QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ТАСБӨГЕТТІК КӨПШІЛІК ДӘН РИЗА

Автор:QAA.kz

Фев 4, 2021

Қалаға тіреліп тұрған Тасбөгет кенті бұрыңғы келбетінен әлдеқайда жаңарған. Кенттегі жағдай жақсарып, салалар жүйеге келіп, халықтың тұрмысы да реттелді. Құрылыс та қарқын алып,
жаңа ғимараттар бой көтерді. Мұны аталмыш кент әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғындар растап, жұмысты оң бағалап, ендігі жоспарларға ақ батасын бергендерінен де аңғаруға болады.
Семсер Сыздықов басқаратын кентке «Иіркөл» елді мекені және «Сабалақ» саяжайы қарасты.


• Білім мен мәдениеттің бабы орнында


Тасбөгет кентіне қарасты бір емес төрт мекте және 9 балабақша жұмыс істейді. Ондағы 5000-нан аса оқушылар жарқын болашақ жолында бүгіннен білім алуда. Алайда, карантиндік талаптарға
сәйкес, кезекші сынып және онлайн негізде білім беру үрдісі жалғасуда. Әкімнің сөзінше, оқушыларға қажетті жағдай жасалған.
Сондай-ақ, талай өнерлілерді түлеткен Тасбөгетте мәдениет саласына да басымдық берілген. Кент кіре берісінен күтіп алатын мәдениет
үйінің өзінде 7 үйірме жұмысын жалғастыруда. Нәтиже де бар. Мәселен, мұндағы өнерпаздар түрлі бәйгелерде оза шауып, жетістіктердің төрінен көрінуде. Аталған мәдениет үйінің өзінде өткен жылы 91 мәдени-көпшілік және саяси іс-шаралар ұйымдастырылған.


• Спорт пен денсаулық егіз ұғым

Бұл кент тек мәдениет саласына басымдық бермей, спорт бағытын да ілгерілетуде. Өткен жылы спортшылар бағындырған жетістіктері де
аз емес. Айталық, халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық спорт сайыстарында топ жарып жүр. Республикалық чемпионаттардан 12 спортшымыз спорттың 5 түрінен жүлделі
орындарды иеленді. №5 облыстық олимпиадалық
резервтің мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебінде 700-ден астам жеткіншек спорттың 8 түрімен шұғылдануда. Сонымен қатар, аталған салаға қатысты тағы
бір жағымды жаңалық деп «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында кентіміздің орталығынан стритбол
алаңының салынуын айтуға болады. Жергілікті ғана емес қалаға қарасты өзге де ауылдық округ тұрғындарының бірінші байлығының бабында болуына қалалық емхана тиісті жұмысын атқаруда.
Айта кетерлігі, мұнда Ақсуат, Ақжарма сынды ауылдық округтің тұрғындары да медициналық көмекке жүгінеді. Көптен көптің негізгі мәселесі болған рентген аппаратымен де қамтамасыз етілді.

• Кәсіпкерлік белең алды

Кәсіп ашып, нәпақамды табамын деген кент тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға бет бұрған. Нәтижесінде жүзеге
асып, қолдау тапқан 98 жоба жемісті жүйесін берді. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту» және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 16
жоба қолдау тауып, 78 кәсіпкеріміз қайтарымсыз грант еншілесе, «Бизнестің жол картасы–2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жоба «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы»
арқылы қаржыландырылып, 1 жоба қайтарымсыз грант иеленді.
Кентте шағын кәсіпкерлікті дамыту негізіндегі атқарылып жатқан жұмыстарды 132 жаңа кәсіпкердің тіркелуімен байланыстыруға болады. Бүгінде аталған салаға ниеттілердің саны 1212-ні құрауда.


• Ауыл шаруашылығында қарқын бар

«Мал баққан озар» деген кент тұрғындары түрлі көкөніс өсіріп те тірлік етеді. Мәселен, 68 кәсіпкер мал өсірумен, 3 кәсіпкер жылыжай
жағдайында көкеніс өсірумен айналысады. Өткен жылы бұл шаруашылықпен айналысатындардың қатары артқан. Қуантарлығы, жылыжайлардың өнімдері кент тұрғындарына нарықтағы бағадан
15-20 пайызға төмендетіп сатылуда. Тасбөгет кентінде шаруашылықтың барлық санаттарындағы мал саны 4762 бас болса, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 1271 басқа, яғни 26,6 пайызға артты. 2020 жылы кенттегі мүйізді ірі қара саны – 1870 бас, қой мен ешкі саны – 1210 бас, жылқы саны — 400, құс саны – 1280 бас, түйе саны – 2 басты құрады.

• Жолдар жөнделді

2020 жылы аталмыш кенттің кей жолдары түзуленіп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға
арналған жол картасы»бағдарламасы аясында ұзындығы 3,9 шақырым болатын 3 көше күрделі жөндеуден, ұзындығы 2,7 шақырым болатын 1 көше орташа жөндеуден өткізілді.
Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 78,0 шақырымды құрайтын 52 көшенің 50 шақырым болатын 35 көшесіне асфальт жабындысы және 17 шақырым болатын 14 көшесіне малта тас төселді.
Кенттің жаңадан қалыптасып келе жатқан аумағындағы 15 көшеге малта тас төсеу үшін қаржы сұратылып, қазіргі таңда бөлінген қаражат есебінен жобадағы 11 көшеге тас төсеу жұмыстары
жүргізілді. «КОПЭС» саяжайына баратын жол да бұл кент тұрғындары үшін аса мәселе болды. Бұл мәселе де шешім тауып, қалалық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жұмыс атқарылды.

• Жарық бағаналары қойылды

Жалпы кенттің 24 көшесіне барлығы 957 дана көше жарығы орнатылған. Облыс бюджеті есебінен 5 көшеге жарық бағаналарын орнату үшін қаржы сұратылып, 2019-2020 жылдары Тәуелсіздік,
Жанқожа батыр, Ә.Оразбаев көшелеріне жарық бағаналары орнатылса, қазіргі уақытта Ж.Махамбетов, Е.Жүнісбаев көшелерінде осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, кент әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару шоты есебінен 5 көшеге жарық бағаналары қойылды. Электр қуатымен қамтамасыз ету бағыты да
оң ретте шешім тауып келеді. Бүгінде Кенттің шет аймақтарындағы 4 көшеге жаңадан электр желілері жүргізілуде. Кентке қарасты Сабалақ
саяжайын электр желісімен қамтамасыз ету бағытында жетерлік қаржы қаралып, аталған аумаққа 6 трансформатор орнатылды және 17,6 шақырым жерге электр желісі тартылып, 488 дана электр бағаналары қойылды. Сондай-ақ, 2018 жылы Сабалақ өңірін ауыз сумен қамту мақсатында арнайы жоба әзірленіп, жобаның І
кезеңі аясында ұзындығы 17,0 шақырым болатын су құбыры жүргізілген болатын. Бүгінде жобаның өзге де жұмыстары кезеңімен жүзеге асуда.


• Әкімдік тарапынан тиісті шаралар ұйымдастырылды

Айта кетерлігі, сақтық шараларының сақталу негізінде аталмыш кентте түрлі бағыттағы жұмыстар жүзеге асуда. Халықтың саулығы үшін тиісті рейдтік жұмыстардан бөлек, салықтарды өндіру, тазалықты сақтай отыруға және өзге де бағыттар бойынша кент
әкімдігінің ұйымдастыруымен құзырлы органдар
және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірлескен шаралар орындалуда.

Қылмыстың болуы 42,4 пайызға төмендеген


Тасбөгет полиция бөлімі бастығының орынбасары Қ. Мұхтардың жедел-қызметтік жұмыстары туралы есебіне сәйкес, 2020 жылы Тасбөгет кенті мен Сабалақ саяжайы аймағында 91 қылмыс тіркелген.
Қоғамдық орындарда (31-ден 22-ге), көшелерде (13-тен 10-ға) және мас күйінде 3-тен 1-ге) жасалған қылмыстар азайды. Есепті мерзімде тіркелген қылмыстың басым бөлігін ұрлық қылмыстары құрағандықтан, профилактикалық жұмыстың негізгі бөлігі «Бөтен мүлік ұрлығына қарсы іс қимыл бағдарламасы» негізінде облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығына сәйкес, басқарма бастығы және қала әкімімен бекітілген жоспар бойынша атқарылды. Яғни, кент орталығымен қатар, елдімекендер және саяжайлар аумағына ай сайын тұрақты бақылау жүргізілген.
Сондай-ақ, қылмыстың алдын-алу мақсатында жыл көлемінде «Пәтер»-7, «Қару»- 2, «Аккумулятор»-1, «Велосипед»-1, «Мал ұрлығы»-6, «Броконьер» -1, «Қалта ұрысы» -1, «Металл»-1, «Айдап әкету»-1, «Сора»-1 профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылған. Учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдерден бірлескен мобильді топтар құрылып, мал ұрлығының алдын алу бағытында кешенді шаралар атқарылды. Нәтижесінде, жалпы қылмыстардың тіркелуі 42,4 пайызға төмендесе, бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі 61,7 пайызға, мал ұрлығы 88,9 пайызға, тонау 50,0 пайызға, бұзақылық қылмысы 42,9 пайызға және есірткі қылмысы 22,2 пайызға төмендеген. Тіркелген 20 ауыр қылмыстың 61,7 пайызын ұрлық қылмыстары құраған. Құқық бұзушылық профилактикасы жүйесінде негізгі буын учаскелік полиция инспекторлары болғандықтан, өткен жылы Сабалақ саяжайына учаскелік полиция пункті ашылып, қолданысқа берілген. Учаскелік полиция инспекторларын қоғамдық жерлерге, оның ішінде көп қабатты үйлердің аулалары мен
халық көп шоғырланған аймақтарға жаяу патрульдеу бағытына шығарылып, бұл тәжірибе оң нәтижелерін беруде.
Есепті мерзімде ішкі істер органдарында профилактикалық және тізімдік есепте тұрған 201 мекен-жайларын заңға сәйкес тексеріп, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар, жыл басынан барлығы 746 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, барлығына да шара көрілген. Оның ішінде, қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің 78 дерегі, тыныштықты бұзудың 20, азаматтық қаруды сақтау ережелерін бұзудың 10 дерегі анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Тасбөгет» кентінде айтылған ұсыныс-пікірлер:


Роза Кульманова «Тасбөгет» кентінің тұрғыны:

  • 176 мектепте кенттің бірнеше оқушылары оқиды. Менің немерелерім де сонда оқиды. Атасы екеуміз әркез апарып, әкелеміз. Көшеде машина қатты жылдамдықпен жүреді. Осыған орай
    жол белгілері қойылса деген ұсыныс бар. Бұл – біраз отбасыға тиесілі мәселе. Екінші мәселе – кент көшелеріне жаяу
    жүргіншілер жолы салынуы керек. Сосын қала көшелеріне камера қойылса деген де ұсыныс бар. «Жақсының жақсылғын айт,
    нұры тасысын» демекші, кент көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды да айта кеткен жөн болар. Өзім де кәсіпкермін.
    Әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар мен жағдай жасап келеді.

Семсер Сыздықов «Тасбөгет»
кентінің әкімі:

  • Бюджеттен ақша бөлінуіне сәйкес жол белгілерін орналастыру біздің басты назарда екенін жеткізе кетейін. Жаяу жүргіншілерге арналған жол Тасбөгет кенті үшін де аса маңызды. Мойындау керек. Алайда, қаржының басым бөлігі жол мәселесіне бағытталуда. Алдағы уақытта негізгі жолдарды бітірсек, кент ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды салуға кірісеміз. Мектепке қатынайтын жолдарға жаяу жүргіншілерге арналған жол салуға басымдық береміз. Біздің тарапымыздан камера орнатуға қажетті ұсыныстар жеткізілді. Кент бойынша 10 камера орнатылған. Заман талабына сәйкес, осы жылы бейнебақылау камераларымен толық қамтамасыз ету мәселесі де қамтылмақ.

Жағыппар Махамбетов «Тасбөгет»
кентінің тұрғыны:

  • Тасбөгетте спорт мектебі салынады деген жоспарды естіген болатынбыз. Спорт алаңдары жаңартылса, қуанар едік.
    Стадион да керек. Оны қоя берсек, бізге бірінші кезекте спорт мектебі салынса деген ұсыныс бар. Спортқа бейім жастар
    жеткілікті. Орын алып келіп жатқандары да бар. Қолайлы жағдай жасалуда.


Семсер Сыздықов «Тасбөгет» кентінің әкімі:

  • Тасбөгет кентінің 700-ден аса жастары спортпен шұғылдануда. Спорт мектебінің аумағы шағын болғанымен, жаңадан спорт нысанын салу мақсаты біздер үшін аса маңызды. Осы жылдың жоспарында тұр. Арнайы ақша бөлінсе, міндетті түрде салынады деп жоспарлануда. Ал, ойын алаңдарына келетін болсақ, 10-ға жуық ойын алаңы бар. Заман талабына сай, стритбол алаңы да салынды. Қалғандары бірнеше жыл өтіп, ескіріп қалды. Сейфуллин көшесіндегі ойын алаңы кәсіпкерлердің қолдауымен жаңартылмақ. Кенттегі ойын алаңдарының барлығын жөндеуден өткізсек деп отырмыз. Стадион салу көп қаражатты талап ететіні белгілі. Спортпен шұғылдануда бағыт сілтейтін инструкторлар да қызмет жасайтын болады.


Қоғамдық кеңестің төрағасы Ақылбек Арыстан:

  • Жаңа әкім жарты жыл ішінде жұмыс істесе де нәтижелі. Мәселен, бір ауданның бюджеті біздің кентке тиесілі болғаны
    үшін де қуануымыз керек. Ол ақшаны игеріп, тиісті жұмысты үйлестіру негізі кез-келгеннің қолынан келмесі де айқын. Сондықтан, жұмыстың нәтижесімен бөлісе келе, еңбекті бағалаған да жөн.
    Жаңа әкім мақтарлық деңгейде жұмыс істеуде. Ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес болып кездесіп, әртүрлі тірліктерді
    ақылдасып отырамыз. Нәтиже де бар. Семсер Сыздықовтың жұмысына әрқашан сәттілік тілейміз. Абыройлы болыңыз!
    Алайда, полиция бөлімінің басшысы жиі ауысады. Танысып үлгермей, артынша басқа адам орналасады. Мұны назарға алсаңыздар дейміз.


Семсер Сыздықов «Тасбөгет» кентінің әкімі:

  • Әртүрлі мәселелер бойынша полиция бөлімінің жұмысына қатысты шағымдар бар. Қылмыс саны азайғанымен нақты жұмыстың жасалуына қатысты тұрғындар түрлі пікірлерін жеткізуде. Тиісті жұмыстарды істеу үшін аталған бөлімге жоспарды жүйелеу керек екенін әркез айтылады. Алда осы салаға тиесілі жұмыстың орынды әрі жүйелі жүргізілуі үшін мамандардың жауапкершілігін арттыру тұрғысынан ұсыныстарды жеткіземін.


А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *