2021 ж. Сәуір 14

Тасбөгет «аласталды»

Наурыз айы басталып, қыс мезгілінің кетер шағындағы көрісу мейрамы ежелден  бері келе жатыр. Бұндағы ой, қақаған қыстан аман шығып, малдың басын азайтпай, төрт-көзіміз түгел болып көріскенге не жетсін дегенді білдірсе керек. Артынша алас күні болады. Түркі халықтары қиындықтан аман шығып, көктемге қадам басқалы жатқан шағында киелі шөп саналатын адыраспанмен ел-жұртын аластайтын болған.

Осындай мейрамның бірі Тасбөгет кентіндегі Майқанова мәдениет үйінде аталып өтті. Ел-жұрт жиналып, дастарханнан дәм татып, қазақи ән мен күйге қарық болып қайтты.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов арнайы атбасын бұрып, тасбөгеттіктерге жылы ниетін білдірді.

Алтыбақан тартылып, спорт қуған бір топ бала жиналып бір-бірімен арқан тартысып, қол күрестірді.

Расында, біз осы қақаған аязда, желтоқсанның 31-дегі жаңа жылды туғанымыздай қарсы аламыз. Салыстырмалы түрде қарасақ, мерекенің «көкесі» осы наурыз айында секілді. Қар еріп, күн жылынды дегеннен бастап мейрамның түр-түрі басталуда. Алдағы келмек әз наурыз да ырысымен, берекесімен келеді деген ойдамыз.

Д.АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған