2021 ж. Сәуір 14

ТАЗАЛЫҚ – ОРТАҚ ТАЛАП

Қала көшелерінен қыл таппасаңыз, таңмен таласып тазалыққа жауап
беретін мамандардың еңбегі деп білгейсіз. Білгенмен, әрекетке келгенде қарапайым қоқыс тастаудың әдебін ескере бермейтініміз тағы бар. Қаланың тазалығына жауапты, лас жерді көркем қылар, қыс пен жаздың қабағына қарамай маңдай терін тамызып еңбек етуші тазалық қызметкерлерін біз осы байқаймыз ба?


Қазірде бұл жұмыста еңбек етіп жүргендердің басым бөлігі әйел
кісілер. Бірі осы салада бұрыннан келе жатса, басқасы зейнетке шығып, бос отырмаудың қамын жасауда. Осы кісілердің жұмысымен танысуға, жайкүйін білуге ат басын бұрдық. Қызу жұмыс үстінен түсіп, апаларымызбен пікірлестік.


Жұмыс сегізден өте басталып, қаланың әр аумағына бөлінетін тазалық қызметкерлері күн-түн демей еңбек етуде. Адам бар жерде қоқыстың да болары хақ. Бір-бір күрек пен сыпыртқыны алып, көшенің шаң-құмын жинап, көше әйнектерін өз үйінікіндей жуып-шайып жүрген тазалықшы паларымыздың бір күндік жұмысына куә болдық. Қаламызда 800-ге жуық көше болса соның 600-ден астамы күнделікті күл-қоқыстан тазартылады. Бүгінде «Қызылорда Тазалығы» мекемесінде 132 қызметкер жұмыс істесе, техника саны 65-ке жетіп отыр. Оның ішінде бұрын соңды қалада болмаған көше сыпырғыш көліктер, су сепкіштер мен бағаналарды жуатын техникалар бар. Тазалық қызметкерлері көбіне қоқыс салғыш кіші көліктермен қаланың жан-жағына қатынауда. Кейде тазалап кеткен жерлеріміз араға сағат салмай қайта ластанады дейді. Қоқыс тастаушылардың дені жастар. Әйтпесе ересектерден қоқыс тастаушылар аз байқалады.
Біз сөйлескен Гүлайым Қарғабаева мен Рая Қарамырзаева апаларымыздың өз ортасында абыройы бар, тазалықтың нағыз маманы атанған, ұзақ жылдық тәжірбиесі бар кісілер. Жұмысының жәй-күйі өздеріне ұнайтын көрінеді. Қазақ болғандықтан арасында «әу» дейтіндері де табылып, шаршаған сәтте біраз бой сергітеміз дейді.
Тазалықтың маңыздылығы сонша, бұл кісілер кешегі карантинде де жұмыс жасады. Жұмыс уақыттары тиімді. Аптасына бір рет демалыс беріледі екен. Керек кезде сұранып, демалыс та алатын көрінеді. Жұмыс жасап жүрген кісілердің дені үлкендер. Жастар бұл жұмысқа келмейді дейді. Мәселен, Рая апай бұған дейін күріш зауытында 10 жыл жұмыс жасаған. Ал Гүлайым апамыздың осы салада жүргеніне 16 жыл уақыт болыпты. Жалпы айлық уақытылы, жұмыстың ұнамдылығы осы қызметтің артықшылықтарының бірі. Себебі, көшенің ауасына, күннің көзіне үйренген тазалықшыларды бөлмеде отырып жасайтын жұмыс тартпайды екен. Кей кездері күніне екі-үш жерге баруға тура келеді. Сол уақытта өздерін таситын көліктері де бар екен. Кей-кейде қоғамдық көлікке де мінеміз дейді. Қаланың
әр тұсына көп баратындықтан қоғамдық көліктен арнайы тазалықшыларға бір жеңілдіктің қарастырылатын уақыты болған секілді.
Күнделікті әр мөлтек аудан мен көшелер бойындағы қоқыс арнайы көлікпен әкетіледі. Артынша барып қоқыс тастап жатқандарын көріп,
қоқыс тастамауын, келесі келетін қоқыс көлігін күтуді сұраймыз дейді. Кешегі қыста да қар тазалап, жол қауіпсіздігіне орасан септігін тигізген де осы қызметкерлер. Тазалықшылар кей кезде тоңып қалсақ маңымызда бар мекемелер мен сауда орындарына кіріп тұрамыз дейді. Соңғы кездері әлеуметтік желіде қаланың жас белсенділері тазалықшыларға көмектесіп, қыста қарын күресіп жүрген видеоларды көп көретін болдық. Бұл қоғамның өзгергенін білдере ме қалай өзі?


Өздерінің блогтары бар жергілікті интернет белсенділері де қысқы
уақытта тазалықшыларға ыстық шәйін әкеліп, бір қуантқан көрінеді.
Біз барған Рая апамыздың балалары бүгінде жұмыс жасауда, ал Гүлайым апамыздың екі қызы тұрмыс құрып, қолында қалған мектеп оқитын қызы бар екен. Осы жұмыспен нанын тауып отырған тазалықшылардың бір күні осылай өтеді. Бұрынғыға қарағанда қала халқы тазалыққа үйренді деп жылы ғана күлді…


Д.АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған