QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«ТАЗАЛЫҚ» ТАЗАРТАДЫ

ByQAA.kz

Сәу 29, 2021

Қала тазалығына соңғы жылдары аса мән беріліп келеді. Уақытында тиісті жұмыстар атқарылып, үздіксіз қадағалауда болуда. Осы бағытта қаланың тазалық жұмыстарына қазір «СК Сапа КZ» және «Ақ Сырым» ЖШС қала аумағын 24 секторға бөлу арқылы «Қызылорда тазалығы» ЖШС жауапты болуда. Күнделікті 130 техника мен 300 жұмысшы аталған жұмыстарды тындырымды атқаруда. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қала әкімдігіндегі аппараттық отырыс барысында баяндады. Жасыратыны жоқ, тұрмыстық қоқыстарын көрінген жерге тастайтын тұрғындар бар. Осындай олқылықтар орын алмасы үшін жеке және заңды тұлғалар тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтап, оны шығару қызметі үшін арнайы ережеге бағынған жөн. Аталған бағытта тазалық мамандары тарапынан халық арасында тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Санитариялық тазалық жағдайы мен атқарылған жұмыстарды бақылау мақсатында қала әкімдігі жанынан арнайы мобильді топтар құрылып, қалалық полиция басқармасының инспекторларымен бірлесе рейд жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Бөлім басшысы жиын барысында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын арнайы 285, қоқыс алаңқайларында 1280 жәшік, жеке секторларда қосымша 350-ден аса қоқыс жәшіктері орналастырылғанын атап өтті. Қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлының
төрағалығымен өткен мәжіліс барысында қала басшысы тазалық жайында бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қонысбекұлы:

  • Қала тазалығымен қатар кент, ауылдық округтердің де санитарлық тазалығы, көгалдандыру жұмыстары назардан тыс қалмауы керек. Қаланың кіре беріс солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс бағыттарындағы тазалығына күнделікті күш салуға тиіспіз. Күнделікті тазалық жұмыстары өзімнің тікелей қатаң бақылауымда болады.

Жиын барысына талқыға түскен келесі тақырып – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің көрсетілуі. Жалпы, 2021 жылға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 4 млрд.280,1 млн. теңге қаржы бөлінген. Осы сәуір айына дейін аталған көмек түріне 3 813 отбасының 19 151 адамына төленсе, 1 198 отбасыға АӘК тағайындалмаған. Себеп түрлі. Мысалы, табыстары кедейшілік шегінен жоғары болуы, табыстарын жасыру, дәйексіз мәліметтер ұсыну және тағысын тағы. Аталған салаға жауапты бөлімнің басшысы Кенжегүл Құрақбаеваға қала басшысы көмек түрлерін көрсетер алдында тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырды. Мәжіліс барысында электр энергиясымен сапалы қамтамасыз ету де сөз болды.

Аталған тақырып аясында қалалық электр тораптары басқармасының директоры Орынбек Дауенов жеткізді. Оның айтуынша, қала және қалаға қарасты елді мекендердегі талапқа сай емес электр желілері бар. Осы мәселені реттеу мақсатында «ҚЭТТК» АҚ-ы жарғылық капиталын ұлғайтуға Қызылорда облысы, Қызылорда қаласының Қызылжарма, Арай, Титов мөлтек аудандарының 10/0,4кВ әуе электр желілерін қайта жаңғырту бағдарламасына сәйкес, жалпы ұзындығы 37,438 шақырым болатын ескірген 0,4кВ әуе желілерін жаңарту жұмыстары жоспарланған көрінеді. «Талапқа сай емес электр желілерін жою жұмыстарын жалғастыру үшін «Сабалақ» саяжай серіктестігі мен «Медик», «Монолит», «Обувщик», «Мелиоратор», «Дорожник», «Қаржыгерлер» саяжайларында жұмыс жүргізіліп, қазіргі таңда 10/0,4 кВ әуе желілері мен 6 10/0,4 кВ қосалқы станциялардың монтаж жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, тұтынушылар жаңа әуе желісіне қосылуда»,- деді қалалық электр тораптары басқармасының директоры
Орынбек Дауенов.

Қала басшысы талапқа сай салынбаған және тозығы жеткен электр желілерін жазға дейін жүйелеу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, аппараттық отырыс барысында осы жылдың I тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары да айтылды.

2021 жылдың қаңтар – наурыз айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 25,8 млн.теңге болып, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 120,1 пайызға артты. Облыстағы үлесі 60,3 пайыз. 2021 жылдың қаңтар – наурыз айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,5 млн.теңге, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 138,2 пайызға артты. Облыста атқарған құрылыс жұмыстарының 57,0 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде, деген қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Г.Баймахановаға да тиісті тапсырмалар айтылды. Қала басшысы түрлі салаларға тиесілі көрсеткішті көбейту керектігін тапсырды.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған