QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Талап арыздар саны ағымдағы жылы 13,4 пайызға артты

Автор:QAA.kz

Окт 20, 2021

Аталған мерзімде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына барлығы – 2396 (2020 жылдың 9 айы — 2074) талап арыз, 72 азаматтық іс (2020 жылдың 9 айы — 91) түскен, 405 азаматтық іс 2020 жылдан қалдық болып өткен.

Түскен талап арыздар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 322-ге немесе 13,4 пайызға артқан.

Барлығы 1948 азаматтық іс аяқталса, оның ішінде 1415-і бойынша (2020 жылдың 9 айы — 1004) шешімдер шығарылып, 185 (2020 жылдың 9 айы — 238) іс өндірістен тоқтатылған, 327 (2020 жылдың 9 айы — 279) азаматтық іс қараусыз қалдырылған.

Осы есепті кезеңде 185 іс өндірістен тоқтатылса, оның ішінде бітімгершілік келісіммен – 21, медиация тәртібімен – 94, партисипативпен — 1 (2020 жылдың 9 айында бітімгершілікпен – 19, медиациямен – 58) іс аяқталған, осы азаматтық істер бойынша тараптардың медиацияға келіп татуласуына байланысты 25 489 872 теңге (2020 жылы – 23 565 398 теңге) мемлекеттік баж сомалары мемлекеттік бюджеттен талапкерлерге қайтарылған.

Есепті мерзімде сотқа түскен талап арыздарды санаттары бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырмалы түрде талдап өтсек, төмендегідей жағдайда жекелеген санаттағы арыздардың саны азайса, кейбір санаттар бойынша көбейген.

Атап көрсеткенде: (былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстарғанда)

Мемлекеттік сатып алу заңнамасына қатысты даулар (2020 ж. – 872, 2021 ж. — 973) – 11 % пайызға;

Бюджет заңнамасына қатысты даулар – (2020 ж. – 14, 2021 ж. – 139) – 90 % пайызға;

Жер қатынастарынан туындайтын даулар – (2020 ж. – 45, 2021 ж. – 61) — 27 % пайызға;

Корпоративтік даулар – (2020 ж. – 29, 2021 ж. – 45) — 35 % пайызға көбейген;

Жекелеген санаттағы талап арыздардың көбею себептеріне тоқталсақ, өткен жылы мемлекеттік сатып алуға байланысты туындайтын даулардың азайған себебі өткен жылы Үкімет қаулысымен Төтенше жағдай кезінде өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыппұл өндіру туралы талаппен сотқа жүгінуге тыйым салынған. Сәйкесінше ағымдағы жылы бұл санаттағы талап арыздар саны артты. Сонымен бірге мұндай талаптардың көбеюінің тағы бір себебі – жауапкер өнім берушілердің айтуынша, карантиндік шаралар әлі де әсерін тигізіп, тауарлар Қытай, Ресей елдерінен кешіктіріліп жеткізілуде.

Бюджет заңнамасына қатысты талап арыздардың көбею себебі – прокуратура органдарының тексеруімен бірнеше мердігер құрылыс компаниялары шарт бойынша жұмыстар жаз және күз айларында орындалғанымен, орындалған жұмыстарды қабылдау актілерінде қыс уақытында жұмсалатын қосымша шығындар артық көрсетілгені, автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарына қолданыстағы заңнамаға қайшы жобалық-сметалық құжаттар дайындатып, сәйкесінше авторлық қадағалауға негізсіз бюджет қаржысын жұмсағаны анықталып, осы сомаларды бюджетке қайтару туралы талаптары орындалмағандықтан, тапсырыс берушілер прокуратураның ұсынысымен сотқа талап қоюмен жүгінуде.

Сондай-ақ, бірқатар жеке кәсіпкерлер де бюджеттен қайтарымсыз гранттар алып, мақсаты бойынша пайдаланбағандықтан, грантты беруді ұйымдастырған мемлекеттік мекемелер ол қаражатты бюджетке қайтару туралы сотқа талап арыздармен жүгінген.

Ал, сотқа түсетін талап арыздарды азайту мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен және Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік ірістер департаментімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, атап айтқанда «заңды тұлғаларды мәжбүрлеп тарату» туралы талап қою арыздарды жәбірленушілерді топтастырып беруге болатыны айтылып, нәтижесінде сотқа 300-ден аса берілетін талап арыз саны азайтылып барлығы 42 талап арыз тіркелді.

Сот жүйесіне заманауи технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы сот өндірісін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей байланысын азайту жолымен сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендетуге септігін тигізеді және еліміздің тұрғындары үшін сот жүйесінің ашық әрі қолжетімді болуына барынша мүмкіндік туғызады, атап айтсақ электрондық сот істеріне ауысу, «Сот кабинеті» сервистерін пайдалану, «WhatsApp» мобильдік қосымшасын қолдану арқылы сотқа келместен сот отырысына қатысу мүмкіншіліктері қамтамасыз етілген.

Осы бағытта Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты да өз жұмысын тиімді жүзеге асыруда. «WhatsApp» мобильдік қосымшасын қолдану арқылы 1751 азаматтық іс қаралып, өткен жылы бүкіләлемдік пандемияға қатысты төтенше жағдай жарияланғаннан бері карантиндік шаралар жалғасуына байланысты бүгінгі күнге де барлық істер «WhatsApp» мобильдік қосымшасын қолдану арқылы қаралуда.

Осы есептік мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында судьялар мен сот қызметкерлерінің 32 мақалалары жарияланып, 2 пресс-конференция, 6 брифинг, 9 семинар, дөңгелек үстелдер өткізілгенін атап өтті.

Баспасөз конференциясын қорытындылай келе сот төрағасы алдағы уақытта да сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот жүйесін нығайтуға барлық шаралар қолданылатынын атап, баспасөз өкілдерінің туындаған сұрақтарына жауап бере отырып, алғысын білдірді.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *