маусымда «Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды соттардың қарауы туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабы)» № 3 нормативтік қаулысы қабылданған.

Аталған нормативтік қаулының 3-тармағының талабы бойынша, тұлға өз қалауымен тікелей сотқа шағыммен жүгінуге, не тиісті прокурорға шағыммен жүгінгеннен кейін оның шешімімен келіспеген немесе одан заңда белгіленген мерзімде шағымына жауап ала алмаған жағдайда жүгінуге құқылы болған.

Осыған байланысты, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне наразы тұлға прокурорға шағыммен жүгіну құқығын қолданбай, бірден сотқа шағымдануды кеңінен қолдануды әдетке айналдырған.

Демек, шағымда көрсетілетін мән-жайлар өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiнің, анықтаудың, тергеудiң, қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам-прокурорға дер кезінде жеткізілмей, назарынан тыс қалып келген және де бұл тұрғыда ҚПК-нің 105-бабы қолданусыз қалған.

Сондықтан, ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 нормативтік қаулысымен ҚР Жоғарғы Сотының «Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды соттардың қарауы туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабы)» 2012 жылғы 27 маусымдағы № 3 Нормативтік Қаулысының 3-тармағы алынып тасталған.

Демек, жаңадан қалыптасып жатқан сот тәжірибесі бойынша, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым алдымен прокурорға берілуге тиіс.

Содан кейін, шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін он бес тәулік мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап ҚПК-нің 106-бабымен берілуі мүмкін.

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған