QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Тәжді вирусқа төтеп берген «Жол картасы»

Автор:QAA.kz

Фев 16, 2021

Қаладағы атқарылған жұмыстарды тәжді вирус тоқтата алмады. Ел-жұрттың серуендер жерлері көбейіп, көне саябақтар жаңғырды. Соның бірі «Темір жол» саябағы. Бүгінгі күнге дейін Ленин ата бастарының қоймасы болып келген саябақ жаңаша сайрап, ескінің үні жаңаның әуенімен қосылып, жақсы бір сағыныштарды еске алатын мекенге айналды. Қазірдің өзінде көненің жұрты пір тұтқан Лениннің мүсіндері мен коммунизмнің иісін сездірер көне ескерткіштер сақталған. Ең жақсысы, шахмат ойнайтын алаңға да жер бөлініп, тұрғындардың ой жарыстыратын жері болғалы тұр.

Ойын алаңдары да, жаттығу жасар саймандар да орнатылып, қалалықтардың алаңсыз серуендер орнына айналды. Жалпы қаланың әр аймағына саябақтар салынып, жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда.

Орталық алаң мен Арбаттың бойы, Батырхан Шөкенов атындағы саябақ орталық аумақ халқының игілігіне жарап тұр. Жаңа мешіттің маңайы, Бахадүр ескерткішінің маңына Тасбөгетке дейінгі аумақта тұратын тұрғындар көптеп келеді. Ал дарияның бойындағылар Тәуелсіздік даңғылының бойында шынығуда. Айта берсең көп. Әрине, бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болды.

Сондай-ақ, Ғани Мұратбаев атындағы стадионның алды көмкеріліп, Алматыда жасалған  жаңа брөсшәткелер төселіп, қайта жасақталуда. Біздің «таседендердің» соры шығып, тез үгітілетін көрінеді. Бұл жаққа 50 жарық шам орнатылып, тынығатын орындықтар да қарастырылмақ.

Айтпақшы, орындықтардың барлығы Қызылордада құрастырылуда. Сүйкенері де бар, қол тірері де бар, креслодан айырмашылығы жоқтай. Оның үстіне біраз орындықтарға латынша «Qyzylorda» логотипі ойылып жазылған. Бұл қарқынмен жақын арада ірі қалалармен иық теңестірер күнге де жетеміз.

Ал Жахаев көшесінің бойы ел аузында Арбат аталып кеткен. Кезінде орталық көшелердің бірі болған төте жолдың бойы бүгінде серуен құрар жерге айналуда. Алғашқыда асфальт көше болып, кейіннен брөсшәткелер төселіп, су жаңа орындықтар орналасты. Сондай-ақ, Жахаев көшесінің бойында  «Nur Otan» партиясының қалалық филиалының ғимараты салынған.

Қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжановтың айтуынша ғимараттың салынуына жергілікті кәсіпкерлер атсалысқан. Заман талабына сай ғимараттың сырт келбетінде жарқыраған әйнек, «скелетон» түріне ұқсас дизайн Арбаттың бойына көрік беріп тұр.

-Арбаттың бойына төселген брөсшәткелер өте мықты. Кей жерлерде осы төселген бойда жылжып, арасы ашылып кетеді. Ал Арбаттың бойында бұлай болмайды. Себебі, брөсшәтке  асфальттың үстіне төселуде, ̶ дейді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

Ендігі жоспарда осы Арбаттың бойына әуенді дыбыс ұлғайтқыштар орнатылмақ. Орталық алаңнан бастап, Достық үйіне дейінгі аумақта әсем ән мен тәтті күй тыңдап барар күн алыс емес.

Бізге белгілі орталықтағы субұрқақтың да маңында дыбыс ұлғайтқыштар жайғасып, өз заманының танымал әуендерін ойнататын. Бұл дәстүр Арбаттың бойында да жалғасын таппақ. Сонымен қатар, қала тұрғындары Әйтеке би көшесін Арбат қылып жіберуге деген өз ойларын айтуда. Қазіргі күні бұл көшемен көліктің түр-түрі ызғып жүр. Ал Арбат идеясы орынды болғанымен өте қолайсыз жағдай туғызуы мүмкін. Бізге мәлім бұл көшенің бойында маңызды мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар жетерлік. Сондықтан, Әйтеке би көшесіне кең жаяулар жолы ғана төселмек.

Бұдан былай Жахаев көшесінің бойындағы Арбатқа үш субұрқақ орналасып, қаламыздың жұрт серуендейтін жеріне айналмақ.

Мәселен, бұған дейін жөндеуден өткен «Сыр ана» монументі маңайына субұрқақ орналасқан. Ел аузында Алматы шаһарын «субұрқақ қаласы»  деп атаса, көп ұзамай Қызылорданың да сол деңгейге жетуі әбден мүмкін. Себебі, өткен жылы субұрқақтар қаламызда көптеп салынды. Оның ішінде «Дәрігерлер аллеясы», Назарбаев даңғылы бойындағы жер асты субұрқақтары және басқасы. Алдағы уақытта бетпердемізді шешіп, аурудан құтылсақ серуендейтін жерлер жеткілікті болғалы тұр.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *