2021 ж. Сәуір 14

«Тарихқа тағзым»

«Сыр –Алаштың анасы» деп аталатын киелі өңір – көне дәуірлерден бері жарқын өркениеттердің ошағы. Сыр өңірінің ежелгі және ортағасырлық тарихы Еуразия құрлығының, оның ішінде қазақ халқының тағылымды тарихының іргетасы болып саналады. Осындай өлкенің, яғни Қарақұм мен Қызылқұмның арасын жалғай орналасқан Қармақшы жерінің тарихы тым тереңде жатыр.

Қармақшы жері кейінгі ортағасырлық архитектуралық (мешіт, мұнара) ескерткіштерге бай. Қорқыт бабаның кесенесі орналасқан өлкедегі Сырлытам, Марал ишан, Қалқай ишан мавзолейлері – Сыр бойының сәулет өнерінің жарқын туындылары.

Сыр сүлейлері Ешнияз сал, Балқы базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Жиенбай жырау,Тұрмағамбет секілді дүлдүлдер үлкен жыраулық мектеп қалыптастырды. Батырлар, билер, ақын-жыраулар – бұлардың барлығы өңір тарихына есімдері алтын әріптермен жазылатын тау тұлғалары.

Оның бірі қасиетті мекеннің атағын әлемге асқақтатып, дүниенің түпкір-түпкірінен келушілерді өзіне еріксіз тартатын қос тұғыр бар. Ол Қорқыт ата кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағы. «Қасиетті» дейтін себебіміз – оның біріншісі рухани дүниенің сырына бойлатып, тұңғиығына тартса, екіншісі шетсіз-шексіз, ғажайып ғарыш әлеміне жол көрсетеді.

Қорқыт ата Күллі түркі әлеміне ортақ ойшыл, жырау қобызшы, өмірде артына әдеби музыкалық мол мұрасы қалған тарихи тұлға. Қорқыт бейнесі Шығыс Түркістанан бастап Кіші Азияға дейінгі аймақта таралған түркі халықтарының ауызша, жазбаша деректерінде ойып орын алады.

Қорқыт өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан. Ел жұртты аузына қаратқан абыз ата ғұмырының соңында бірлігі ыдырай бастаған жұртының алауыздығына күйініп, мәңгілік өмір сырын іздеп, дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Ақыр аяғында мәңгі өмір тек өнерде деген ойға келіп, қобыз аспабын шығарады. Сөйтіп Қорқыт ата ғұмырының соңында өлмеудің амалын өнерден табады. Өзінің артына өмірді мәңгілік ету идеясын қалдырады.

Сондай ақ, ақын, аудармашы, елі үшін еңбек еткен Сыр сүлейі Тұрмағанбет Ізтілеуов. Ол 1882 жылы Тұрмағанбет ауылының Кіші жүздің Кете руынан тараған. Алғаш Алдашбай ахуннан сауатын ашқан, кейін медреселерде оқуын жалғастырған. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген. Өзі медресе оқи жүріп Қарақалпақ елінде бала оқытқан екен. Сыр сүлейі жазбаша айтыстың дамуына өзіндік үлес қоса отырып, Сыр бойындағы жазба айтыс мектебін қалыптастырушылардың бірі болды.

Тарихты біліп, танымыңды арттырып, тамырыңды сезіну әрбірімізге азаматтық парыз! Ұрпақтар бабаларын танып-біліп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы

Елкенов Абзал Азилханович

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған