QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Тегіне тартып әдемі әкім болар ма екен?

ByQAA.kz

Сәу 9, 2021

Қызылорда қаласының әкімі лауазымына кім келері, болашақ қала әкімі болады деп аталғандардың қайсысының бағы жанар екен деген сауал тұрғындардан бөлек, сол әкімдікке қарастыларды да қыс-көктем қызықтырып қойғаны сөзсіз. Түрлі жорамалдар да айтылды, аталған жұмсақ орынға үміткерлердің қай-қайсысы да жұртшылықтың аузынан түспей жүрді. Алайда, кім келсе де Қызылорда халқына қамқор ғана емес, әділ де болатын, қаланы түрлі бағытта түрлендіріп ғана қоймай, қала тыныштығы мен қалалықтардың тұрақтылығын да сақтай білетін іскер жан болса деп тілек тіледі.

Сөйтіп, барлық сұрақтың жауабы биылғы жылдың сәуірінде белгілі болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды.

Жаңа әкім туралы не білеміз?

Бәлкім, «тегін» адам еместігі тегінен де байқалып тұрған болар. Оның әкесі, қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаев та өз заманында облыс өркендеуіне сүбелі үлес қосқан республикаға белгілі азамат. Асылдың сынығы деп мұндағы ел енді Қонысбектің баласына да арқа сүйейді. Нар тұлғалы азаматтың ұрпағы да бүгінде облыс орталығын басқаруға келді. Бұл оның қызмет жолындағы алғаш рет әкім болуы емес. Бұған дейін Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болған тұста Сырдария ауданын басқарды. Аудан басқарған жылдары өзге елден ерек қоғамдық кеңес дейтін халықты тыңдайтын билік үлгісін алғаш болып ендірді. Әділдікті аңсаған, жемқорлықты жек көрген, мұн-мұқтажы көп халықты қайтсем билікке айналдырамын деген Ғ.Қонысбекұлының ой-арманымен дүниеге келген Сырдария ауданындағы қоғамдық кеңестің қазіргі әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестерден айырмашылығы көп-ті. Қазіргілер әкімдіктердің кезекті бір бөлімі сипатындағы қоғамдық кеңестерден гөрі Қазантаевтың қоғамдық кеңестері шын мәнінде халықтың билігінің жүзеге асуы болды. Әр ауылдардағы қоғамдық кеңестер ауыл мұн-мұқтажын, яғни орнатылатын жарық бағаналары, аяқ-су баратын көшелерді өздері анықтап, қаржысын шешумен, бюджеттің қаржысына тапсырыс берумен қатар, мектепке мұғалім қабылдау және тағы да басқа қызмет мәселелерін шеше алады. Есесіне, сол кезде аудан әкіміне баласын оқуға түсіруге, жұмысқа тұрғызып беруге өтініш айтып келетіндердің саны азайған.

Сондай-ақ, аудан бюджетінің кіріс көзін көбейткен инвестиция көлемі де артты. Нәтижесінде Тереңөзек кенті абаттандырылды, көркейді, жүздеген адам жұмыспен қамтылды.

Бүгінгі күні қажеттілігі, әрі әкімдердің қызмет деңгейі көрсеткіштерінің негізіне айналған әлеуметтік дүкендер Қазантаевтың қолдауымен Сырдария ауданында бұдан біршама жыл бұрын ашылған болатын. Бұл дүкеннен осал топ, мұқтаж отбасы деп аталатын әділдікке құмар әлеуметтік топ аптасына бір рет отбасы табысы кірісіне орай еттен бастап дастархан мәзірін төмен бағада сатып ала алады. Ескеретін жәйт, бұған бір тиін да бюджеттен бөлінбейді. Қайырымды да қамқор жандардың, кәсіпкерлердің, мұнай компанияларының қайырымдылығынан құралған қор қаржысы қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Қазантаев тұсындағы Сырдарияның тағы бір қадамы жас кәсіпкерлерді қолдау қоры құрылып, жастар өндірісін дамыту қолға алынған болатын. Сондай-ақ, құрылыс заттарын шығаратын өндіріс орындары көбейді. Облыс аудандары арасында мұнай компаниялар арқылы білім гранттарына да басымдық берілді. Ауданды осылай 6 жыл басқарған әкімнің іскерлігін және өзге де атқарылған жұмыстарын сондағы тұрғындар әлі де жарыса айтуда.

Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандықтары бойынша бітірген ол өзге салалар бойынша да тәжірибе жинақтады. Атап өтер болсақ, Жалағаш аудандық 9-жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде қызмет жолын бастаған. Сосын Қызылорда облысындағы құрылыс ұйымдарында мастер, аға жұмыс өндіруші, өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, 3-ауданаралық мамандандырылған жылжымалы механизацияланған колоннаның бас инженері, «Нефтегазстрой Кызылорда» корпорациясының президенті, «Ай-Дан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «ССК «Ақмешіт» акционерлік қоғамының президенті, «Ай-Дан Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Сырдариямұнай» акционерлік қоғамының бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Kazpetrol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры болды. Одан кейін жоғарыда атап өткендей Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалған. Қала әкімі атанғанға дейін ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Мұнайды меңгеріп, кәсіпті серік еткен жаңа басшы аталған салалардың қала көлемінде ілгерілеу деңгейін арттырады деген сенім жоқ емес. 1960 жылы дүниеге келген жаңа әкім осылай еңбек жолын небәрі 20 жасында бастаған. Шаруаға ерте араласқан Ғанибек Қонысбекұлының бүгінге дейін жеткен жетістігі мен алған асуы аз емес.

Марапаттары бар әкім…

Қызылорда қаласының әкімі 2000 жылы облыс әкімінің, 2002 жылы облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, 2005 жылы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік төсбелгісі мен «Құрмет» орденінің иегері атанған.

Бұрынғы мен бүгінгі әкімнің ұқсастықтары қандай?

Қала тұрғындары қызметі жоғарылағанға дейін өздері бауыр басқан Нұрлыбек Нәлібаевтың бойындағы табандылықты, сөзіндегі өтімділікті, шаруаға деген пысықтықты жаңа әкімнен көргілері келері айқын. Тек жақсы қырымен танымал байырғы әкіммен Қонысбек Қазантаевтың айырмашылықтары жастарында демесеңіз, қатаңдық пен тәртіпке деген талап екеуінде де бар бірдей қасиет. Тірліктің тыңдырымды болуы жолында тынбайтын жауапкершіліктері де ұқсастықтарының бірі.

– Әрбіріңіздің сенімдеріңізге алғыс білдіремін! Алдағы уақытта бірлесіп нәтижелі жұмыс жасаймыз деп ойлаймын. Ел алдында, қала халқы алдында өз жұмысымды адал атқарамын деп уәде беремін, – деп тағайындалуы барысында жұртшылық алдында сөз алған жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілейміз!

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған