2021 ж. Сәуір 14

Татуласу тетіктері

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданды. Оған сәйкес, медиация қызметі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарға, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарға, қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларға қолданылады.

Медиацияның мақсаты – қос тарапты да қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Соған сәйкес, дауларды сотқа дейін шешу еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттары негізінде жүргізіледі.

Медиация – дауларды реттеудің баламалы түрі. Үшінші тарап ретінде қатысатын медиатор дауласушы тараптардың белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі.

Партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

Билер кеңесі – халық арасындағы дауларды ақсақалдардың араласуымен шешу, ел ішіндегі дауласу деңгейін азайтуға ықпал ету мақсатында құрылған кеңесші орган.

Бітістіруші-судья азаматтарға дауды бітіммен аяқтаудың жоғарыда аталған тиімділіктерін жан-жақты түсіндіріп, туындаған дауды татуласу келісіммен, екі тараптардың адвокаттары болған жағдайда партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен, кәсіби немесе судья медиатордың қатысуымен медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуге шақырады.

Бітімгершілік рәсімдері азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, дауды сотқа дейін шешуге және тараптарды бітімгершілікке шақыруға үндейді.

Қызылорда облысы соттарында 2020 жылдың 12 айында медиация тәртібімен 151 қылмыстық іс және 1064 азаматтық іс, 593 әкімшілік іс, 23 іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 225 іс татуласу келісімімен аяқталды.

Бұл деректер сотқа дейінгі татуласу рәсімдерінің тиімді жүргізілгендігінің нәтижесі.

Қандай да бір істі шешуде кім медиатор бола алады? Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың қызметтерін орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиатордың қызметі кәсіби негізде және кәсіби емес негізде жүзеге асырылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Медиация» туралы Заңына сәйкес, қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес

сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

«Тәуекелден не кетсін?!

Татулыққа не жетсін?!», – дейді дана халқымыз. Осы орайда, бір-бірімізбен дауласпай, өзара бітімгершілікпен шешілетін түсініспеушіліктер үшін бірден сотқа жүгінбей, татуласу тетіктерін қолданып, ортақ шешімге келіп, татулықты сақтауға ынталы болған жөн.

Ардақ Смағамбетова

Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің

Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған