QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Татуластыру рәсімдерін қолдану

Автор:QAA.kz

Ноя 27, 2020

Қазақ «Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса -төбедегі келеді» дейді.

Халқымыз бірлігін берік ұстап, татулықты ту еткен. Кешегі билердің салған сара жолы, көшпенділердің көші бүгінде жалғасын табуда. Қазақ халқы бесікте жатқаннан бірлікке, ынтымаққа, татулыққа тәрбиелейді. Кешірімді болуды әрқашан қәперде ұстауды баланың бойына сіңіреді. Екі рулы елдің арасында туған дауларды билер әрқашанда татуластыра отырып шешкен. Билер салған сара жолмен елімізде тәжірибе негізінде азаматтық, қылмыстық заңналарды ізгілендіру бағытында, Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы Елбасымызбен қабылданған.

Медиация — үшінші, бейтарап, әділ, жан-жал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы түрі.

Бітістіру рәсімдерінің мақсаты: рәсімнің екі бірдей тарапының көңілінен шығатын дауларды шешу нұсқасына қол жеткізу; дауды жедел түрде шешу; тараптың материалдық шығындарын төмендету; тараптардың жанжал деңгейін төмендету; дауды жағдайларды жойған кезде тараптар арасындағы тұрақты қатынасты қалыптастыру және сақтау; халықаралық деңгейде іскерлік абыройды нығайтуға; сот жүйесіне түсетін жүктемені төмендету болып табылады.

Татуласу келісімі — бірінші, апелляциялық, кассациялық инстанциялардың соттарында соттың кеңесу бөлмесіне кетуіне дейінгі сот талқылауының кез-келген кезеңінде, сонымен қатар, сот актісін орындаған кезде жасалуы мүмкін және сотпен бекітіледі.

Татуласу келісімі жазбаша жасалады. Оған тараптар және олардың сенім хат негізінде өкілдері немесе өкілдің өкілеттілігін растайтын өзге де құжатта арнайы көзделген татуласу келісімін жасасуға өкілеттіктері болған кезде қол қояды.

Татуласу келісімін оны жасасқан адамдар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды.

Ерікті түрде орындалмаған жағдайда татуласу келісімін жасасқан адамның өтініш хаты бойынша сот беретін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Татуласу келісімінде орындау мерзімі мен тәртібін көрсете отырып тараптармен келісілген талаптар болуы тиіс.

Татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан адамдардың санынан бір данасы артық данада жасалады және оған қол қойылады. Татуласу келісімін бекіткен сот осы даналарының біреуін іс материалдарына қоса тігеді.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.

Бастапқы, апелляциялық, кассациялық инстанциялардың соттарында соттың кеңес бөлмесіне кетуіне дейін тараптар медиация тәртібінде дауды (жанжалды) реттеу туралы қолдаухатын мәлімдеуге құқылы.

Тараптардың медиация тәртібінде дауды (жанжалды) реттеу туралы қолдаухаты, егер ол қосымша процессуалдық әрекеттер мен істің қаралуын тоқтатуды талап етпесе, кассациялық инстанция сотында мәлімдеуі мүмкін. Тараптар кассациялық инстанция сотында қолдаухатпен бірге медиация тәртібінде дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімді ұсынуы тиіс.

Өндірісінде іс бар судья (сот құрамы) медиация тәртібінде дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және іс бойынша оны бекіту және өндірісті тоқтату туралы ұйғарым шығарады.

Медиация дауларды баламалы шешу тәсілдерінің бірі ретінде жанжал тараптарына ұзаққа созылатын және қымбат тұратын сот рәсімдерінен құтылып, медиатордың көмегімен дауды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, тараптар ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің 179-бабында көзделген қағидалар бойынша сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.

Медиация мен татуласу келісіміне қарағанда, партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау, татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.

Татуласу рәсімдері процесіне қатысу шарттарының бірі тараптардың өзара ерік білдіруі болып табылады. Сол мезетте тараптар кез келген уақытта медиацияны немесе партисипативтік рәсімді жалғастырудан бас тартып, сотқа жүгіне алады.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Г.Сайджаппарова

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *