QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Тазалық туралы таза шындық

Автор:QAA.kz

Фев 19, 2021

Әлемде тазалық қызметі болмаса, «ақыр» заман ерте орнар ма еді деген ой келеді. Әдетте таңғы бесте кей жұрт тәтті ұйқыда жатса тазалық сақшылары жұмысына кіріседі.

Бас-аяғы қалада 813 көше бар. Олардың барлығын бір тәулікте жинау мүмкін емес көрінеді. Десе де, жаздың ыстығында, қыстың қытымырында күрек пен сыпырғышын тастамайтын тазалықшылар бәріне үлгеруде. Бізге мәлім 800-ден аса көшелердің 600-ге жуығы күнделікті жиналады.

Біз барған Балқы Базар мен Ешнияз сал көшелері қиылысында түскі уақыттың өзінде қоқыс толып қалыпты. Әйтсе де, аталған көшелер таңғы сағат 5-те бір жиналған еді.

Көбінесе жергілікті тұрғындар өз көшесінің басындағы бір жерді белгілеп алып, күнделікті қоқысын шығарып отырады. Олардың арасында кейде ит-мысықтың өлекселері де жатады. Бұл өз қаласын, тұрғылықты жерін құрметтемеушілік секілді көрінеді. Себебі, қоқыстың иісі, қалдықтары айналаға тарап, қаңғыбас иттердің жиі шашып кететін орнына айналған.

Бүгінгі күні «Қызылорда тазалығы» мекемесімен келісім шартқа отырғандардың саны көп емес. Келісім шарт негізінде әр тұрғынға өз үйінің алдына қоқыс жәшігін қою ұсынылып, жиналған қоқысты тазалықшылар алып кетеді. Алдын ала хабарласып, мекен-жайын айтып, ақысын төлесе болғаны.

Сондай-ақ, біреу білсе біреу білмес. Әр тұрғын қоқыс жәшігін орнатуға міндетті. Бұл қаламызды қоқыстан арылтудың бірден бір амалы.

Тазалықшыларға берешегі бар тұрғындар жауапқа да тартылуда. Мәселен, Әл-Фараби көшесінің бойында бірнеше көше орналасқан. Әр көше тұрғындарының өздері белгілеп алған қоқыс тастайтын жері бар. Ал сол қоқысты жинайтын өзіміздің тазалықшылар. Оның үстіне қоқыстың көлемі де сағат сайын толастап, кейде үлгермейтін де кездер болады. Сондықтан, ортақ қаламызды таза ұстау өзіміздің қолымызда екенін ұмытпайық.

Бұдан басқа тазалықшылардың жұмысы қыруар. Кей жұрттың шашқан қоқысын жинаудан бөлек, көше тазалығы, аялдамалар мен жарық шамдардың тазалығы да уақтылы реттеліп отырады. Көктем шыға салысымен қаладағы жарық шамдар мен аялдамалар және басқа да кіші сәулет нысандары жуылып, тазаланбақ. Қазірдің өзінде өзен үстінен өтетін көпірлерді тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Мекеменің қарамағында тазалық техникалары жеткілікті. Ірі және кіші көлемдегі қоқыс салғыш көліктер бар. Қала бойынша 140 тазалық қызметкерлері, 58 жүк тиеуші көлік және 60 жүргізуші бар.

 Соңғы рет мекеменің көліктері 2013 жылы жаңаланып, Камаз, Хавал сынды көліктер тазалық сақшыларының тұлпарына айналған.

Бұл орайда, тазалықшыларға айқайлап, ауыр сөздер айтатын тұрғындар да кездеседі. Мәселен, әлде бір үйдің алдына  қоқыс салғыш көлікпен тоқтап, сол аумақтың қоқыстарын жинап жүрген қызметкерлерге үй йелері шағым айтып, көліктерінің көзін құртуын сұрайды. Сондай-ақ, арнайы топ күні-түні рейд жасап, қоғамдық орынды қоқыстаған тұрғындарды ұстап, ескерту немесе айыппұл арқалатуда.

Елдегі індеттің қысымына қарамастан күні-түні қала тазалығын күзеткен қызметкерлерге ешқандай уәж жоқ. Бізге белгілісі, қаланың кей түкпірлерінде әлі күнге дейін көрінген жерге қоқыс тастайтын жұрттың бар екендігі. Неге өз көшемізді таза ұстамасқа?

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *