QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«Тереңөзек жастары» — жас кәсіпкерлер демеушісі

Автор:QAA.kz

Авг 16, 2019

“Тереңөзек жастары” қоғамдық қоры биыл ғана жастардың игілігіне берілген Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі “Жастар ресурстық орталығының” ішінде орналасқан. Жаңарған ғимараттан орын алған “Тереңөзек жастары” қоғамдық қорының ашылғаны «Еңбек ептілікті сүйе­ді» демекші, бұл ауылдың еңбексүй­гіш, қай іске болсын епті жастары үшін керемет жаңалық болды. Биыл “Жастар жылы”. Бұл жылда еліміздің әрбір жасына артылар үміт зор. Аудан басшылығы тарапынан көптеген іс-шаралар мен тиісті қолдаулар көрсетіліп жатыр. Десе де атқарылған жұмыстардың нәтижесін де көріп, бағасын берген дұрыс. Айта кету керек, бұл “Тереңөзек жастары” қоғам­дық қорының басшысы Берік Ахметов.

“Жастар жылы” болғалы кент жаста­ры тарапынан кәсіп ашамыз дегендер көп екен. Бұл қордың негізгі мақсаты – кент және ауылдық округтердегі өз кәсібін ашуға ниетті жастардың несие алуындағы үлкен кедергі келтіретін кепіл мәселесін шешуде жастарды қаржылай қолдау болып табылады. Сондай-ақ, кенттегі жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып, жас кәсіпкерлерді кәсіп көзін ашуда қолдау білдіру.

Бүгінгі күні қандай да бір кәсіп ашып, мемлекеттік грант иегері атану үшін несие алуда ең алдымен сол қаржының алғашқы 10 пайыз бастапқы жарнасын салу керек. Бірақ кәсіпті енді ашып жатқан жастарда ондай қаржы болмайтыны бесенеден белгілі нәрсе. Міне, осындай сәтте оларға қандайда бір көмектің керек екені анық. Дәл осындай мақсатты көздеген сырда­рия­лық жастарға “Тереңөзек жастары” қоғамдық қорының біраз пайдасы тиеді. Бұл қоғамдық қор жайдан-жай ақшаны бере салмайды. Ол үшін арнайы құрылған комиссия мүшелерінің алдында бизнес жобаларыңызды ұсынып, қорғап, оның ауылға қандай қажеттілігі барын айтып, егжей-тегжейлі түсіндіріп беру қажет. Комиссия құрамында Берік Ахметов, Ғани Үсенбаев, Назерке Кұрақбаева, Дана Ашабаева, Нұрсұлу Ажарова, Абуға­ли Әбдіраманов, Олжас Сүлейменов және Ғазизбек Сейтмұратов сынды ауданның жас кәсіпкерлері. Сіздің жобаңыз осы комиссия мүшелерінің тарапынан оң шешім алып, қолдау тауып жатса, банктен алатын тиісті соманың алғашқы 10 пайызын қор төлеп береді. Десе де, ол ақша кейін «Тереңөзек жастары» қоғамдық қорына сіз кәсіп көзін ашып, табыс таба бастағаннан қорға қайтарылады. Ол ақша алдағы уақытта сізден кейін кәсіп ашамын деген жастарға беріледі. Демек, ақша «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры айналымында болады.

Қазіргі таңда қорға 33-тен аса жас өздерінің жобаларын ұсынған. Бүгінде олардың 22-і “Тереңөзек жастары” қоғамдық қоры комиссиясы тарапынан мақұлданып, банктегі несиеге қажетті 10 пайыздық көлемдегі қаржыны алғандар. Бұл аудан үшін жастарды кәсіпкерлікпен қамту жағынан жақсы көрсеткіш. Кәсіп ашуда, ауыл дамуы үшін қызмет етуде жастардың белсенділігі жоғары.

Ауданға арнайы ат басын бұрғаннан кейін, жас та болса, бас болып жүрген бір-екі жас кәсіпкермен тілдескенді жөн санадық. Қор тарапынан қолдау көргендердің бірі – Салтанат Ғалымжанқызы. Салтанат осы ауылдың тұрғыны. Ол ағылшын тілінен оқу орталығын ашпақшы. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 2012 жылғы түлегі. Тереңөзек кентіндегі білім бөлімінің қызметкері. Оның айтуынша, кентте мұндай оқу орталығы алғаш рет ашылғалы тұр. Салтанат алғашқылардың бірі. Өзі ағылшын тілінің маманы. Осыдан біраз уақыт бұрын ауданда Қызылордадан “Speak Englіsh” орталығының мамандары келіп шамалы уақыт жастарға сабақ берген болатын. Алайда, қазіргі таңда ол оқу орталығы өз жұмысын тоқтатып тұр. Бүгінгі күні Салтанат жақында ашқалы жатқан оқу орталығының ғимаратын балаларға сабаққа келуге қиындық тудырмас үшін ауылдың орталығынан яғни, кенттегі білім бөлімінің жанынан ғимарат жалға алған. Сонымен қатар, оның айтуынша дәл қазіргі уақытта кентте ағылшын тілі орталығына деген сұраныс жоғары екен. Сол себепті, осыны қолға алуды жөн көріпті. Бүгінде жас кәсіпкердің оқу орталығына қажетті заттардың біразына тапсырыс жасап қойғаны белгілі болды. Алдағы уақытта құрал-жабдықтар келсе, қыркүйек айында оқу орталығының ашылуын салтанатты түрде жасап, өз жұмысына кірісетін болады.

– Жақында ашылатын оқу орталығында І топта 6 оқушыдан болады деп жоспарлап отырмыз. Топпен оқыту және жекелей жұмыс болады. Өйткені, бұл ағылшын тілі болғаннан кейін, әр баламен жеке жұмыс жасау керек. Негізі заң бойынша І топта 8 бала ғана оқытылу керек. Бірақ мен 8 емес 6 оқушымен жұмыс жасаймын деп шешім қабылдадым. Себебі, оқудан кейінгі нәтиже жақсы болу үшін. Және оқуға қажетті парталар мен орындықты да бір адамнан отыратындай етіп тапсырыс бердім. Әр баланы оқуға қабылдамас бұрын міндетті түрде тесттен өткіземіз. Өйткені, олардың білім деңгейін біліп, сол бойынша оқытуым керек. Оқу орталығында шетелден келетін маманмен жұмыс жасайтын боламыз. Біз шетелдік маманмен алдын-ала келісім шарт жасасып қойдық. Маман әр апта сайын бір рет келіп, орталықтағы балалармен еркін түрде әңгіме дүкен құрып, оқушының сөйлеу қабілетін дамытатын болады. Қазіргі таңда ағылшын тілін оқуға тек оқушылар ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерде осында келіп оқуға ниет білдіруде. Шетелдік маман тамыз айының 19-на келеді. Орталықта ағылшын тілі пәнінің 1 маманы, өзім және шетелдік мұғалім қызмет ететін болады, — дейді Салтанат.

Салтанат Ғалымжанқызы 460 мың теңге көлемінде қаражат алған. Ол осындай қордың ашылып, жастарға көрсетіп жатқан қолдаулары үшін алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл жастарынының сапалы білім алуы жолында аянбай тер төгіп, еңбек ететінін айтты. 

Келесі жас кәсіпкер Досжан Рүстембеков. Бұл жігіт аудандағы Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны. Оның жобасы көлік жөндеу, жуу орталығын ашу (СТО). Досжанның айтуынша ауылында ондай орталық жоқ екен.

– Менің жобамның құны 1 миллион теңге болғандықтан, сол сомаға сұраныс жасаған едім. Алайда, маған 660 мың теңгеге ғана келісім берілді. Арнайы көлік жөндеу, жуу орталығының (СТО) оқуын оқыдым. Қызылорда қаласындағы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжін бітіргем. Бұрын осы кәсіппен айналысып көрдім. Арнайы салынған ғимарат та болды. Бірақ, дәл сол кезде орталықтың бірнеше құжаттары дұрыс болмады. Сол себепті жабылып қалды. Қазіргі таңда орталыққа қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп қойдым. Заттар тез арада келетін болса, жұмысты бастаймын. Көлік жөндеу орталығымда өзімнен бөлек 1 адам жұмыс жасайтын болады. СТО-ға қажетті ғимаратты айтар болсам, бұрын өзім ашқан ғимаратты қажетті жөндеуден өткізіп, соны жаңадан ашамын, — дейді Досжан Рүстембеков.

Досжан бұрын қалада жүргенінде осы сала бойынша көлік жөндеу, жуу орталығында жұмыс жасап көргенін айтты. Өзінің курстастарының біразы осы кәсіппен айналысқандықтан, бұл тірлікке келгенде біраз жұмыс жасап тәжірибе жинақтаған екен. Жас кәсіпкер “Тереңөзек жастары” қоғамдық қорынан 100 мың теңге қаржы алып, банкке қажетті 10 пайызды төлеген.

Аудан жастарының ауызбіршілігі мен алға қойған мақсаттарына деген ұмтылысы жоғары. Жастар жалқау емес. Қайтсем еңбек етем, халыққа пайдамды тигіземін дегендер.

Жалпы, бұл қоғамдық қорға биылғы жылдың мамыр айында «Саутс – Ойл» ЖШС-нан 500 000 теңге, «ПетроКазахстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-нан 2 000 000 теңге және «ҚазГерМұнай» ЖШС-нан 2 000 000 теңге қаржы түсіп, барлығы 4 500 000 теңгені құрап тұр. Оның 3 580 000 теңгесі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге, 1 300 000 теңгесі қоғамдық қор ғимаратына жұмсалса, 46 045 теңге жалпы банктік қызметке кеткен.

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алушы жастарға 10 пайыз қаржылай қолдау, жастарға арналған интеллектуалдық және ғылыми-танымдық шаралар ұйымдастыру, ауыл жастарының әлеуетін көтеру, жас кәсіп­керлердің патриоттық, рухани құндылықта­рын арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпа­раттық сүйемелдеу мен жастардың өздерінің бизнесін ашуға бағытталған жобаларын дамытуды мақсат еткен “Тереңөзек жастары” қоғамдық қорының бүгінгі жұмысы қарқынды.

Ел дамуы жолында еңбекқор жастардың туған жерге қызмет еткені кімге болса да қуантарлық жағдай. Бұл жастар «Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың» демекші, қатарының арты емес алды болуды, жеке кәсіппен айналысуды мақсат еткен жастар. “Ақыл жастан” дегендей, Тереңөзек жастары осындай талантты, еңбекқор, жан-жақты дамуға құмар болса оларға әртараптан қолдаудың болары сөзсіз.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *