QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ЖҮЗІНДЕ ШУАҚ, БОЙЫНДА ҚУАТ ТАСЫҒАН

ByQAA.kz

Қыр 21, 2020

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облысы бойынша праймеризге қатысушы А.ӘБИБУЛЛАЕВА: САПАЛЫ ІСПЕН СЕНІМДІ АҚТАУҒА АСЫҚПЫН

Құрметті Қызылордалықтар!

Қымбатты жерлестер!

Мен де өз тарапымнан «Nur Otan» партиясы жариялаған праймеризге қатысқалы отырмын. Өйткені, еліміздің дамуына, халқымыздың өмір сүру деңгейінің артуына мен де өзімнің аянбай күшжігерімді жұмсап еңбек етсем, үлес қоссам деген ниеттемін. Елдің сенімі мені жігерлендіріп, әркез сәттілікке бастап келеді. Бұл жолы да сапалы іспен сенімді ақтауға асықпын. Игі істерді атқару үшін мені таңдауларыңызды сұраймын!

ЖҮЗІНДЕ ШУАҚ, БОЙЫНДА ҚУАТ ТАСЫҒАН

Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр топырағы қыздарында ерекше қасиетке бөлеген. Бұл сөзіме табанды тіршілігімен, өжеттілігімен елдік істе ерлердей еңбек етіп жүрген қыздарымыз дәлел. Әдептен құралған әлемі әділдік пен адалдыққа толы Сыр елінің қайраткер қыздарының бірі – Аида Әбибуллаева.

Балалық шақтан жарқын болашақты аңсаған арманшыл бойжеткеннің М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесінен бастап, одан соң Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Құқықтану» факультетін «Заңгер» мамандығы бойынша бітіріп шығуында да оның туған өлке тарихынан мағлұмат алып , сол елге кірпіш болып қаланғысы кел­­­гендігін байқауға болады. Олай деуге себеп те жоқ емес. Жас маман қызметке араласа бастаған уақыттан бері осы өңірді құқықтық, экономикалық, қаржы секторларын дамыту жолындағы сан алуан жұмыстарды уақытпен санаспай атқарды.

Әсіресе, ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының прокуроры, аға прокуроры қызметтерін атқарған тұста аймағымыздағы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға бағытталған тексерулерді шектеу аясында жұмыстарға белсене араласты. Ал Жалағаш аудандық Әділет басқармасының бастығы болып қызмет атқарған жылдары аудан халқының жылжымайтын мүліктерін заңдастыру, азаматтарды құжаттандыру және тіркеу бойынша атқарылған жұмыс нәтижесінде тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленді. Дәл осы уақыт Аиданың өмір тәжірибесінің толысуына, халықпен бірлесе жұмыс жасауына септігін тигізді.

«Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры қызметін атқара жүріп, өңіріміздегі мемлекеттік қызмет көрсету саласын реформалау мен цифрландырудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысты. Мемлекеттік қызмет көрсетуші мемлекеттік органдардың сапалы, уақытылы, әрі осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін түп тамырымен жою мақсатында тынымсыз еңбек етті. Еліміз бойынша алғаш рет «Қызметті бағалау» идеясының авторы болып, қызмет алушының статусын көтеруге зор үлес қосты. Оның осы бағыттағы жетістіктеріне облыс халқы кезінде оң бағасын берді. Бүгінгі күні «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры қызметін атқара жүріп, қысқа уақыт ішінде пошталық қызмет көрсету саласын бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарға шығара білді.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген халық даналығына сүйенсек, Аиданың шыққан тегі де тегін емес. Жаңақорған өлкесінің айтулы абыздары Әл-Амин-Бап, Шаh-Бүзірік, Шәмші-Бүзірік бабаларымыздан тамыр алатын ұрпақтар жалғасы саналатын оның атасы мен әкесі де сол өңір тарихы мен шаруашылығы жолында тер төккен кісілер.

Осындай танымал тұлғалар көшін жалғаған Аида Ибрагимқызы да сол бабалар салған сара жолмен жүріп келеді. Өңірдің өркендеуі жолында қосқан сүбелі үлесі үкімет тарапынан оң бағаланып, «Қызылорда облысына – 80 жыл», «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» медальдары мен «Құрмет грамоталары», «Алғыс хаттардың» да берілуі тегін болмаса керек.

Ол – әрине, бірінші кезекте әйел, ана. Әйтсе де, оның басқадан ерекшелігі,қандай күрделі сала болмасын, абыройлы еңбек етті. Көрген қиыншылығын Тәңірдің берген сынағы деп қабылдады. Содан да болса керек, кездескен жерде жадырай күліп амандасатын, ақжарқын мінезді бұл кісіні сыртынан көргендер «көңілінде еш алаңы жоқ, өмір жолында аса қиындық көрмеген адам» деп ойлауы әбден мүмкін. Әсте олай емес. Мәселе – ол адамның өміріндегі жолыққан қиындықтарды өр мінезімен жеңе білуінде.

Жаны нәзік жаратылыс иесі бола тұрып, қиыншылығы мол жұмыстарды еңсеріп келеді. Қайратты қыздың атқарған жұмысы ер азаматтардан ешбір кем түспейтін, қайта алда жүретін. Осы жылдардағы өңірді өркендету жолындағы тынымсыз қызметі Аида Ибрагимқызын «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапаттың иегері атандырды. Бұл құрмет ол үшін барлық марапаттардан да биік!

Саналы адам өзінің шыққан биігіне масайрамай, қайта әрі қарай дамуды, жан жағына шарапатын тигізуді ойлайды. Дәл сондай жандардың қатарынан саналатын Аиданы, елдің жайын ойлаудағы ерен еңбегін бағалайтын жандар оны жоғары жақтардан көргісі келеді. Себебі оның осы кезге дейінгі атқарған еңбек жолындағы талапшылдығы, адалдығы, турашылдығы мен әділдігі Аида Ибрагимқызының алар асуының мол екендігін білдіреді.

Халықтың барын бағамдап, жоғын түгендей білетін белсенді азаматтардың белін бууға негізделген партияішілік таңдаудан елдің күтері көп. Сыр елі де – сол үміткерлер қатарында. Себебі билік партиясының пәрменін арттырып, елдің сенімінен, халықтың үдесінен шыға білетін талабы тау көшбасшылар мемлекетке ауадай қажет. «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша мықты көшбасшыларды анықтау мен оларды ел ісіне тартуды міндет еткен бұл бастама әйел азаматтардың да үлесін ұмыт қалдырған жоқ. Праймериз өткізудің ережесінде партиялық тізімдерде кем дегенде 30% әйелдердің, көпбалалы аналардың болуы айтылған еді. Ереже ескерусіз қалған жоқ. Міне, біз Аиданы осындай ел сенімін ақтап, абыроймен қызмет ете жүріп, елінің ертеңіне әрі қарай да тынбай үлес қосуда бар күш-жігерін аямайтын жандар катарынан деп білеміз.

Халық өзінің сенімді өкілін өзі сайлайды. Одан зор үміт күтеді. Тұрмыстағы қиыншылықтарымен бірге көптің хал-жайын да өзі қалаған адамына айтуға асығады. Егер де біз осы мақсат үдесінен үлкен абыроймен шығуды көздесек, қазан айының басында өтетін саяси додапраймеризде Сыр елінің ұлтжанды қайсар қызы Аида Ибрагимқызы Әбибуллаеваны қолдап, таңдау жасауға шақырамыз.

М.АҢСАТОВА

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетінің профессоры, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Зор сеніммен сәттілік тілеймін

Қасиетті Сыр топырағы талантты ұлдарымен қатар ақылды, сұлу қыздарды да дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Көкірегі ояу, көзі ашық, елім деп ерлердей еңбек етіп, елдің алғысына бөленіп жүрген Сыр қыздарының бірегейі ─ Аида Әбибуллаева. Аида Ибрагимқызы ана-әжесінің тағылым тәрбиесін алған, адамгершіліктің асыл қасиеттері бойынан табылатын аяулы жан. Аидамен көптеген істің басы-қасында бірге болып келеміз. Қашан көрсем де, үлкеннің алдын кесе өтпейтін, кішіге ізет білдіріп жүреді. Ақжарқын, әркез күлімдеп айналасына шуағын шашып жүретін жайдары. Отбасылық өмір мен қызметті қатар алып жүр. Өзінің іскерлігімен еңбекқорлығы, халыққа деген қатқысыз қызметінің арқасында Сыр еліндегі іскер әйел ретінде қоғамнан өз орнын тапты. Аида әрбір істе үлкен жауапкершілікті арқалап, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен әркез елдің сенімін ақтап келеді. Аида Ибрагимқызы туған жерін дамытуға мүдделі, ой-өрісі кең, батыл, ұрпақ болашағына жанашыр әйел. Ол қоғамдық пікір білдіруде, салиқалы ой қозғауда өзіндік үлесі бар заманауи көшбасшы.Халықтың алғысын алып, партияның белсенді мүшесі ретінде праймеризге тек ой қосып қана қоймай, сүбелі үлес қосары сөзсіз. Еңбекқорлығымен жаңашылдыққа жақын жүретін белсенді жан үлкен істерді де ұршықша иіріп әкетері анық. Алдыңғы буын әпкесі ретінде зор сеніммен, сәттілік тілеймін.

Р.АХМЕТОВА

«Саясаткер әйелдер» клубының жетекшісі

Тәртіпті талап ететін табанды қыз

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіп бастау қиын болды. Қаламызда алғаш рет мейрамхана бизнесін қолға алып «Қыз Жібек» ұлттық тағамдарын ұсынатын мейрамхана аштым. Кәсіпті дамытуға арналған бүгінгідей мемлекеттік бағдарламалар жоқ. Өзімізді шыдамдылыққа шақырып әзер бастадық. Қиналған тұсым кәсіпкерге қырғидай тиетін тексеруші органдар көп еді. Салық мамандары тексеріп бола бергенде, қаржы полициясы немесе ішкі істер қызметкері, әкімдіктен, өрт сөндірушілер келетін. Кәсіпкерлердің шығыны артып, табысы азайып тіпті жабылу қауіпі төнгендері де болды. Біз «прокуратурадан Аида келе жатыр» дегенді естігенде қатты қуанатынбыз. Ол кезде Аида Әбибуллаеваның прокуратура саласына жұмысқа енді ғана қабылданған кезі. Алғаш қандай мемлекеттік органдардан тексерушілердің келгендері туралы ақпарат алуға келді. Ол уақыт кәсіпкерлерді тексеруші мекемелердің тізімі тіркелетін арнайы журнал болатын. Мен Әбибуллаева Аидамен осылай жұмыс барысында таныстым. Орта бойлы, арықша келген пысық қыз. Табанды қыз шынашақтай болса да тәртіпті талап етіп, «ешкімді жасырып қалмадыңыз ба, заңсыз тексеруге жол жоқ»деп кетпей тұрып алатын. Кейін араласа келе адамгершілігі мол, тәрбиелі ортадан шықан қарапайым жан екенін білдім. Аидамен сол уақыттан бері доспыз, әріптеспіз. Халқымызда «түрі келгеннен түңілме» деген жақсы сөз бар. Осы нақылды басшылыққа алып, жас болса да, ісіне мығым, прокуратураданмын деп шіренбейтін, қарапайым Аидамен кәсіпкерлікке заңсыз араласуды болдырмау тақырыбында еркін әңгімелесетінбіз.

Аиданың қырағылығы болар, менің әңгімемнен кімнің тексері келгендерін аңғарыпты. Алдымен мейрамханаға жөнсіз тек жеке бас пайдасын ойлап тексерушілердің, өз қызмет бабын пайдаланып,тапсырыс беретіндердің үстінен қызметтік тексерулер жасатты. Бірінен соң бірін жауапкершілікке тарта бастады. Бұл іске басқа да кәсіпкерлер қосылып, бастама өз нәтижесін бере бастады. Нәтижесінде кәсіпкерлердің «тынысы ашылды». Аида жас маман болса да, аймақ кәсіпкерлеріне осылай қолдау білдірді. Тексерулер азайып, тірлігіміз алға басты. Сонда аңғарғаным ол өте білімді заңгер. Іс-қағаздарына өте мұқият. Әрбір ұйымдастырған ісінен тиянақтылығы, мықты ұйымдастырушы екені байқалатын. Аидамен бірлесіп өткізген шараларымыз жоғары деңгейде өтіп, әкімдіктің оң бағасын алатын.

Қазіргідей әлеуметтік желі, ұялы теле­фон, интернет деген жоқ, жаппай жария етуге тек қағаз жүзінде ғана мүмкіндік болды. Сол жылдары өңір кәсіпкерлерінің «Қызылорда кәсіпкерлері ассоциациясы» атты үлкен қауымдастығының қалыптасуына және оның мәртебесінің көтерілуіне бірден-бір себепкер ретінде Аида Әбибуллаеваның да қосқан үлесі зор екенін ерекше мақтанышпен айта аламын. Заңсыз араласулар тоқтаған соң кәсіп иелері өз өнімдерін нарыққа шығарып, аймақ экономикасына үлестерін қосты.

Сонан бері 20 жылдай уақыт өтсе де, сол іскерлік пен талапшылдық, түрлі саладағы облыстық мекемелердің басшысы ретінде өзінің ашық және әділ басшы ретінде танылып келеді. Қазіргі таңда жетекшілік жасап жүрген облыстық деңгейдегі барлық мекемелерде нәтижелі қызмет атқарып, халықтың алғысына бөленіп жүргеніне куәміз. Аида Ибрагимқызы «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі. Партияның қоғамдық-саяси бақылау жұмыстарына да қатысып жүр. Оның партияішілік праймеризге қатысып, өз ойын ортаға салуы орынды. Тіршілікте тағдырдың жауына таусылмай, табандылық танытып, тәртіп пен тазалықты талап етіп жемісті еңбек етіп келеді. Біздің қоғам осындай елжанды азаматтардың қамқорлығына мұқтаж.

Ерлан РАИМОВ, кәсіпкер.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған